Жамбыл облысында маусым- шілде айларында жасалған қайырымдылық ақпараты

Пандемия кезінде қайырымды жандар көбейді

Соңғы 7 айдан бері әлемді әлекке салған коронавирустық инфекциямен күрес Жамбыл облысында өз деңгейінде жолға қойылған. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер де жұдырықша жұмылып, өз қаражатына өкпені жасанды желдету, оттегі концентраторы сияқты құрылғыларды сатып алып, ауруханаларға тарту етіп отыр.

Жамбылдық ірі кәсіпкерлер қазірдің өзінде жергілікті денсаулық сақтау қызметіне қаржы жинап, арнайы өкпеге ауа беру, концентратор аппараттарын, қажетті дәрі-дәрмектер сатып алып, облыстың ауруханаларына таратуда. Олардың ішінде, Қазақстанның Еңбек Ері және Жамбыл облысы ҚХА мүшесі, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров 38 млн теңгеге облыстық инфекциялық ауруханаға 10 ИВЛ аппаратын сатып алып берді.

Сонымен қатар, Жамбыл облысының Қазақстан халқы ассамблеясы «Радонеж» орыс мәдени орталығының мүшесіМихаил Платов облысқа қарасты барлық аудан емханаларына оттегі толтырылған баллондарды, дәрі-дәрмек өнімдерін тасып көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда игі іске облыс аймағындағы барлық еріктілер жұмылдырылды. Ал Жамбыл облысы ҚХА Шу аудандық күрділер этномәдени бірлестігітұрмысы төмен отбасыға асарлатып үй тұрғызуға 300 мың теңге көлемінде демеушілік етті.

Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Муминов Бахром Тараз қаласының көпсалалы клиникалық ауруханасының жан сақтау және пульмонология бөліміндеадам жанына араша болып жатқан дәрігерлерді 200 000 теңге көлемінде ыстық тамақпен қамтамасыз етті.

Ел басына күн туса, етігімен су кешетін азаматтардың бірі «Golden Compass Jambyl» ЖШС директоры Изалов Курбан Закиржанович Т.Рысқұлов және Меркі аудандарының ауруханаларына бір-бір данадан құны 12 миллион теңге тұратын өкпені жасанды желдету аппаратын сыйға тартты.

Жамбыл облысы ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері аз қамтылған 7 отбасыға 100 000 теңгеге 50 келі салмақта ет таратып, карантин кезінде баспанасыз қалған жалғызбасты ананы 500 000 теңге көлемінде тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етті.

Қысқасы әлемдік пандемияның салдарын жоюда Жамбыл облысы ҚХА мүшелері мен белсенділері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет етуде. Белсенділерді бір мақсатқа жұмылдырған бұл жұмыстың нәтижесі аймақтағы коронавирустық  инфекцияның кең таралауына жол бермеу және оның салдарын жою болып отыр.