Жыл сайын елімізде 12-қаңтарда Қазақстан тарихына ірі мемлекет және саяси қайраткер

Жыл сайын елімізде 12-қаңтарда Қазақстан тарихына ірі мемлекет және саяси қайраткер, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Кеңес өкіметінің саяси комитетінің КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері және Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі ретінде енген Дінмұхамед Қонаевтың туған күні атап өтіледі. Атқарған лауазымдарында бұл кісі республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан адам.

Осыған орай, бүгін, Тараз қаласында жылдағы дәстүр бойынша Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және тағы басқалар қатысты. Көрнекті тұлғаға Құрмет көрсетуге келгендердің қатарында Облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы, «Қоғамдық келісім» мекемесі қызметкерлері, сондай-ақ, ҚХА мүшелері мен Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері де болды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!

2023 жылдың 12-қаңтарында бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметі үшін облыстық «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Давришев Махмұтжон Мираддинович Д.А.Қонаев

Халықаралық қорының «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа 110 жыл» мерейтойлық орденімен марапатталды.

Ерекше атап өтейік, бұл марапат Қор президенті Эльдар Асқарұлы Қонаевтан М.Давришевке Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде табысталды.

Құрметті Махмұтжон Мираддинович!

Сізді шын жүректен лайықты марапатыңызбен құттықтаймыз! Дінмұхамед Ахметұлы қазақ халқының тарихында орасан зор орын алады және осындай атаулы марапатқа ие болу сіз үшін үлкен мәртебе.

Сізге денсаулық, амандық, сарқылмас күш-қуат, бейбітшілік, бірлік, келісімді дамыту жолында ұзақ мерзімді табысты қызмет ете беруіңізге тілектеспіз!

Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» КММ

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ТАПТЫРМАС ҚАСИЕТ

Адам өміріндегі игі істің бірі – мұқтаж жандарға көмек көрсету. Осы тұрғыда этносаралық қатынасты нығайту, бейбітшілік пен келісім жобасын іске асыру және өскелең ұрпаққа үлгі көрсету мақсатында Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА меценаты Аббосов Жалил Азимович ағымдағы жылдың қаңтар айында Тараз қаласында орналасқан ерекше балаларға арналған арнайы мектептің тәрбиеленушілеріне тәттілер, ойыншықтар сыйға тартты.

Аталмыш іс-шараның ең басты мақсаты- арнайы мектепте тәрбиеленіп отырған ерекше балалардың қажеттіліктерін өтеу.

Атап айтқанда, атаулы мекемеге балалардың денсаулығын жақсартуға қажетті тұрмыстық техникалар табысталды. Алдағы уақытта да мұндай қайырымды істер өз жалғасын табады.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Әрбір қайырымдылық игі іс біреуді бақытты етсе, бір адамдардың жүрегіне үміт пен сенім нұрын ұялатады

Әрбір қайырымдылық игі іс біреуді бақытты етсе, бір адамдардың жүрегіне үміт пен сенім нұрын ұялатады. Жаңа жылдық мереке маусымында Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қайырымдылық шараларын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік жағдайы қиын жандарға сыйлықтар беріп, қуаныш сыйлайды.

Осыған қатысты 2023 жылдың 8-қаңтарында Тараз қаласының Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының “Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектебінде” жаңа жылдық қайырымдылық акциясы өткізілді.

Бұл іс-шараның мақсаты-мұқтаж балаларға көмек және қолдау көрсету.

Аталған тәрбиеленушілерге «Қарашай және балқар – Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Архыз» Жамбыл облысы филиалының өкілдері жаңа жылдық жылы лебіздерін білдіріп, сонымен қатар оқушыларға 20-дан астам тәтті-дәмді сыйлықтар берді.

 

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

ТІЛЕУІ ЖАҚСЫ РОЖДЕСТВО

Бүгін, 2023 жылдың 8-қаңтарында Тараз қаласының «Баласағұн» Орталық концерттік залында көрермендерді нағыз сиқырлы қысқы ертегіге баурап алған дәстүрлі мерекелік рождестволық концерт өтті.

Ауқымды іс-шараны бірлестіктің төрағасы Владимир Сорокиннің жетекшілігімен Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы ұйымдастырды.

Айта кету керек, биыл бұл қоғамдық бірлестік 30 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Көздің жауын алатын қызылды-жасылды, түрлі-түсті ұлттық жарасымды көйлектерін киген орыстың қыз-келіншектері қызықты әндері, түрлі қойылымдарымен о бастан сахнаның сәнін келтіріп жіберді.

Дәстүр бойынша, іс-шараның басында «Құдай Анасының жамылғысы» шіркеуінің ғибадатханашысы Димитрий әке жиылған жұртты христиан мерекесімен құттықтап, қанағат, бірлік туралы уағызын айтып, сөз сөйледі.

