ЕҢБЕГІ ЕРЕН ДӘРІГЕР

Адам жанына шипа, дертіне қуат беріп, тән мен жан саулығын сақтау жолында аянбай еңбек еткен ақ халатты абзал жандардың қоғамда алар орны ерекше.

Пенде біткенді ажалдан арашалауды мақсат тұтып, дерттіге дауа іздеп, медицина саласында тер төгіп жүргендердің бірі – Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Эльбрус Салпағаров. Балалар дәрігері Эльбрус Хаджимахмұтұлының есімі елге етене таныс.

Күні бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген науқас балалардың дертіне дауа тауып, бірінің сырқаттан құлан таза айығуына сеп болған абзал жанға айтылған алғыс та көп. Мамандығымен қатар қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген дәрігер – «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Әрі өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған барлық қоғамдық-маңызды және мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, ҚХА –ның қайырымдылық шараларынан тыс қалған емес. Жастайынан дәрігер болуды армандап, 1971-1977 жылдары С.Асфендияров атындағы Алматы медицина институында оқып, тәмамдады. Жас маман ретінде кәсіби біліктілігін шыңдауда мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтының бағдарламасы аясында Қазан, Мәскеу, Новокузнецк қалаларында өткен мамандандырылған курстарда балалар хирургиясының өзекті мәселелерін зерттеумен айналысты. Иә, ерінбей еңбек етіп, зор ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, өз білгенін науқасқа қолданатын абзал азаматты нағыз маман деп білген жөн.

Медицина майталманы 50 жылға жуық уақытын осы салаға арнады. Осы жылдар ішінде ел болашағы – өскелең ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамай, басы ауырып, балтыры сыздағанның дертіне дауа таба білді. Жетпіс жастағы ардагер дәрігер қарапайымдылығымен бірге адалдығымен, орнықты мінезімен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне бөленуде. Салада атқарған талай жылғы еңбегі еленіп, «Денсаулық Сақтау саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Алтын дәрігер» медальдері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің грамотасымен, Облыс әкімдігінің «Құрмет грамотасымен», Облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасы», Облыстық балалар ауруханасының және денсаулық сақтаудың бірнеше мәрте грамоталарымен марапатталған.

Елеулі еңбегінің арқасында қадірлі болған ақ халатты абзал жандар қашанда құрметке лайық!

БАРЛЫҚ ЖЕТІСТІКТІҢ БАСТАУЫ – ЕҢБЕК

#Адалазамат

#Адалеңбек

БАРЛЫҚ ЖЕТІСТІКТІҢ БАСТАУЫ – ЕҢБЕК

Еңбек – адам өмірінің мәні. Ешкім де онсыз мұратқа жетіп, биікке шықпайды. Сондықтан да, тіршілікте бағы жанып абыройы асқандардың бар¬лығы да қажырлы еңбекпен биікке жеткен адамдар деп айтуға болады.

2013 жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысының қаулысымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі болып еңгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс» деген болатын.

Тәуелсіздік алғанына 33 жыл толған Қазақстанның экономикасының қалыптасуына негіз қалаған, қажыр-қайраты мен күш-жүгерін еліміздің өркендеуіне арнаған еңбек ардагерлеріне, аға буынның тәлімгерлік жолын жалғап ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген отандастарымызға зор ризашылығымды білдіремін! Әр салада кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген Сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс, зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!

 

Абдырахман Зайнутдинов, Тараз қалалық Өзбек этномәдени орталығының төрағасы

 

ХАЛЫҚТЫҚ ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

6 қазан күні елімізде атом электр станциясын салуға қатысты жалпыұлттық референдум өтеді.

Бүгінгі таңда атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылып, түрлі форматта кездесулер өткізуде. Осы мақсатта Достық үйінде өңірлік штаб мүшелері облыстық этномәдени бірлестік жетекшілерімен жүздесіп, атом электр станциясының еліміз үшін қаншалықты қажет екенін түсіндірді.

Кездесуде штаб өкілдері, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Сембек Сейдәзімов, «Аманат» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали , М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Тұрсынай Рыстайқызы, облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов АЭС құрылысының маңызы мен бейбіт атом жұмысының барлық аспектілерін түсіндіріп, қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.

