ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «БІР ЕЛ» ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТУДЕ

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бір ел» тарихи-танымдық жобасы аясында киелі Әулиеата топырағында «Тарих – жастар көзімен» атты республикалық жастар форумы ұйымдастырылуда.

Бүгін Тараздағы Достық үйінде ауқымды шараның ашылу салтанаты өтті. Жиын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулати» жастары театрының «Қарахан-Айша бибі» қойылымымен бастау алды.

Аймақтық шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Ұлана Сламбекқызы жобаның жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге зор септігін тигізетінін атап өтті.

–Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде тұратын этностарды біртұтастыққа топтастыру мен мәдениетаралық диалогты дамытуды мұрат еткен «Бір ел» жастар жобасы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Елге, Отанға деген сүйіспеншілік төл тарихымызды тереңнен танудан басталады. Жалпы, бұл жобаның жастарға берері мол. Іс-шара аясында өтетін пленарлық отырыстар, пікірталастар, интеллектуалды ойындар еліміздің әр өңірінен келген жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, патриоттық рухтарын нығайтуға зор үлес қосады деп сенемін, – деді.

Салтанатты жиында дәстүрлі шара қатысушыларына «Қазақстан ұйғыр жастары одағы» РҚБ төрағасы, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының кеңесшісі Рустам Қайриев, Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан және облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырзағали сәттілік тілеп, бірлікке үндеген жобаның маңызын айтты.

Айта кетейік, аталған шараға еліміздің барлық өңірінен 60-қа жуық жас қатысуда.

Алғашқы күні облыс орталығына табан тіреген форум қатысушылары Достық үйін аралап, өңірде тұратын этностардың тыныс-тіршілігінен хабар алды.

Жастарға облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева толыққанды ақпарат берді.

Үш күнге жоспарланған форум аясында Меркі ауданындағы Тұран демалыс аймағында арнайы шақырылған танымал тұлғалар мен сарапшылар қатысушы жастарға рухани және ұлттық құндылықтар мен тарихи-мәдени мұра, этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында дәріс өткізетін болады.

Сондай-ақ, жоба аясында жастардың қатысуымен Жамбыл облысының тарихи орындарына көшпелі экспедициялар ұйымдастырылады.