ЖАСТАР ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ!

Нашақорлық – қоғамдағы індет. Есірткінің адам өмірін жалмап, тағдырын тас-талқан ететін қасірет екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, оған қарсы күрес жүргізу – баршамыздың міндетіміз. Осы орайда, халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасының орынбасары, өңірлік жастар ұйымының жетекшісі Хамида Тұрдыеваның бастамасымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері қатысып, тақырып туралы ойларын ортаға салып, пікір алмасты. «Есірткісіз болашақққа» деген ұранмен бастау алған кездесуде жастар ғаламды жайлаған зиянды әдеттен жастарды барынша ада болуға шақырды.

–Жаңа дәуірге қадам басқан жастарды жаман әдеттен арылту сіз бен біз болып жұмыла атқаратын жұмыс. Есірткіге есі кетіп, еліткен жас буын өзінің болашағына балта шапқанмен бірдей. Егемен еліміздің ертеңі жастарды жаман әдеттен аулақ болуға үндеп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырайық, – дейді облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі Азиза Исманова.

Шара соңында өзге де жастар салауатты өмірге кері ықпалын тигізетін әдеттен арылту үшін нашақорлыққа қарсы әлеуметтік иммунитет қалыптастыру керек екенін атап өтті.