МЕДЕТБЕК АҚСАҚАЛ – «БАТАГӨЙ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Бата – халық қазынасы. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп дана қазақ тегін айтпаған. Бата беру дәстүрі арқылы ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеуде қазыналы қариялардың алар орны ерек.

Өскелең ұрпаққа игі дәстүрді дәріптеуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі Алматы облысында республикалық «Батагөй» байқауын ұйымдастырды.

Аталған сайысқа Жамбыл облысынан өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетбек Сейітқазы қатысып, барлық кезең бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттауда қатысушылар  «Баталы елге бақ қонар!», «Бата алғанның – бағы артар», «Ата сөзі – бата сөзі» деп аталған үш кезең бойынша бақ сынады

ОҚУ ҚОРЫН ТОЛЫҚТЫРДЫ

«Қазақстан Республикасының «Барбанг» күрділер қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалы» ҚБ төрағасы Сартиф Алиев Талас ауданы Қасқабұлақ ауылының мектебіне барып, күрд тілін үйретуге бағытталған әдістемелік оқу құралдар мен оқулықтарды табыстады.

Жергілікті мектепті оқу материалымен қамтамасыз етуді мақсат еткен шара Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылып, Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығының төрағасы Әзиз Әлиевтің тапсырмасы бойынша өткізілді.

Нәтижесінде, мектептің кітап қоры академик Князь Мирзоевтың авторлығымен күрд тілінің “ABC Alfabe” әліпбиі және «Zimanê Kurdî» оқулықтары, «Nübar» әдеби-көркем журналдары, сондай-ақ Бақытжан Жұмағұловтың академик Надир Кәрімұлы туралы жазған қосымша оқу әдебиеттерімен толықтырылды.

Айта кетейік, аталған оқу материалдары әртүрлі мектеп жасындағы балалардың деңгейіне арналған. Сондай-ақ, оқушылардың сабаққа дайындалу, жаңа білім алуы, әсіресе ана тіл мен мемлекеттік тілдерді үйренуіне пайдалы болмақ.

Аталған ауылға сапары барысында аймақтық бірлестік жетекшісі Сартиф Әлиев мектепті аралап, күрд тілінің мұғалімі Руслан Даурешовпен кездесті.

 

ҚХА ШЕБЕРЛЕРІ ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ

Баршамызға белгілі тұлпарлар тұяғының дүбірі қалған Ұлы Даламызда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтуде. Аталған байрақты бәсекенің «Көшпенділер Әлемі» атты этноауылдағы «Шеберлер ауылы» көрмесіне ҚХА жанынан құралған қолөнер шеберлері қатысуда.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі жүзден астам қолөнерші өздерінің бірегей бұйымдарын таныстырып, шеберлік құпиялары және тәжірибелерімен бөлісуде.

Көшпенділер ойындарына келген әрбір қонақ қазақ халқының бай әлеміне еніп, көшпенді халықтардың өзіндік мәдениетімен танысып жатыр. Бұл оқиға – өткенді шолып, оның ырғағын сезіну және мәдени мұрамен қауышудың ұмытылмас сәттерін сезінуге бірегей мүмкіндік.

Қолы алтын облыстық ҚХА қолөнер шеберлері өздерінің бұйымдарымен шетелдіктердің таңдайын қақтыруда. Олардың айтуына қарасақ жүннен жасалған әртүрлі бұйымдардың сұранысы жоғары көрінеді.

Айта кету керек 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – әлемнің 89 елінен 2000-нан астам қатысушылар келген Қазақстандағы жылдың ең маңызды оқиғасы.

ТАЛАС АУДАНЫНДА АЙМАҚТЫҚ КОУЧИНГ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде Талас ауданында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімі «Мемлекеттік саясаттың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазіргі жай-күйі: өңірлік даму ерекшеліктері» тақырыбында аймақтық коучинг өткізді.
Семинар-тренингке мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті тұрғындар, жастар және этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жетекші сарапшысы Рианна Жалпанова модераторлық етті.
Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Айгүл Абдрахманова және психолог, психология ғылымдарының магистрі Жұлдыз Сарыбаева «Қатынастар мен қақтығыстар» және «Қазақстандағы этносаралық қатынастар стандарттары» тақырыбында тренингтерін өткізді.
Шара соңында қатысушылар баяндамашыларды тыңдап, сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

ТАҒЫ БІР ОТБАСЫ ТУРАЛЫ

Жуырда «Жамбыл облыстық «Полонез» тілі мен мәдениеті орталығының өкілдері облыстық өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне барып, Отбасы күнін атап өтті.

Қатысушылар өздерінің қамқорлығындағы «отбасыларымен» әңгімелесуде балаларға дәстүрлі отбасылық құндылықтар, адамдарды біріктіретін игі әдет-дәстүрлерді дәріптеу, бір-біріне қамқорлық жасау және өзара сүйіспеншілікті сақтау қаншалықты маңызды екендігін сөз етті.

Кеш соңында аталған орталық тәрбиеленушілері «Полонез» орталығынан арнайы сыйлықтар алды.

ҮЛГІЛІ ШАҢЫРАҚ ИЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Олар қашанда өзгеге үлгі болмақ.

Халықаралық отбасы күні мерекесі қарсаңында ҚХА-ның ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының «Адал азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты аясында 50 жыл отасқан «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан «Күміс кереге» номинациялары бойынша өңірдегі үлгілі отбасылар марапат төрінен табылды.

Достық үйінде өткен мерекелік шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев және республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова арнайы номинация бойынша облыстағы отбасы құндылығын сақтап, нығайтуға үлес қосқан отбасыларды марапаттап, ізгі тілектерін білдірді.

Талай жылғы татулығы кейінгі ұрпаққа өнеге болған 53 жыл отасқан Алдаберді Мақашев пен Әсия Исмаилова «Алтын шаңырақ» номинация иелері атанса, 38 жыл отасқан жуалылық Сейфатдин Алекпаров пен Лалазар Алекпаровалар отбасы «Күміс кереге» номинациясын иеленді. Ал Сарысу ауданынан келген Жансерік Базаров пен Жеңісай Искаковалар отбасы және Т.Рысқұлов ауданының өнегелі шаңырақ иелері Жандос Болатбеков пен Гүлжан Күлегешовалар «Үлгілі отбасы» номинациясы бойынша марапатталды.

Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі «Менің отбасымның дәстүрлері» онлайн байқауын ұйымдастырды.

Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде байқау қорытындысы жарияланып, марапаттау рәсімі өтті.

Аталмыш дәстүрлі байқауға қатысуға биыл 8 отбасы ниет білдірді. Отбасы құндылығын насихаттап, дәстүрді дәріптеген сайыста қатысушылар жан-жақты өнерлерін ортаға салып, бейнероликтерін мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырды.

Байқау үміткерлерінің жұмыстары көп лүпіл пен пікір жинау арқылы сарапқа салынды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова марапаттап, өнегелі отбасы – қоғам байлығы екендігін алға тартты.

Сайыс нәтижесіне сай, тараздық Исатаевтар жеңімпаз атанды. Ал шаңырақтағы береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсеткен Камбаровтар әулеті жүлделі екінші орынға ие болса, Металимовтар мен Таукеновтар отбасына үшінші орын бұйырды.

Байқауға қатысқан Таласбаевтар, Кучалиевтер, Искендировтар, Амоевтер отбасы Арнайы алғыс хаттармен марапатталып, барлық қатысушылар сый-сияпаттарға ие болды. Мерекелік шара соңында көрермендерге өңірлік этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

 

ЖАСТАРҒА АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде атом электр станциясын салу бойынша 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтетіндігін мәлімдеген болатын.

Бүгінде елімізде маңызы зор және ел болашағына әсері мол түйткілді мәселенің жай-жапсарын түсіндіруде кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығы өңірлік «Ассамблея жастары» республикалық ҚБ өкілдерімен кездесті.

Жиында «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасының орынбасары, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева және облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Медеу Мырзатай қоғамның қозғаушы күші жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді.