«Этно-Party»

Жас ұрпақты жалпыұлттық бірлік пен халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баулу,мәдениетаралық,шығармашылық диалогты дамытудың жаңа формаларына бастамашылық жасау мақсатында «Этно-Party» жобасы аясында байқау жарияланған болатын. Бұл байқаудың ерекшелігі этнос өкілдері жеребе арқылы өздеріне түскен этнос өкілінің ұлттық киімін киіп,тағамын даярлап,этникалық топқа байланысты музыкалық нөмірді орындайды.

Осыған орай Жамбыл облыстық «Ассамблея жастары» республикалық-қоғамдық бірлестігінің жастары қаңтар айының 27 жұлдызында «Қоғамдық келісім» КММ-де «Этно-Party» өткізді.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

БІР МИНУТ ҮНСІЗДІК….

Тарихта аты өшпейтін,санада қала беретін түрлі қылмыстар бар. Олардың ішінде 20 ғасырдың ең әйгілі трагедияларының біріне айналған «Холокост» ерекше орын алады. Өлім лагерлері саналатын – Освенцим, Треблинка, Майданек, Саласпилс көптеген адамдарды қасақана, жаппай өлтірумен байланысты. Оны ұмыту мүмкін емес, әрқашан есте сақтаулы …

Жыл сайын 27 қаңтарда әлемде қаралы күн саналатын – Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні атап өтіледі.Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 2005 жылы 1 қарашада бекіткен (№ 60/7 қарар). Құжатты қабылдауға 90-нан астам мемлекет бастамашы болды. Бұл есте қаларлық күн кездейсоқ белгіленбеген. Дәл осы күні 1945 жылы Кеңес әскерлері атышулы нацистік Освенцим-Биркенау (Освенцим) өлім лагерінің тұтқындарын азат етті.

Холокост құрбандарын халықаралық еске алу күніне арналған іс-шаралар әлемнің көптеген елдерінде өтуде.

Сонымен қатар, 2023 жылдың 27 қаңтарында Жамбыл облысының өкілдері осы қаралы күнге арналған екі еске алу шарасына қатысты.

Олай дейтініміз, бүгін Тараз қаласында «Жамбыл облыстық «Шиват Цион» еврей мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара өткізді.

Бұл кеш Тараз қаласындағы еврей қауымының ақсақалы, тарихшы, журналист, Жамбыл облысы ҚХА мүшесі Михаил Буниннің «Енді ешқашан немесе Холокост сабақтары» атты дәрісімен ерекшеленді.

Жиналғандар – осы орталықтың белсенділері мен еврей қауымының мүшелері, облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің, поэзия сүйер қауымның өкілдері, Галина Чибитко атындағы клубтың поэзия сүйер қауымы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері..

Шара барысында «Гесель Полина» волонтеры, көркемсөз оқу шебері Евгений Белоголовых «Балаларға алты миллионды қалай түсіндіруге болады?» сияқты шығармаларды орындады. Адольф Берлин, Евгений Евтушенконың «Баби Яр», Исаак Нюрнбергтің «Мен зұлымдық сияқты қорқамын …».

Шараға қатысушылардың назарына Холокост тақырыбына арналған плакаттар мен кітаптардың көрмелері ұсынылды. Экспозицияға енгізілген экспонаттар басып алынған аумақтардағы Холокосттың ауқымы мен ерекшеліктерін ашады. Оның көргені ешкімді бей-жай қалдырмады.

Шара соңында Холокосттың алты миллион құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Еске алу шарасының ұйымдастырушысы Александр Баронның төрағалығымен «Мицва» Қазақстан еврей ұлттық ұйымдарының «Мицва» қауымдастығы болды.

Бірлескен ұйымдастырушылар – Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуро-Азия еврей конгресі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің “Қоғамдық келісім” РММ.

Сондай-ақ, онлайн форматта Жамбыл облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Еске алу шарасы барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш үндеу жасады. Сонымен қатар, Холокостты зерттеу және білім беру орталығы ұсынған тарихи-құжаттық көрме көрсетілді.

“Қоғамдық келісім” КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ЕЛ БІРІЛІГІ – ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ

Бірлік- адамдар арасындағы ынтымақтың,жарасымды татулықтың көрінісі,ел болудың белгісі. Сондай-ақ бірлік елдіктің, бейбітшіліктің басты кепілі. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан еш жалықпаған. «Береке бастауы-бірлік,ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған елдің болашағынан зор үміт күтуге болады.

Біздің еліміз бір шаңырақ астында қаншама этнос өкілдерін татулықта,ұйымшылдықта өмір сүруіне ықпал етіп келеді.Этносаралық келісім- бірлікті нық ұстап тұруға себепкер болады.Біздің елімізде әрбір этнос өкіліне деген қамқорлық шексіз.Қазақ елі өзгенің тегіне,нәсіліне,ұлтына тіліне қарамастан барлығына кең құшағын жаюға әзір. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол-бірлік» демекші ел басына туған қиын күндерде еліміз басқа этнос өкілдеріне де жылуын көрсете білді.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы ынтымағы жарасқан, бірлігі берік ел екенін дәлелдеп отыр. Демек, бейбітшілікті аңсап,ынтымақтастыққа ұмтылып отырған әлем халықтарына үлгі бола аламыз.

Алдымызда әлі бағындырар асу көп. Біздің мұратқа жетуіміз еліміздегі бейбітшілікке, рухани тұтастығымызға,қоғамдық келісімді сақтауымызға байланысты. Ендеше облысымыздаға барша этнос өкілдеріне еліміздің алға жылжып,көркеюіне бірге үлес қосайық дегім келеді!

«Айнуры»  татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Амир Халиков

ҚАЗАҚСТАН –КЕЛІСІМ МЕН ТАТУЛЫҚ МЕКЕНІ

Қазақ халқы байырғы заманнан бері бірлік пен татулық мәселесіне айрықша мән беріп,оны тірліктің тұтқасы,өмірдің өзегі ретінде бағалап келген. Егемендіктің,мемлекеттіліктің негізі-халық бірлігі десек қателеспейміз.

«Дамудың сыры-бірлікте» деп бекер айтылмаса керек. Расында бірлік пен татулық,келісім болған жерде даму да, алға жылжу да орын ала бермек. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа теңесек,еліміздегі барша этностар-сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің Отаны – ортақ, тілегі-бір, мақсаты-жалғыз:ол-жері гүлденген,дамуы жедел Қазақстан! Еш уайымсыз,бейбітшілікте өмір сүру-нағыз баыт десек те болады.

Қазіргі біздің қоғамда «төзімділік» және «ксенофобия» сынды ұғымдар қолданылып жүр. Бұл жердегі төзімділік дегеніміз- басқалардың пікіріне,мінезіне шыдамдылық таныту. Саясаттанушылар төзімділік-адамның,қауымдастықтың,мемлекеттің, басқалардың өзіндік пікіріне сыйластық танытуын айтады. Бұл тұрғыда біздің еліміз бірде-бір ұлт өкілін шеттетіп, пікірін кері ысырған емес. Қазақ елінің шаңырағын биік ұстау-ортақ мүдде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы –бейбітшілік пен келісімнің тірегі.Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым. Біздің облысымыздағы ҚХА-ның еңбегін айтпасқа болмас. Қаншама этнос өкілінің татулық пен бірлікте өмір сүруіне өз үлесін қосып келеді. Біздің арамызда дау,шиеленіс тумас үшін бір-бірімізбен тығыз қарым-қатынаста болуымыз үшін, бірігіп жасайтын іс-шараларғақатыстырып отырады. Қорыта айтқанда, өзінің таза тілі,ажырамас діні,қайсар да батыл ұлты барда еліміз көркейіп нығая бермек!

 

«Жамбыл облысы тәжік этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Махкам Орифов

САЯСИ ЖАҢАРУ- ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАСПАЛДАҒЫ

Мемлекет басшысының айтуынша, 2023 жылдан бастап Президенттің, Парламент пен үкіметтің барлық негізгі саяси институты қайта іске қосылады және жаңартылады. Мәжіліс пен мәслихат сайлауының 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өтетіндігін Президент Жолдауында айтып, оның себебін де жіті түсіндіріп өткен болатын.

«Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі», – деді еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл сайлау- мемлекеттік жүйені институционалдық жаңғыртуға арналған дәйекті саясат екендігін көрсетеді. Сонымен қатар еліміздегі әлеуметтік жағдайдың сапалы түрде өзгеруіне ықпал ететін шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Тарихымыздағы алғаш рет жаңа сайлау циклі туралы айтар болсақ, парламенттік сайлау өткізілгенге дейін алты ай бұрын белгілі болды.

Парламент пен мәслихаттардың саяси жаңаруы – Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келіп тұр. Бұл еліміздің тұрақты және табысты дамуына бағытталған жаңа шешімдер қабылдауға жол ашады.

 

«Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Бахром Муминов

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

Ағымдағы жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысының «Ассамблея жастары» РҚБ жетекшісі – Хамида Турдыеваның бастауымен белсенді жастар «Жасыл Тараз» қызметкерлеріне ыстық шәй, бауырсақ және тәттілер таратты. Қайырымды іс-шара «Жылу» акциясы аясында өтті.

Шара барысында, аталмыш қоғамдық бірлестіктің жастары қолдарына күрек алып, қала қарын тазалауға кірісіп кетті.

Біздің акциямыздың мақсаты – таңғы ұйқысын бөліп,қаламыздың көркеюіне атсалысып жүрген жандарға қыстың қатулы күндерін сәл де болса жылыту! Осы әрекетімізбен біз барлық жастарға үлгі болып, жақсылық жасауға шақырамыз, – дейді «Ассамблея жастары» белсендісі – Аяна КИМ.

Ал «Ассамблея жастары» РҚБ жетекшісі Хамида Турдыева қайырымдылық акциясы өз жалғасын табатындығын атап өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТУДЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ – АУЫЗБІРШІЛІК

Бүгін «Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам диалогы – жаңа Қазақстан жағдайында халық бірлігін нығайтудың негізгі факторы» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық топтың кеңейтілген отырысы өтті.Негізгі мақсаты – Жамбыл облысының көпэтносты жағдайында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда азаматтық институттар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін әзірлеудегі ғылыми көзқарастарды талқылау.

Жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Үйсімбаев Еркін Құлымбайұлы және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Байжуманов Мұхтар Қазбекұлы белсене қатысты. Іс-шараның модераторы- Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі,профессор Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы. Қатысушылар құрамы этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің өкілдерімен, ҚХА ардагерлерімен, Жамбыл облысының жоғарғы оқу орындарының өкілдерімен және ҚХА Журналистер клубының мүшелерімен толықты. Отырыс барысында «Әлеуметтік зерттеулер қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ету құралы ретінде»тақырыбында баяндама оқылды. Сонымен қатар «Мектеп жасына дейінгі балаларды бірлік пен бірегейлікке тәрбиелеуде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын пайдалану» жобасының қысқаша мазмұны таныстырылды.

Жиын соңында «НЕФРОС АЗИЯ» гемодиализ орталығының дәрігер-үйлестірушісі, Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Абдуллаев Дуниядар Мизамұлының «Амбулаториялық гемодиализдегі пациенттің жұмыс үстеліндегі кітабы» атты терең философиялық кітабының таныстырылымы мен тұсаукесері өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ЖАҚСЫ ТӘРБИЕ –ҮЛГІЛІ ҰРПАҚ НЕГІЗІ

2023 жылдың 17 қаңтарында Тараз қаласы, «Қоғамдық келісім» КММ-де ҚР Премьер министрінің әйелдер ісі жөніндегі кеңесшісі, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ыдырысқызы Шанаидың өңірлік ҚХА Аналар кеңесі өкілдерімен кездесуі өтті.

Іс шарадағы негізгі мақсат – отбасы құндылығын сақтауға,жас аналардың рухани дамуына негізделген «Мәдениетті ана- мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыру. Сондай-ақ бірлікті,бейбітшілік пен келісімді нығайту,жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру, қоғамды ортақ мақсаттар үшін біріктіру. Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі өкілдері мен Облыстық әскери бөлімдері командирлерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысушылар қатарында болды.

Жиын барысында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббатхон Миражапова аталмыш ұйымның жыл бойы атқарған жұмыстарына тоқталды. Айтуынша, қазіргі таңда облысымызда 36 аналар кеңесі жұмыс жасайды. Кеңес мүшелерінің жалпы саны 546 адамды құрайды. Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі 6800 адамның қамтылуымен 86 іс-шараны жүзеге асырған.

Өз кезегінде Нәзипа Ыдырысқызы жастар арасында жиі кезігетін мәселелерге тоқталып өтті. Мәселен, қазіргі жасөспірімдер жолдарында кезігетін қиындықтарға өз беттерінше төтеп бере алмайтындығын алға тартты. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде аналардың атқаратын рөлінің зор екендігін айта келе, белең алып жатқан отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында атқарылуы қажет тиісті шараларға да тоқталды.

Келесі кезекте ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Орынбасарқызы кәмелетке толмағандар арасында тарап кеткен «дәріханалық есірткі» жайлы ақпарат берді. Дәріханаларда дәрігердің нұсқауынсыз жасөспірімдерге дәрі ұсынбау жөнінде меморандум құрылуына байланысты жұмыстар атқаратындықтарын және аналарға балаларының қауіпсіздігіне мән беру керектігін ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында қонақтар «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының «Ұлы дала қазынасы» жобасын жүзеге асыратын “Белсенді ұзақ өмір сүру”орталығындағы шеберлер клубының киіз басу бойынша шеберлік сыныбында жасалған қолөнерлер туындыларымен танысты.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗБЕН КИІЗДЕН ЭТНО-АЯҚ КИІМ

Жамбыл облысы ҚХА Халық шығармашылығы шеберлері клубының өкілдері Тараз қаласының аяқ киім өнеркәсібінің орталығы ретінде жандандырып, қолөнер саласының тың жақтарын дамытуда. Қазіргі уақытта көптеген сәнқой жандар киізден жасалған аяқ киімді жақсы көреді, өйткені олар оның тек жылы және ыңғайлы аяқ киім ғана емес, сонымен қатар әдемі де жайлы екенін және басқа аяқ киімдерге ұқсамайтын ерекшелігін де біледі. Өндірістің құпияларын біліп, оны өз қалауынша өрнек салып, этностильді пайдаланып түрлі қалыпта өзі қолдан жасауды үйренгісі келетіндер саны жетіп артылады.

Осы негізде, 2023 жылдың 12- қаңтарында ҚХА халық шығармашылығы шеберлері клубында аяқ киімді киіз басу арқылы дайындау шеберлік сағаттары өтті. Іс-шара Жамбыл облысының «Өшпес мұра» атты қолөнершілер қауымдастығы және «Жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар» бірлестігімен бірлесіп өткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында осы ұйыммен ынтымақтастық туралы өзара меморандум жасалған болатын. Халық шығармашылығының шеберлік класының шеберлері Гүлжазира Құдайбергенова мен Сталина Хе шеберлік сағаттарынан құнды дәріс берді. Біздің өңірдің түрлі этномәдени бірлестіктерінен 15 қолөнерші киізден аяқ киім жасауды үйренуде. Қатысушылар осы үрдістің барлық кезеңдерін егжей-тегжейлі талдауға, тәжірибе алуға және киіз басып, одан аяқ киімді өз бетінше жасауға толық мүмкіндік алды.

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

БІРЛІК – ӘРТҮРЛІЛІКТЕ

Елімізде өмір сүретін барлық этнос өкілдері тұтас бір ұлыс. Қазақ елі – бірлік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің,достықтың Отаны. Мемлекет басшысы  баршамызды тонның ішкі бауындай жақындықта өмір сүріп қана қоймай, «Бірлік – әртүрлілікте» деген ұранды ұстануға шақырған болатын.

Қазақ халқына тән қасиеттер–кеңпейілділік,қонақжайлылық,өзге халықтар мен өркениеттерге құрметпен қарау.Бұл айтылғандарға «Қазақстан Республикасы күрдтері» Барбанг қауымдастығы» өңірлік қоғамдық  бірлестігі филиалының төрағасы ретінде нық сеніммен қосыламын. Қазақ халқы атын атап,түсін түстеп бірде-бір ұлт өкілін бөлектемейді.

Сонымен қатар, облысымызда өмір сүріп жатқан өзге де этнос өкілдерімен татулықта,ұйымшылдықта өмір сүріп келеміз.Күні кеше барша облыстағы этнос өкілдері жиылып Тараз қаласының «Баласағұн» Орталық концерттік  залында көрермендерді нағыз сиқырлы қысқы ертегіге баурап алған дәстүрлі «Рождество» мерекесін бір отбасыдай атап өттік.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін  1 наурыз- Алғыс айту күнін,1 мамыр  – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекелерін  жан аянбай барша ұлт өкілдері бірігіп,жұмыла атқарып шығамыз. Бұл мерекелерде біздердің арамыздағы сыйластық пен татулықты анық көруге болады. Қоғамдық бірлестіктер ұлтаралық келісімді сақтау-күнделікті жұмыс екенін біледі. Татулық,сыйластық және қонақжайлылық – бұл құндылықтарды өңірде тұратын барлық этностар бір-бірінен шын пейілмен қабылдайды.Ұлттық мәдени орталықтардың,қоғамдық бірлестіктердің және бейбіт,гүлденген елде өмір сүргісі келетін әділ қазақстандықтардың сан алуандығына қарап,біз орасан зор күшпіз десек те болады.Қазақ еліне әрбіріміздің алғысымыз шексіз!

Қорытындылай келе,бұдан әрі де бірлікте,ынтымақтастықта,татулықта өмір сүрейік дегім келеді.

«Қазақстан Республикасы күрдтері» Барбанг қауымдастығы» өңірлік қоғамдық  бірлестігі филиалының төрағасы

Сартиф Алиев