Бұдан соң, көрермендерді Жамбыл облыстық орыс драма театрының үздік вокалистері мен бишілері, әртістері өз көз тұндырар тамаша өнерлерімен қуантты.

Сахнада өнер көрсетушілер арасында «Днепро» этномәдени бірлестігі сияқты т.б.көптеген қоғамдық бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен әртістері, сондай-ақ, халық шығармашылығымен айналысатын Қордай аудандық «Соседушки» фольклорлық ұжымы, «Наигрыш» орыс халық аспаптар оркестрі, қалалық орыс, украиндердің «Калинка», «Маричка» вокалдық топтары, «Веснушки» қасықшылар ансамбльдері өнер көрсетті.

Концерттік бағдарламада С.Рахманинов, И.Дунаевский сияқты композиторлардың шығармалары Виктор Зориннің (фортепиано), Санжар Серікбайдың (гитара) аспаптық орындауларында көрерменнің көзайымына айналды.

Мерекелік кештің сән-салтанаты ерекше қойылымдар және өңірлік «Юг» әскери үрмелі оркестрінің дирижеры Нұрсұлтан Смағұловтың сүйемелдеуімен орындалған «Марш», «Славянканың қоштасуы» композициялары, Полина Воротникова, Александр Загребельнийдің поэтикалық шығармаларды оқуларымен толықтырылды.

Сонымен қатар, вокалистер Лилия Новичкова, Бахром Муминов, Диас Әбілеков және Уәлихан Сағынханов, Елена Шинкаренко,  «Красная гвоздика» ардагерлер хоры, сондай-ақ, «Жас дәурен» үлгілі хореографиялық ансамблі және басқалар көрермендерді өз концерттік нөмірлерімен жалғастырды.

Көңілді кештің қатысушыларын осы тұспа-тұс келген атаулы даталар – 30 жылдық мерейтой және Рождество қос мерекесімен кеш қонақтары құттықтады.

Кешке арнайы келген өңірлік ҚХА атынан «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы орыс қауымдастығына құттықтау сөздерін арнап, «Орыс самаурынын» сыйлады. Құттықтаушылар қатарына облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магомадов, орыс қауымдастығының бұрынғы басшысы Светлана Чаутина да қосылып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Кештің соңғы аккорды Диляра Сорокинаның «Рождество түні» әнін орындауымен аяқталды. Концерттік залға лық толған халық үйлеріне жақсы әсер, көтеріңкі көңіл-күй, әрі ризашылықпен тарқасты.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҒАЖАЙЫПТАР ЖАЛҒАСУДА

Жаңа жыл уақыты жарқын оқиғаларға толы мезгіл. Осыған сәйкес айналадағы түрлі-түсті шамдармен безендірілген шыршалар да оған сән беріп ғажайып шақты толықтырып тұр. Мұндай уақытта барлық адамзатты бақытты қалыптарында көргің келеді, әсіресе, балақайлардың балбұл жайнаған жүздерінен ерекше қуаныш көру – зор ғанибет. Бәлкім, сондықтан да болар, жаңа жылдық қайырымдылық іс-шараларын өткізу де Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктері үшін игілікті дәстүрге айналған.

Мәселен, 2023 жылғы 5-желтоқсанда Тараз қаласында, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне арналып, «Grand Royal» мейрамханасында дәстүрлі жаңа жылдық қайырымдылық мерекесі өтті.

Оны Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы ҚБ ұйымдастырды.

Іс-шараға 80-нен астам кішкентай қатысушылар шақырылып, балалар уақыттарының бір бөлігін көтеріңкі жаңажылдық көңіл-күйде өткізуге арнады. Аталған мейрамханада жас қонақтар үшін Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен жарқын және қызықты ойындарға бай бағдарлама дайындалды. Бұған қоса, оларға ертегілерден көз тартар қызықты қойылымдар ұсынылып, сиқыр мен ертегі сияқты таңғажайып көңілді әлемге еніп, әр бала бір сәтке өздерін сол әлемнің кейіпкері сезінуіне мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, мерекеге келгендер би билеп, ән айтып, өлең оқыды. Мерекелік іс-шара мол дастарханға ұласты. Іс-шараға қатысушылар дәмді тағамдар мен тәттілерге, жемістерге қарқ болды.

Іс-шара соңында балаларға жаңа жылдық сыйлықтар таратылды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ТАРАЗДА «ТАТУЛЫҚ ЖӘНЕ КЕЛІСІМ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Жуырда Жамбыл облысы әкімінің грантына өңіріміздің этномәдени бірлестіктері арасындағы «Татулық және келісім» байқауының қорытындысы шығарылған болатын. Конкурстық комиссияның жұмысы барысында, оның мүшелерімен өңірлік қоғамдық этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарының есебі туралы қаралды. Нәтижесінде, конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, оларды марапаттау рәсімі осы жылдың 29-желтоқсанында Тараз қаласының «Қоғамдық келісім» мекемесінде өтті.

Ұйымдастырушылар – Қазақстан халқы Ассамблеясы, “Қоғамдық келісім” КММ.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, этномәдени бірлестіктердің, өңіріміздің ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынның шымылдығы өңірлік Ассамблеяның 2022-жыл бойына атқарған жұмыстарын бейнелейтін бейнероликпен ашылды.

Алғы сөз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевқа берілді: -«Біздің бірлігіміздің мызғымас негізі – тарихтың ортақтығы, мемлекеттік тіл, Қазақстан азаматтығы, тәуелсіздік пен егемендік, тарихи өзек – Қазақ халқының төңірегіне шоғырлану. Бұлар ешқашан мағынасын жоғалтпайтын құндылықтар. Алайда, бұған дамудың және мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде демократиясы жетілген мықты азаматтық қоғамның біріктіруші факторы айтарлықтай қосылады»,- дей келе, -«Этномәдени бірлестік өкілдері мен төрағаларын бүгінгі жүлделерімен, және баршаларыңызды келе жатқан 2023 Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Азат аспанымыз әрқашан ашық, халқымыздың әл-ауқаты мықты, әр отбасы үшін келіп кірер жыл ырыс пен толайым табысқа толы жыл болсын!» – деп, қатысушыларға құттықтау сөзін арнады

Сондай-ақ, салтанатты шарада Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев пен Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Жалил Аббосов та аймақтық ассамблея мүшелеріне жылы лебіздерін білдірді.

Міне, шараның ең шарықтау шегі – марапаттау рәсіміне де кезек келді! Сахнаға байқау көшбасшылары бірінші болып шақырылды. Бірінші орындар мен тиесілі сертификаттарға «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы, «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығы, Немістер қоғамы, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі, «Радонеж» Орыс қауымдастығы, «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталықтары ие болды.

Екінші орынға «Барбанг» күрділер қауымдастығы, «Архыз» қарашай-балқар қоғамдық бірлестігі, облыстық және қалалық Өзбек этномәдени мәдени орталықтары, Тәжік этномәдени бірлестіктері иеленді.

Үшінші орын иегерлері ретінде «Манас Ата» Қырғыздар, «Шиват Цион» Еврейлер, «Хазар» Әзірбайжандар, «Днепро» украин этномәдени орталықтарына да құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар, бірқатар этномәдени бірлестіктер ынталандыру сертификаттарымен марапатталды. Олардың қатарында «Вайнах» шешен-ингуш, «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті орталығы» ҚБ, Қытай этномәдени, «Айнұры» Татар-башқұрт мәдени орталықтары, Гректер қоғамы бар.

Осыған қоса, ҚХА құрылымдарының жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Белсенді атқарылған жұмыстары үшін облыстық ҚХА Аналар кеңесі және «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіне арнайы сертификаттар табысталды.

Ендігі кезекте облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» мекемесімен этномәдени бірлестіктермен қоса, өңірлік ассамблеяның медиация, журналистер клубы сияқты құрылымдарының да белсенділері атап өтіліп, марапатталды. Бұл марапаталушылар қатарына «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасының орынбасары – Ибрагим Зуфаров, «Вынхуа» дүнгендер бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Идрис Юнусов, Жамбыл аудандық «Барбанг» күрділер қауымдастығының мүшесі, біріккен қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары – Сабри Асанов, Байзақ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы – Қыдырәлі Оралов, жеке кәсіпкер – Латиф Айдаров, «ҚХА халық шығармашылығы шеберлері» клубының өкілдері – Сталина Хе мен Наталья Мешкова, Тәжік этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы – Гүлхумор Давлатова, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы төрағасының орынбасары – Нұрислам Кенжебеков, Жамбыл облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы – Бигелді Тәжібаев, ҚХА Медиаторлар кеңесінің төрағасы – Ирина Федорова, облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі, журналист – Марат Құлыбаев және облыстық «Знамя Труда» газетінің фототілшісі – Юрий Ким кірді.

Ішкі саясат басқармасына қарасты аймақтық Ассамблеяның бағалау, мадақтау құрметінен өзге де этномәдени бірлестіктердің басшылары, «Бейбітшілік пен келісім» спорттық эстафетасының қатысушылары, «Бүгінгі заман ертегісі» республикалық байқауының жүлдегерлері, шығармашылық ұжымдардың жетекшілері қалыс қалмады. Олардың барлығына бағалы сыйлықтар табысталды.

Ерекше атап өтейік, қатысушылар арасында Мемлекеттік марапатқа ие болғандар да болды. Мәселен, «Жомарт жан» ҚХА төсбелгісімен облысымыздың меценаты, Жуалы аудандық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Лечи Оздамиров, облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының өкілі, жоғары санатты дәрігер – Тимур Аширов, облыстық Немістер қоғамының өкілі – Дарья Барсукова марапатталды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың «Алғыс хатымен» Тараз қалалық Өзбек мәдени орталығы және облыстық «Радонеж» орыстар қауымдастығының басшылары – Абдырахман Зайнутдинов пен Владимир Сорокин марапатталды.

Кеш соңында жиналған қауымға Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетті. Салтанатты жиын естелік фотосессиямен аяқталды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

2022 жылғы «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ» жобасы өз мәресіне жетті

2022 жылғы «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ» жобасы өз мәресіне жетті

Үстіміздегі жылдың желтоқсанында «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру мақсатында Жамбыл облысы Тараз қаласының орта оқу орындарында бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Атап айтсақ, №22, № 61, №55, №50 №19-мектептерінде жергілікті билік, мемлекеттік органдар, құқық қорғау жүйесі өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды.

Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева және осы мекеме қызметкерлері қатысты.

Іс-шараларға келгендердің өзекті сұрақтар қоюға және оларға сындарлы жауаптар алуға мүмкіндігі болды.

«Қоғамдық келісім» Баспасөз қызметі орталығы

«Қоғамдық келісім»

Осы жылдың 27-желтоқсанында «Қоғамдық келісім» мекемесінде Тараз қаласы прокурорының орынбасары Асқар Дастан, Жамбыл облысы ҚХА төрағасының Қоғамдық орынбасары Жалил Аббосовтың қатысуымен этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен мүшелерінің кездесуі өтті.

Іс-шара бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру мақсатында өткізілді.

Кездесу барысында елімізде болып жатқан түрлі өзгерістерге қатысты прокуратура мен этномәдени бірлестіктердің ондағы маңызды рөлі туралы айтылды. Қатысушылар тарапынан адам құқықтарының бұзылуына қатысты, мәселен, адам саудасы және жұмыс берушілердің қызметкерлерінің құқықтарын сақтамауы тәрізді жосықсыз заңбұзушылықтары жөнінде өзекті сұрақтар қойылып, талқыға түсті.

Іс-шара соңында қатысушылар өз сауалдарына берілген толық жауаптар мен пайдалы, әрі маңызды ақпараты үшін қадағалау және бақылау органының өкіліне зор алғыстарын білдірді.

«Қоғамдық келісім» баспасөз орталығы

ТАРАЗДА ДОСТЫҚ ПЕН БІРЛІККЕ БАҒЫТТАЛҒАН СПАРТАКИАДА ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 28-желтоқсанында Тараз қаласының Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында мекемелер арасында «Бейбітшілік және келісім» дәстүрлі спорттық эстафетасы өткізілді.

Атаулы іс-шараға «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен өңірлік ассамблея этномәдени бірлестік өкілдері мен «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелерінен тұратын екі құрама команда да қатысты.

«Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру мақсатында өткізілген сайысқа саралап айтқанда, бұл жолы «Радонеж» орыс қауымдастығы, Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер, «Ахыска» түріктер этномәдени орталығы» ҚБ, Қазақстан Республикасы күрдтерінің Жамбыл облысындағы «Барбанг» күрділер қауымдастығы» ҚБ, және «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің, сондай-ақ, М.Қашқари атындағы ұйғырлар, «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестіктері, облыстық немістер қоғамы, «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы мүшелері жеңіс үшін таласты.

Қатысушылар эстафеталық таяқшаларды қиғаш айналып доптарды алып жүру, бір орыннан ұзындыққа адымдап секіру, доптарды себетке дәлдеп лақтыру сияқты жарыстардан біраз қиындықтарға тап болса да, керісінше, «командалық пойыз» және «арқан тарту»  ойындары олар үшін өте қызықты болды. Спорттың бұл түрлі сайыстарында жеңіске жету үшін әрекеттер тізбегі, ерекше реакция жылдамдығы қажет болды. Бірақ қатысушылар дартсқа қатысып, өздерінің дәлдік қабілеттерін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде мен кубок «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының командасына бұйырды. Тұғырдың екінші сатысында – «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің өкілдері тұрды. Ал «Ахыска» түрік этномәдени орталығының спорттық командасы шараның жүлделі үштігін иемденді.

Салтанатты шараның сәнін ең әдемі, қорытынды марапаттау рәсімі келтірді. Қуанышты рәсімді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Қасымқызы жүргізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бірқатар төсбелгілер мен кубоктар, сондай-ақ, Тараз қаласы әкімдігінің дипломдары табысталды.

 «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы