«TARAZ UNITED» КОМАНДАСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНҒА ҚАТЫСТЫ

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 20-22 күндері аралығында Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы жерінде республикалық зияткерлік ойыны өтті.

Аталмыш ойынға Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облысының және Қонаев, Алматы, Шымкент қалаларының тумалары қатысты.

Сондай ақ, Жамбыл облысынан «Қоғамдық келісім « КММ атынан «TARAZ UNITED» командасы алғаш рет қатысып, іріктеу кезеңі мен жартылай финалдан сүрінбей өтті.

Айта кетейік, финалда Алматы қаласы, Жетісу, Алматы облысының 3 жыл ойнаған тәжірибелі және 2022 жылы чемпион болған командалармен бақ сынасып, жүлделі 6 – орынды иеленді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ТҮРІК АНАЛАР КЕҢЕСІ ӨЗ ДӘСТҮРІН ЖАҢҒЫРТУДА

Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Жамбыл облысының «Анаға тағзым» орталығында Түрік Аналар кеңесі өз дәстүрлерін дәріптеді.

Роза Индоевнаның жетекшілігімен  «АХЫСКА» түрік этномәдени орталығы өзінің ұлттық бас киім «КАТХА» үлгілерін, ұзатылатын бойжеткен қызды ұзату, беташар бойынша киіндіру үрдісін айрықша көрсетті.

Сонымен қатар ұлттық түрік тәттілерін атап айтқанда «Шекерляма», «Семит», «Сенор», «Базлама», «Хачапур», «Катмер», «Баклава» т.б ұсынды.

Шараның ерекшелігі – ұмытылып бара жатқан ұлттық киім дәстүрін жаңғыртушы шеберлер мектебімен таныстыру.

Айта кетейік, «Анаға тағзым» орталығының психолог маманы Жанар Дүкенбайқызы отбасыларға психологиялық тегін көмектің бар екендігін айта кетті.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ ҚОРДАЙ ЖАСТАРЫНА ДА АЯЛДАДЫ

«Достық керуені» жобасын іске асыруға Жамбыл облысының «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері де белсенді атсалысуда.

Атаулы жобаның мақсат-міндеттерінің бірі — коммуникацияларды қалыптастыру және ҚХА этномәдени бірлестіктері мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу, диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысу екенін еске сала кетейік.

Жобаны жүзеге асыруды Қордай ауданында жалғастыру барысында 2023 жылдың 20 қыркүйегінде аталған ауданның Ауқатты, Қарасай ауылдық округтеріндегі А.Пушкин атындағы және Ә.Бөкейханов атындағы мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен Хамида Тұрдыева бастаған «Ассамблея жастары» РҚБ еркін кездесу форматында #PROANK іс-шараларын өткізді.

Қала мен дала жастарының орайлы кездесуі арайлы кездесуге ұласып, жастар ортақ бір тілде алуан түрлі өмірлік жағдайларда, мәселен тілдік-нәсілдік кемсітушілік, не болмаса тұрып жатқан Отан, туған жеріңнің құндылықтарын этнос өкілі бола тұра келеке, келемеж ету неге әкеліп соқтырады, осы тәріздес жастар арасында алауыздық тудыратын келеңсіз жағдайларды көзің көрсе не амал қолданасың?

Мұндай жағымсыз жағдайлардың құрбаны, не себепшісі болмау үшін, мәселенің алдын алу шаралары қалай ұйымдастырылады?

Осындай міне салмақты, жауапкершілігі зор тақырыптар төңірегінде жастар өздеріне ұғынықты жеңіл, еркін, ортақ тілдеқұнды пікірлерімен алмасты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

«Достық керуені»

20 қыркүйек күні «Достық керуені» жобасы аясында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» тақырыбында көшпелі отырыс өтті.

Отырысқа Облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Маюфи Абдулхалил, Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі – Юнусов Идрис, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары – Хаджимуратов Исмаил, Қордай ауданы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы -Сейілханов Әбдібек және Қордай аудандық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.

Отырыс барысында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі – Юнусов Идрис жалпы облыста ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру мақсатында ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аянбай еңбек етуде екендігін, ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосып жатқандығын жеткізді.

Қордай ауданы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Сейілханов Әбдібек этностарды қоғамдық өмірге интеграциялау, этнос өкілдерінің әскерге баруы, аудандағы медиация жұмысын жүйелі жүргізу және ақсақалдар институтының жастармен жұмысын жандандыру мәселелерін көтерді.

Іс-шара соңында еліміздің даму жолында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға қосқан үлесі мен белсенді еңбегі үшін аудандағы бірқатар Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне Алғыс хаттар беріліп, сыйлықтар табысталды.

ҚОРДАЙҒА ЖОЛ ТАРТҚАН “ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ” ТАРАЗ ШАҺАРЫНА ОРАЛДЫ

Тарихы сырға толы көне Тараз шаһарында орналасқан күмбезді Достық үйінен жуырда ғана құрылған «Достық” керуенінің Қордайға дейінгі өңіріміздің Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарындағы сапары да сәтті аяқталған болатын.

Ел тыныштығы мен бірлігі, татулығы мен ынтымағының сақталуына дәнекер болған «Достық» керуені бірқатар игілікті іс-шаралар легімен Қордай ауданына жол жүріп келді.

Ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде Өңірлік ҚХА іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға сәйкес, Қордай ауданының Степной, Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінде жалпықазақстандық бірегейлікті сақтау, этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында өңірдегі этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді-мекендерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

2023 жылдың қыркүйек, қазан айларында қолға алынған республикалық «Достық керуені» жобасын ілгерілетумен қатар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2023 жылдың 1 қыркүйектегі кезекті Жолдауы және маусым айындағы ҚР Құрылтайындағы ҚХА жұмыстарына этностар жөнінде жүктеген талап, ұсыныс-міндеттері, ҚХА төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың аталмыш Жолдауға байланысты 5 қыркүйектегі ҚХА жұмыстарын жандандыру, күшейту тұрғысында өткізілген ҚХА-ның республикалық кеңейтілген отырысы және 2023 жылдың 20 қыркүйектегі «Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жай-күйі мен перспективалары» ғылыми-практикалық конференциясында қойылған талап-ұсыныстарды назарға ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева бастаған мекеме қызметкерлері достықты ту еткен іс-шаралар керуені бағытымен аталған ауылды аймақтарда әлеуметтік және этносаралық ахуалды зерделеді.

Аталған мекеме үйлестіруімен ҚХА құрылымдары – Медиация кабинеті, Ақсақалдар, Аналар кеңестері, «Ассамблея жастары» РҚБ активтерінің атсалысуымен жергілікті тұрғындармен дебатты кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесу барысында этнос жастарына, ауыл тұрғындарына нақтырақ айтқанда, өңірдегі этносаралық тұрақтылықты сақтау, ксенофобия – этносаралық алауыздық, «араздық тілін» болдырмау, мемлекеттік туды қолдану шектеулігі мен мемлекеттік рәміздерді қадір тұту, қоғамда жалған ақпарат таратуға жол бермеу, т.т.,келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, «Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс» бөлімінің бас сарапшысы Аққу Қаратаеваның жетекшілігімен бөлім қызметкерлері Дихан Талғатов, Рахат Ерхан ауыл жастарына, мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, Менің Қазақстаным» атты тимбилдинг, Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің отырысын өткізді.

Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева жергілікті медиаторлардың тұрғындармен басқосуына себепші болды.

Сонымен қатар, Тараз қалалық Достық үйі көрме залының жетекшісі Вера Майковичтің үйлестіруімен жасөспірімдер мен жас суретшілер арасында «Бірлік – әралуандылықта» байқауы өтті.

Бұдан бөлек, «Ғылыми-сараптамалық қолдау» бөлімінің сарапшылары Ербол Қаншымбеков пен Рианна Жалпанова Қордай ауданының Степной, Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінің тұрғындарына арналған әлеуметтік зерттеулер және сауалнама жүргізді.

Бұған қоса, «Көпшілік-мәдени іс-шараларды іске асыру» бөлімінің жетекшісі Біржан Үксикбаевтың жетекшілігімен этномәдени бірлестіктер жастары арасында түрлі спартакиадалық ойындар және Қордай аудандық этномәдени бірлестіктері шығармашылық топтары арасында «Өнерім саған, Қазақстан!» атты патриоттық әндер фестивалі өткізілді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

КЕРУЕН АЛҒАШҚЫ АЯЛДАМА – ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН АНАЛАР КЕҢЕСІ

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Достық керуені» жобасы аясында ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде Қордай ауданының Мәдениет үйінде облыстық ҚХА Аналар кеңесінің активтері, Қордай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы мен белсенді мүшелері, аудандық ішкі саясат бөлімі, құқық қорғау органы қызметкерлері, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ, Қаракемер, Ауқатты, Қарасу, Сортөбе, Масаншы ауылдары Аналар кеңесінің жетекшілері және өңірлік ҚХА медиаторлары, барлығы 10 ауылдық округтің кеңес мүшелері қатысқан аудандық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыстың модераторы болып «Қоғамдық келісім» КММ басшысы – Мүбәрак Касымқызы іс-шараны өзі бастап кетті.

Жиын барысында аудандық Аналар кеңесінің – білім беру ұйымдарымен тығыз байланысы, мектеп, бала-бақша ата-аналарымен жұмысты күшейту, аудандағы дағдарыс орталығы психолог-мамандарымен байланысы, қыздар арасындағы ерте тұрмыс құру, ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, этнос әйелдерін қоғамдық-мәдени шараларға тарту, оларды әлеуметтендіру және мемлекеттік тілді меңгеруді қолға алу, тіл үйренудің тиімді жолдары талқыланды.

Мемлекеттік тілді жылдам үйрену әдіс-тәсілдері бойынша Сортөбе ауылы Аналар кеңесінің озық тәжірибелері аталып өтті. Мәселен, дүнген этносының өкілі Салима Вансильван жаз бойы жазғы демалыста балаларын қазақ отбасына жіберетіндігін сөз етіп, тілді тез үйренудің бір қарапайым жолымен бөлісті.

Сонымен бірге, сөз сөйлегендер қатарында Жамбыл облысы Полиция департаментінің «ЖПҚБ әйелдерді зорлық -зомбылықтан қорғау» тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжиханова тарапынан «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында сөз қозғалып, жиналған аналарға осы бағыттағы заңнамалық өзгерістерге түсініктеме беріп, зардап шегуші болған жағдайда сенім телефондарына хабарласу мүмкіндігін пайдалануға және жалпы еліміздегі әрбір ананың құқықты сауатты болуы жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Бұған қоса, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, қолайсыз отбасыларында балаға қысым жасап, қол жұмсап, баланы келеңсіз жағдайға душар еткен ата-аналарға шара қолдану, жапа шеккендерге психологиялық, әлеуметтік көмек беру тақырыбына кең көлемде тоқталды. Осы тұста Тараз қаласынан арнайы барған облыстық ҚХА медиаторы Ирина Федорова мен «Қоғамдық келісім» мекемесінде орналасқан ҚХА Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева да этностар үшін Қазақстанда барлық мүмкіндіктер жасалғандығын тілге тиек етті.

Жиын соңында шараның модераторы, мекеме басшысы Мүбәрак Қасымқызы ҚХА Аналар кеңесімен кеңесе жұмыс атқарған Қордай ауданының белсенді аналарына естелік сыйлықтар тарту етіп, алғысхаттармен марапаттады. Жиын көңілді фотосессиямен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

Президентіміз креативті индустрия төңірегінде ой өрбітті

Бүгін, Мемлекет басшысы экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыттар – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия жөнінде өз жаңа Жолдауында басымырақ айта түсті.

Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналатынына терең тоқталып, сонымен қатар, креативті экономиканың дарынды жастар мен шығармашыл адамдарды өзіне тартатын, өсіріп дамытатын мега қалалардың дамуы осы креативтілікке қатысты екенін атап өтті.

Қазақстанда бұл креативті индустрияның дамымағандығын және ішкі өнімді өндірудегі жұмыспен қамту саласының төмен екенін де жасырмады.

“Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.

Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет”, дей келе, Ел басшысы креативті индустрия ұйымдары барлық облыс орталығында болуға тиіс екендігін баса айтты.

Халыққа пайдасы бар ірі жобаларды іске асырып, отандық өнімдерді коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керектігін де атап өтті.

Мәселен, креативті индустрия Қытай, Ұлыбритания, Жапония мен АҚШ, Германия сияқты елдерде қарқынды дамып кеткен. Ресей де олардан қалыс қалмайды. Ал Қазақстанымызда кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмаймыз және үкіметтен қаржылай көмек те ала алмаймыз.

Президент Қ.Тоқаев осыған орай жас кәсіпкерлерге және дарынды жандарға қолдау көрсетуге арналған қолайлы креативті шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажеттігін де алдағы маңызды міндеттердің қатарына қосты.

Жамбыл облыстық “Ассамблея жастары” РҚБ төрайымы Хамида Тұрдыева

Жаңа жолдау рухани серпін берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел экономикасын дамытудың жаңа жолдарын айқындап берді.

Ел Президентінің сындарлы саясатының арқасында еліміздің экономикалық дамуы қарыштай түсетіні айдан анық.

Қоғамның дамуында мәдениет пен руханият ерекше орын алады. Осы кезге дейін де мемлекет тарапынан мәдениетке, руханияттың дамуына көп көңіл бөлініп келді. Алдағы уақытта да бұл саланың тасы өрге домалай беретіні анық.

Жалпы, еліміздің экономикасы нығайған сайын мәдениет саласына бөлінетін қаражат көлемі де көбейіп келеді. Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы соңғы жылдары біршама жоғарылады. Бұрынғы мүмкіндікпен салыстырып қарағанда едәуір алға жылжып, ілгеріледік. Бұл жолы Президент экономика, мемлекетке тартылатын инвестиция туралы көбірек мәселе қозғады.

Экономиканың алға басуы руханияттың дамуына оң серпіні берері анық. Президент «Келешек» бағдарламасы бойынша әр туылған балаға салынатын депозит жөнінде де кеңінен тоқталды. Бұл шешім мәдениет саласының қызметкерлерін де қуантып отыр.

Әр балаға салынған қаржы ата-анаға үлкен көмек болары анық. Жолдау да еліміздің әр ауласын, әр отбасын дамытуға бағытталған мәселелер көп айтылды. Оның бәрі де өзекті.

Марат Кулибаев, облыстық “Ақжол” газетінің тілшісі, ҚХА Журналистер клубының белсенді мүшесі

Президент әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына мән берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын теледидар арқылы тыңдадым.

Жолдау барысында Ел Президенті елімізде ауқымды жұмыстар атқарылғандығын атап өтіп алда тұрған басты міндеттерді атап өтті. Президент: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді.

Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн» деді.

Шындығында да ауыл шаруаышылығымен айналысатын шаруалардың дені суды көп қажет ететін дақылдарды егетіндігі ақиқат. Мәселен биылғы жылы ағын су тапшылығын нақты сезіндік. Сондықтан алдағы уақытта Президент айтқандай, ағын суды аз қажет ететін пайдасы көбірек болатын дақылды егуді қолға алған жөн деп ойлаймын.

Жалил Азимұлы Аббосов, Жамбыл облысы Байзақ аудандық “Ахыска” Түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі

ЕЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ БОЛСЫН ДЕСЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйек күні «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Өз Жолдауын мемлекет басшысы бүгінде алдыңғы бастамаларының басым көпшілігінің жүзеге асып жатқандығы жайлы айта келіп, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті» деп арнайы айтып өтті. Сонымен қатар Президент алдағы уақытта «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын одан әрі қарай іске асыру қажеттігіне тоқталып кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек» екендігін айта келіп, «осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалармен ұштастыру қажет» екендігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қазір әлемде геосаяси ахуалдың ушығып тұрғандығын атап өте келе, «… Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды» деп тұжырым жасады.

Мемлекет басшысы әлемдегі осындай аса маңызды шақта еліміздің зор экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар екендігін айрықша атап өтті. Ол үшін еліміз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуі керек. Президенттің сөзімен айтар болсақ, «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.»

Жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналатын қағидаттар – әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтып кеткендей, «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.»

Президент одан әрі қарай экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, арнайы атап өтті. Ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, сонымен қатар еліміздің экономикасын өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Мемлекет басшысы сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігіне айрықша тоқталып кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздің тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаларды жүзеге асыру керек екендігіне тоқталып өтті. «Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн.»

Қорыта айтқанда, еліміз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы экономиканың жаңаша даму үлгісіне көшуі тиіс. Президент айтқандай, «мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек.»

Президент өз Жолдауында сонымен қатар отандық өнім өндірушілерді қорғау және сирек кездесетін металл кеніштерін игеру қажеттігіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру, су ресурстары, көлік-логистика саласы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне және экономиканың басқа да бірқатар өзекті әрі маңызды бағыттарына тоқталып, күн тәртібінде тұрған міндеттерге талдау жасап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған экономикалық реформаның мақсаты мен міндеттеріне тоқтала келіп, өз Жолдауын мынадай сөздермен қорытындылады: «Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. …

Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз. … Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз.» Еліміз Президентінің осындай ізгі мақсаты мен асқақ арманы орындала берсін деп тілек айта отырып, біз де Жолдауда айтылған міндеттердің орындалуына өзіміздің қолдан келер үлесімізді қоссақ екен деген ниетімізді білдіреміз!

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

философия және саясаттану кафедрасының

аға оқытушысы Баярисов Режеп Оразбайұлы