Ағымдағы жылдың 6-ақпанында Қордайда Жамбыл облысы әкімдігі және ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған пресс-тур өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы Үйсімбаев, тілдерді дамыту, білім, ішкі саясат басқармалары басшылығы мен халықаралық, республикалық, облыстық БАҚ өкілдері қатысты. Осы күнге негізделген іс-шаралар легі Қордай ауданының барлық ауылдарын қамтыды.
Жоспар бойынша алға жоспарланған жұмыстар тізбегі Масаншы ауылындағы Әл-Фараби атындағы №50 орта мектептен басталды. Аталмыш мектепте «Мен қазақша сөйлеймін» тақырыбында Масаншы, Сортөбе ауылдарындағы мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері арасында байқау өткізілді. Мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында өткен іс-шара дүнген этносы өкілдерінің қазақ тіліне деген ықыласының бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көшілгері арта түскенін байқатты.
Бұл күні Сортөбе ауылдық округінің М.Мәметова атындағы №17 орта мектебінде аудандағы қазақы ауылдар мен дүнген этностары тығыз орналасқан елді мекендердің жастары арасында «Достық» спартакиадасы ұйымдастырылды. Мақсаты – жергілікті этностар арасындағы ауызбіршілік қасиеттерін дәріптеу, этникааралық бейбітті тұрақтылықты сақтау, салауатты өмір салтын ұстана отырып, жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру. Жастар арасында өткен қазақтың бұл ұлттық ойындары сайысының Масаншы, Қарасу, Степной, Сарыбұлақ, Қайнар, Қарасай, Жамбыл ауылдары бойынша жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де аталмыш мектепте аталып өтті.
Бұған қоса, Сортөбе ауылындағы «Дін-Ислам» мешітінде «Қордай оқиғасы» кезінде қаза болған азаматтарды еске алуға арналған Құран бағыштау рәсімі өтті. Келеңсіз оқиғаға үш жыл толуына орай, аудандағы Сортөбе ауылындағы «Дін Ислам» мешітіне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы атбасын бұрып, онда қақтығыс кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.
Бұдан соң аймақ басшысы аталған ауылдағы «Korday Fish» және «Taraz Eko Fish» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Екеуі де балық, оның ішінде форель өнімдерін өндіруге бағытталған. 2020-2021 жылдары жүзеге асқан «Korday Fish» жобасына мемлекет тарапынан 3,8 гектар жер телімі бөлінген. Жылына 500 тонна балық өндіруге қауқарлы серіктестік консервілеу цехын да іске қосуға ниетті екенін білдірді. Ал «Taraz Eko Fish» ЖШС-інде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 5 гектар жерге орналасқан жоба қуаттылығы жылына 60 тонна балық өнімдерін өндіруге шақталған екен. Облыс әкімі жергілікті билік тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілетінін жеткізіп, жергілікті кәсіпкерлік ұйымдардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұдан соң, Масаншы және Сортөбе ауылдық Мәдениет үйлерінде Қордай ауданының әкімдігінің, облыс әкімдігінің ішкі саясат, дін істері басқармалары, қатысуымен Қаракемер, Қарасай, Күнбатыс, Қызылсай, Еңбек, Өтеген, Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарының ақсақалдары, жастарымен арнайы ашық диалог алаңы кездесуі өткізілді. Кездесу барысында ауданның зиялы қауым өкілдерінің және ауыл тұрғындарының алдында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Қордай ауданы әкімі Байтөле Болатбеков пен Масаншы ауылдық округінің әкімі Рамазан Малиев 2022 жылы округте қоғамдық келісімді дамыту және әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарған жұмыстары бойынша өз есептерін берді.
Есеп беру барысында ауыл тұрғындары тарапынан түрлі тұрмыстық сауалдар қойылып, әкім орынбасары Е.Құлымбайұлы толғауы тоқсан проблемалар – егістік, жайылым, су, газ, жұмыспен қамту тәрізді бірқатар өзекті аспектілерге тоқталып, көңілге қонымды жауаптар берді.
Спикер бейбітшілік пен келісімді нығайту туралы айта келе, қазіргі уақытта біздің өңірде 87 этнос өкілдері тұратыны, олардың ішінде 75 этномәдени бірлестіктің жұмыс істейтіндігі және ағымдағы жылдың басынан бастап жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 7765 адам тартылғанын және 7290 адам әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылғанын айрықша атап өтті.
Сонымен қатар, Қордай ауданында қазіргі уақытта «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 1696 адам кәсіпкерлік негіздерін игеріп, оқу қорытындысы бойынша сертификаттар алғандығын да тілге тиек етті.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйрену туралы да айта келе: – Қазақ тілін меңгергісі келетін этнос өкілдері үшін тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында «Ашық аспан астында тіл үйренеміз», «SÖILE» және «RELAX AND LEARN» клубтары сияқты бірқатар жобалар іске асырылды. Өткен жылы тілдік курстарды 744 адам бітірді. Олардың 96 пайызы – басқа этностардың өкілдері болса, қалғаны – 39 мешіт имамы. Қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін «QazOnline» мобильді қосымшасы өз бетінше жұмыс істейді. Сонымен қатар, Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан «QazOnline» айдарымен әлеуметтік желілерде күні бүгінге дейін қазақ тілін тез үйретуге бағытталған 70 дәріс жарияланды. Осы жылы тек Қордай ауданының өзі бойынша дәріс алушылар санын 1000 адамға жеткізу жоспарлануда, -деп түсіндірді.
Сонымен бірге, Қаракемер, Қарасай, Күнбатыс, Қызылсай, Еңбек, Өтеген, Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарының ақсақалдары және ауыл тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізілді. Бүгінгі күнге аудан көлемінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 1696 адам оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарымен қамтамасыз етілсе, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 2022 жылы аудан бойынша 253 азаматқа мемлекеттік гранттар берілген екен.
Нәтижесінде, 69 азамат технологиялық жабдықтар мен құралдарға, 184 азамат мал шаруашылығын дамыту мақсатында игілікті гранттарға ие болған. Есепті кезеңге 937 азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, 142 азамат жастар тәжірибесіне, ал жұмыспен қамту орындарына 111 жұмыссыз азамат жолданып, жұмыспен қамтамасыз етілді. Басқосу барысында аудандағы білім сапасын көтеру, жастардың әскерге жіберілу, мемлекеттік тілдің меңгерілу, т.б. мәселелері де қарастырылды. Жалпы өңірде өзекті мәселелері бар 163 елді-мекен тұрғындарымен 808 іс-шара ұйымдастырылыпты. Бұл шаралардың дені 150 мыңнан астам тұрғынының 47 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайтын Қордай ауданында өткен. Қордайда ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сортөбе ауылында «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталығы жұмысының бір күні» тақырыбында бірқатар танымдық-ағарту шаралары ұйымдастырылды. Оның қатарында қолөнер көрмелері өткізіліп, қазақ және дүнген халықтарының салт-дәстүрлері мен ұлттық өнерлері келушілердің назарларына ұсынылды.
Сонымен қатар, жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев елді мекендерде халықты ынтымақ пен бірлікке шақырып отырған ақсақалдарға алғысын жеткізді.
Ал аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай биыл үш мектеп бой көтеретінін, «Достық үйі» салынатынын, елді мекендер толыққанды көгілдір отынмен қамтылатынын айтып өтті.
Аудан халқы атынан сөз алған аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов жастардың арасында қазақстандық патриоттық рухты нығайтып, отансүйгіштікке баулитын шаралардың маңызына тоқталды.
Басқосудың жалғасы дүнген халқы өкілдерінің басқа этностардың өнерін түрлі нақышта көркемдеуінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Бұдан соң, Сортөбе ауылындағы Имамдар үйінде этностар тығыз орналасқан ауылдардағы этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін сала мамандары арасында – мешіт имамдары, учаскелік полиция инспекторлары, қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, аудандағы қоғамдық пікірлер көшбасшылары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, бөлім басшылары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мүшелерінің қатысуымен уағыз жүргізу шаралары өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – танымал төрт мазһабтың ішіндегі ең алғашқысы саналатын «Әбу-Ханафи» діни ілімі негізінде орындалатын қазақстандық имани заңдылықтарды ұстануға шақыру.
Іс шара барысында аралас некелер туралы да сөз болды. Осыған орай, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен пресс-турға қатысушылар, яғни,БАҚ өкілдері – республикалық «Хабар-24» телеарнасы, халықаралық «Silk road today» – Шелковый путь сегодня» газеті, республикалық «Информбюро» сайты, JAMBYL» телеарнасы, облыстық «AR-AI» газеті, өңірлік ҚХА, «Қоғамдық келісім» мекемесі Баспасөз қызметі, т.б. тілшілері «Бақытты болу, этносқа қарамайды» атты тақырыпты қолдау, дәріптеу және этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында Масаншы ауылында жаңадан шаңырақ көтерген қазақ-дүнген отбасыларында болып, олардың тату-тәтті ынтымақтастықта өмір сүріп жатқандықтарының куәсі болды. Бұл туралы анығырақ алдағы уақытта әлеуметтік желілердегі «Қоғамдық келісім» мекемесінің ресми парақшалары мен өңірлік БАҚ-та арнайы мақалалар жарық көреді.
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы