АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІН БЕЙНЕЛЕУ КҮНІ

2023 жылдың 28 ақпанында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми – сараптамалық тобы мен Аналар кеңесінің мүшелері, студенттер, ЖОО өкілдерінің қатысуымен «Алғыс айту күні-Қазақстан халқының бірлігін бейнелеу» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында құттықтау сөз қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының мүшесі Мұқаш Ескендіров, және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры,техника ғылымдарының кандидаты Алдаберген Мәлібековке берілді.

Осы университеттің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы ҒСТ басшысының орынбасары, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Парида Мамедова «Алғыс айту күні» мерекесінің түсінігі, мақсаты, маңызы туралы айтты.

Тараз қаласындағы Өзбек орталығының төрағасы, облыстық ҚХА жанындағы ҒСТ өкілі, Тараз қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Абдурахман Зайнутдинов «Алғыс айту күні – ұрпақтардың тарихи естелігін сақтау» тақырыбында баяндама жасады.

Алғыс айту күнінің философиялық қырын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің философия және саясаттану кафедрасының доценті Расылхан Жүншеев ашты. Сондай-ақ аталмыш университеттің профессоры,

Жамбыл облысы ҚХА мүшесі Исабай Бекбасаров өз әріптестеріне, ғылым қайраткерлеріне өлшеусіз қажырлы еңбектері мен таңдаған іске адалдығы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ 3 курс студенті Арайлым Тұрдан мен 1 курс студенті Абдумуталиб Ахмедов те оқу орнына алғыстарын білдірді.

Дөңгелек үстел барысында профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің қатысуымен Алғыс айту күніне арналған бейнеролик көрсетілді. Іс-шара соңында марапаттау рәсімі өтті.

“Қоғамдық келісім” КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлім

«Алғысым шексіз»

2023 жылдың 28 ақпанында «Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжі» мекемесінде «М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алғыс айту күні» мерекесіне арналған «Алғысым шексіз» іс-шарасы өтті.

Мақсаты- этносаралық қатынасты нығайту, өскелең ұрпақ бойында патриотизмді арттыру, мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру және жастардың болашақты жарқын етуге деген ынталарын күшейту. Қатысушылар қатары – Жамбыл облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен, оқу орнында білім алып жүрген өзге этностардан құралған студенттермен,еріктілермен толықты.

Іс-шара барысында аталмыш мекеменің директоры Нақыш Фарида Фаридқызы жастарды келе жатқан айтулы мерекемен құттықтап, алдағы күндеріне сәттілік тіледі.

Сөз сөйлеу барысында аталмыш бірлестіктің төрайымы Турдыева Мухабат Абдрахманқызы да жастарға деген өзінің ақжарма тілегін білдіріп, келе жатқан «Алғыс айту күні» мерекесінің, Ассамблеяның, Достық үйінің тарихы жайлы жан-жақты мағлұмат беріп, білім алушылармен кері байланыс орнатып, іс-шараның маңызын аша түсті.

Іс-шара соңында Фарида Фаридқызы Ассамблеяға,қоғамдық-мәдени жұмыстарға,спорттық шараларға белсене қатысып жүрген студенттерді арнайы марапаттады.

“Қоғамдық келісім” КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

 

#Алғысайтукүні

1 Наурыз күні

1 Наурыз күні – Алғыс айту күнін жыл сайын барша қазақстандықтар болып атап өтеміз. Бұл мейрам біздің ортақ тарихымыздың нақ символы, Қазақстан халқының бірлігінің, бейбітшілігі мен келісімінің күні.

Алғыс айту күні Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер – патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады. Жастарды ризашылық, рахмет айта білу, үлкен-кішіге деген сүйіспеншілік, сыпайылық қарым-қатынасын сақтауға үйрету, әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.

Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген Алғыс айту күні мерекесі құтты болсын!

Жақындарымызға жақсылық жасап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік!

Елімізден ырыс-ынтымақ кетпесін!

Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

 

«М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева

Ардақты ағайын, құрметті жерлестер!

Сіздерді келе жатқан 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1наурыз – Алғыс айту күні түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондай-ақ бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді.

Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кең пейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық.

Ендеше, көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Сіздерді елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ – береке тілеймін!

 

Ізгі тілекпен, Жамбыл облыстық «Вынхуа»  дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі

Руслан Исмазов

КҮШІМІЗ – БіРЛІКТЕ!

Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Тараз қаласында “Ахыска” түріктер этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен “Күшіміз бірлікте” іс-шарасы өткізілді.

Табиғи апат болған екі аймаққа елімізден жіберілген қамқорлық-көмекті айшықтайтын бейнероликтен басталған іс-шараға облыс, қала әкімдігі, облыстық, қалалық ішкі саясат басқармасының өкілдері, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестігінің мүшелері, білім, спорт саласы қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері, дін өкілдері мен БАҚ тілшілері және Ассамблея жастары қатысты.

Өңіріміздегі этнос өкілдері – этносаралық достықты сақтау, өскелең ұрпақтың бойына патриотизмді дарыту, мәдени және тарихи мұраларымызды оларға аманаттау, қайырымдылық істерінде өз миссиясын лайықты орындайтын жандар. Сонымен қатар, бірлікті, этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуға да баға жетпес үлес қосуда. Солардың бірегейі – “Ахыска” түрік этномәдени орталығы.

Жуырда орын алған бауырлас Түркиядағы табиғи жойқын апат – жер сілкінісі ешкімді бей-жай қалдырмады. Осыған орай, Ассамблея тарапынан ұсынылған гуманитарлық көмекті «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі үйлестірген болатын.

Шара барысында қол қусырып қалмаған көмек берушілерге облысқа белгілі бірқатар азаматтар алғыс-тілектерін білдірді. Олардың қатарында “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы да аймақтық Ассамблея атынан өз тілек-рахметін айтты.

Сондай-ақ, ас үстінде аталмыш Түріктер бірлестігінің төрағасы Махмуджон Мираддинұлы Давришев аймақтық этномәдени бірлестіктері, ҚХА мүшелері, меценаттар, діни бірлестіктердің өкілдері, аудандар, жалпы жұртшылық атсалысуымен облысымыздан 84 млн 400 мың теңге қаржылай, 24 фура 480 мың тонна азық-түлік және алғашқы қажеттіліктегі құралдар жиналғандығынан жиылған жұртшылықты хабардар етті. Үйлестірушілер көмегімен оның 4 фурасы – Сирияға, 20 фурасы – Түркияға аттандырылып, қаржылай көмектер Дүниежүзілік түрік-ахыска қауымдастығының (DATÜB) арнайы шотына жіберілген болатын. Сөзін қайыра келе: “Мен барша жамағатқа зор рахметімді айтамын! Бауырластықтарыңызға мың алғыс! Ауызбіршілігіміз нығая түссін, ағайын! Алапат зілзала, пәле-жаладан Қазақстанымыз аман болсын! Асымыз қабыл болсын! – деп ерекше ыстық ықыласпен өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.

Түрік ағайындар ұйымдастырған бүгінгі 500 адамға дайындалған қайырымдылық асының мақсаты да осы көмегін аямай, қолұшын берген жандарға Алғыс айту күнінің қарсаңында ризашылық білдіру және апатта шейіт болғандарға құран бағыштау, аманшылыққа дұға ету

еді. Іс-шара өз деңгейінде жақсы өтті, кеңінен жайылған мол дастарханнан үлкен-кішінің бәрі ауыз тиіп, сауапты іске куәгер болды.

Шара соңында

Жамбыл облысы бойынша бас мүфтидің орынбасары, бас имам Бейбіт Әліпбекұлы Мырзагелдиев қайырымды асқа қатысқан жұртшылыққа тәубешілік, сабырлық, қанағат, имандылық – табиғи апаттардың алдын алу жөнінде мысал келтіре отырып уағыз айтып, бүгінгі жиылыстың себебі болған тоқсан ауыз алғыс-рахметтің соңын түйіндеді.

”Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

КӨҢІЛДІ «МАСЛЕНИЦА»

2023 жылдың 24 ақпанында Тараз қаласы, Шахристан мәдени-тарихи кешенінде «Масленица» атты дәстүрлі түрде өтетін орыс халқының мерекесі өтті.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облыстық орыс драма театры және облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығы.

Мерекенің көңілді өтуіне этномәдени бірлестіктердің өкілдері, драма театрының әртістері, мектеп оқушылары атсалысты. Тамашалауға келген жұртшылықтың барлығы қыстың жақындап қалғанына қуанып, түрлі жарыстарға ықыласпен қатысты.Сахна төрінде би биленіп, ән шырқалды.

Осы мерекеге арналған шағын театрландырылған қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.

Спектакль этномәдени бірлестіктер мен білім беру мекемелері – №40, №41 гимназиялар мен №6, №13, №18 мектептердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Масленица мерекесінің ерекше тұсы – жәрмеңке! Мерекеге қатысушылар жәрмеңкедегі заттарға қызығушылықпен қарап, халық өнерінің қолөнершілерінен өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ-ҚАДІРЛІ ІС

Әлемде қан құюға жыл сайын миллиондаған адам мұқтаж болады. Статистика мәлімет бойынша жер бетінде әрбір үшінші адам донорлық қанды қажетсінеді. Донор болу- өзінің қанын беру арқылы басқаға өмір сыйлау.

“Жамбыл облыстық “Ассамблея жастары” қоғамдық бірлестігі “Алғыс айту күні” мерекесіне аясында жыл сайынғы өткізілетін кезекті ” Ерікті донор” қайырымдылық акциясын өткізді. Тараз қалалық Қан орталығының қолдауымен өткен қайырымдылық акциясына қатысқан жастар үлкен ынтамен атсалысты.

Алдымен тіркеу бөлімінен өтіп, зертханалық кабинетте талдама жасалды. Денсаулығы күмәнсіз қыз-жігіттер қан өткізетін бөлмеде қан тапсырды.

Мұндай жауапты әрі маңызды шараға жас буынның саналы түрде қатысуы қуантарлық жағдай.

“Ерікті донор” акциясы бұдан әрі де жалғасын табатын болады.

“Қоғамдық келісім” КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

#Алғысайтукүні

#Еріктідоноракциясы

ІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

21 ақпан – Халықаралық ана тілі мерекесіне орай «Тіл- татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» мен Жамбыл облысы әкімдігінінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бірігіп ұйымдастырған фестивальға облыстағы этномәдени бірлестіктерден 7 топ қатысты.

Іс – шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту,оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау. Сондай-ақ өзге этнос өкілдерінің мемлекекеттік тілді білуге деген қызығушылығы мен құрметтін арттыруға ықпал ету.

Байқауға төрелік еткен әділқазылар алқасы:

«Қоғамдық келісім» КММ мекемесінің басшысы – Жинақбаева Мүбарак Қасымқызы;

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің аға оқытушысы – Елибаева Лариса Олжатайқызы;

Тілдерді оқыту орталығының директоры – Әлімбекова Гүлхан Мұхтарқызы.

Фестиваль төменгі кезеңдер негізінде өткізілді:

-Таныстыру

-Шығармашылық өнер

-Этнокөрме

Аталған 3 кезең бойынша қатысушы топтар өздерін мемлекеттік тілде таныстырып,өнерлерін ортаға салып, әр этнос өздерінің көрмелерін ұсынды.

Әділқазы алқаларының шешімі бойынша:

Фестивальға белсене қатысқандары үшін – «Манас Ата» Қырғыз этномәдени бірлестігінен «Манас» тобы , «Радонеж» Орыстар қоғамдық бірлестігінен «Пять богатырей» тобы, Тараз қаласының Өзбек этномәдени бірлестігінен «Тілім менің ғұмырым» тобы;

3 дәрежелі дипломмен – Жамбыл облысы «Тәжік этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінен «Бейбітшілік» тобы, Жамбыл облысы «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінен «Ювел» тобы ;

2 дәрежелі дипломмен – «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығынан «Әулиеата жастары» тобы;

1 дәрежелі дипломмен – «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталығынан «Татулық» тобы марапатталды.

Этносаралық қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған іс-шара жоғарғы деңгейде өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

«Ашық есік күні» Республикалық акциясы аясында 2023 жылдың 17 ақпанында сағат 11.00-де Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Медиация кабинетінде жиын өтті.

Оған судьялар, прокуратура өкілдері, сот орындаушылары, заңгерлер, этномәдени бірлестіктердің және ақсақалдар мен аналар кеңесінің өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, БАҚ өкілдері қатысты.

Қалалық соттың судьялары – Әлімқұлова Гүлмира Асқарқызы мен Сәрсенбаев Абай Әділханұлы өз сөзінде «Медиация туралы» заңды сот жүйесінде қолдану тәжірибесіне тоқталып, азаматтық сот ісін жүргізу бойынша түсініктемелер берді.

Қалалық прокуратура бөлімінің аға прокуроры – Рахымбек Мақсат Ішкі істер органдарының қызметінде медиацияны қолдану және оны 1-бапта қолдану тақырыбын ашты.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі – Байхожаев Берікбол Ұзақұлы жиылғандарға адам құқықтарының бұзылуына қатысты мәселелер бойынша кеңес берді.

Тараз қаласы бойынша аумақтық сот актілерін орындау бөлімінің сот орындаушысы – Алма Жүрсінқызы Нұрханова атқарушылық өндірісте медиацияны қолдану туралы айтып, алимент бойынша берешектің статистикасына тоқталып, оны төлеуде татуластыру рәсімдерін қолдану туралы айтып өтті.

Жамбыл облысы бойынша адвокаттар алқасының адвокаты – Азбекова Тамара Искалиевна әртүрлі некедегі балаларға алимент өндіру мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетіп, туыстық фактіні анықтау бойынша кезең-кезеңімен нұсқауларды түсіндірді.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті.Жиылғандар өз тәжірибелерінде кездесетін мәселелерді айтты. Бұл алимент, несиелік міндеттеме, несиелік алаяқтық, ана болу фактісін анықтау, «Отбасылық сот» жобасын одан әрі дамыту және т.б. сынды сұрақтар. Судьялар мен құқық қорғау органдарының өкілдері барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ДӘСТҮРЛЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қазақстан мен Өзбестан достығы ежелден тамыр алған. «Өзбек –өз ағам» деген сөз де ел аузында тегіннен жүрмесе керек. Шымкент қаласында 1994 жылдан бері «Өзбек этносының күні» тойланып келеді. Дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан мейрам күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.

2023 жылдың 19 ақпанында  «21 ақпан – Халықаралық ана тілі» және « 1 наурыз – Алғыс айту күні» аясында облысымыздағы «Өзбек этносының мәдениеті мен дәстүрі күні» мерекесі аталып өтті. Мерекелік іс-шараға ҚХА мүшелері,облыстық этномәдени бірлестіктер төрағалары,өзбек халқының зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шараның шымылдығы арнайы Түркістан облысынан келген өзбек этносының өнерпаздарынан құралған «Алтын мирас» ансамблінің концерттік бағдарламасымен ашылды. Онда бүкіл Түркістан облысына,өзбек халқына мәлім беделді,жезтаңдай әншілер

дәстүрлі әндерді шырқады. Сондай-ақ ұлттық аспаптарында түрлі композициялар орындады.  Құлақтан кіріп бойды алған әсем әндер көпшіліктің көңілінен шығып, өнерпаздар зор қошеметке ие болды.

Мерекелік жиында көпшілік алдында «Тараз қаласы Өзбек этномәдени бірлестігі» төрағасы Абдурахман Зайнутдинов өз атынан этносаралық қатынасты нығайтуға,қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.

Іс-шара соңында өзбек этносының ұлттық тағамы саналатын «палау» таратылды. Дәмі тіл үйірер тағамның дәмін татқан көпшілік ризашылықтарын білдірді.

Қорытындылай келе, Өзбек этносының мәдениеті мен дәстүрін ұлықтайтын атаулы күн жоғарғы деңгейде өтті.