Қоғамдық келісім кеңесінің бірінші облыстық форумы

16

Тараз қаласында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің «Қоғамдық келісім – даму мен табыс кепілі» бірінші облыстық форумы болып өтті.

Аталмыш іс-шараның басты мақсаты –  елімізде  бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы, мемлекеттік реформаларды жүзеге асырудағы қоғамдық келісім кеңесінің жұмысын бекітіп, оны әрі қарай дамыту.

Форумға ҚХА мүшелері, қоғамдық келісім кеңесі, облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің басшылары, ақсақалдар мен аналар кеңесі, «Ақжелкен» жастар лигасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қоғамдық келісім кеңесінің бірінші облыстық форумының өткізілуі аудандағы қоғамдық кеңестердің дамуына үлкен қадам десек болады, себебі мұнда қоғамдық кеңестердің қызметі мен қағидаттары, мақсаты мен міндеттері айқындалды. Сондай-ақ, форум қатысушылары өзара пікір алмасып, аудандағы қоғамдық  кеңестердің іс-тәжірбиелерімен бөлісті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы әрқашан да еліміздің өркендеуі мен дамуына өз үлесін қосып келеді.  20 жыл ішінде облысымыздың ассамблея құрамы сапалы түрде өсті. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы құрамында тек 9 этномәдени бірлестік болса, қазіргі кезде өңірлік ассамблея құрамында 73 этномәдени бірлестік бар: олардың 26-сы облыс орталығында болса, 47-сі облыс аудандарында. Осы жылдар арасында өңірлік ассамблеяның құрамы  өзгеріп қана қоймай,  оған озық қоғамдық институттар: ғылыми-сараптамалық топ, ақсақалдар мен аналар кеңесі, аудан және қалалық әкімдіктер жанындағы қоғамдық келісім кеңестері, «Ақ желкен» жастар лигасы енді.  Осы уақыт аралығында өңірлік ассамблеямыз белсенділік, бастамашылдық танытты. Республика бойынша біздің облысымыз алғашқы болып ауылдар мен аудандарда Ассамблея күндерін атап өтетін болдық. Бұл идея «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» республикалық мега-жобаға енгізілді. Аудандағы этномәдени бірлестіктерді қолдау мақсатында  ғимараттар  бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында гранттық қолдау көрсетілуде.  Өңірлік ассамблея қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қоғамдық келісім – общественное согласие» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жаңа ғимарат салынды», – деп облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Шабден Тілеумурат өз баяндамасында.

Форум жұмысында қоғамдық бақылауды нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті  бекіту механизмі мен тұрғындардың көкейкесті мәселелерінің  шешімін табу жолдарына бағытталған  ұсыныстар әзірленді. Байзақ ауданының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ж. Құмғанбаев, Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылдық округінің қоғамдық келісім  кеңесінің хатшысы Сәуле Майлыбаева, «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Б. Көптілеуов  аудандардағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы туралы өз баяндамаларын оқыды.

Форум өз жұмысын марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарламамен аяқтады.

Дүнген этносының мәдениет күні

15

Бүгін «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дүнген этносының мәдениет күні» өткізілді. Мерекелік кешке ҚХА мүшелері, соғыс және еңбек ардагерлері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, жастар, өңіріміздегі барлық этнобірлестік мүшелері және қала қонақтары шақырылды.  Іс-шара барысында қонақтар  дүнген халқының салт-дәстүрлерімен танысты.

«Қазақстанда тұрып жатқан  елу алты мыңнан астам дүнгендер халқының кемінде отыз мыңы  Жамбыл облысында тұрады. Облысымыздағы үлкен  дүнген диаспорасы үшін бұл мерекенің мәні зор.  Бұл айтулы күнді біз қолдау көрсетіп, бізбен бірге тойлауға келген  достарымызбен қарсы аламыз. Дүнген халқы Тәуелсіз Қазақстанымызда достық қарым-қатынаста тұрып жатқан, бірлігі жарасқан  үлкен отбасының бір мүшесі десек те болады. Бұл этностың өкілдері еліміздің өсуіне, экономикасының дамуына барынша үлестерін қосып келеді.  Қазіргі заман дүнгендері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін сақтай отырып,  қазақ халқының  және өзге де ұлттың дәстүрлерін де бойларына сіңіріп келеді,»- деді «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдениет орталығының басшысы Руслан Исмазов.

«Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біздің облысымызда 80-нен астам өзге ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Елбасымыздың жалпықазақстандық «Мәңгілік ел» мен дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру туралы идеясы әрбіріміздің жүрегімізге жылулық ұялатады», – деп атап өтті өңірлік ассамблея хатшалығының меңгерушісі Маржан Қожаева.

Іс-шара барысында қонақтар  дүнген халқының салт-дәстүрлерімен танысты. Жаңа ғимараттың үлкен де кең залында  бірнеше шығармашылық топтар ұлттық билерін,  басқа да өнерлерін көрсетіп, көрермендердің зор ілтипатына бөленді.

Мерекелік іс-шара соңында ұйымдастырушылар келген қонақтарға дүнген ұлттық тағамдарын да ұсынды.