Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаев Ресейлік «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбаты

Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаев Ресейлік «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатын оқығаннан кейін өзімнің Қазақстан азаматы екендігімді бұрынғыдан да мықтырақ мақтан тұтамын. Президент  елде тұратын 3,5 миллионнан астам орыстың «біздің халқымыздың ажырамас бөлігі»  болып табылатындығын, және олардың барлық құқықтарды пайдаланатынын атап өтті. Ол Ресейдің Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор және ұмытылмайтынын және қазақстандықтардың этникалық шығу тегіне қарамастан өзін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп есептейтінін атап өтті: – «Этносаралық келісім-ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы, онсыз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес. Қазақстан, Ресей сияқты-көпұлтты мемлекет. Бұл үлкен стратегиялық плюс деп есептеймін, біз «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын негізге аламыз».     Шын мәнінде, қазақстандықтар, олардың этникалық шығу тегіне қарамастан, өзін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп санайды. Қазақстанда «ұлттық азшылық» ұғымы жоқ.     «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің мүшесі бола отырып, мен біздің президентімізбен  толық келісемін. Біз Ұлы қазақ жерінде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз, ал біздің Отанымыз – көптеген ұлттардың ортақ үйі. Көп ұлтты және қоғамдық келісім – Қазақстанның қазынасының бірі. Біз әртүрлі ұлттардың өкілдеріміз, бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, бір-бірімізден үйреніп, өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, бір-бірімізді толықтырамыз. Бір халық болып Отанымыздың дамуына үлес қосамыз және біз ортақ Отанымыздың мүддесі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.      Ешқашан, ешқандай байлық үшін, Отанымызды басқа мемлекетке ауыстырмаймыз. Менің Отаным-киелі қазақ жері. Қазақстан-менің туған елім, туған жерім!

«Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы» ҚБ мүшесі

Динара Хаттамқызы

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған..

 (Абай Құнанбайұлы шығармаларының  менің өмірімдегі рөлі)

 «Халқымыздың  рухани  өміріндегі  қайталанбас  ерекше  құбылыс  – Абай.  Абай  ілімі, Абай  табиғаты,  Абай  үні – мүлдем  ерекше. Бабамыздың:  «Атаңның   баласы  болма, адамның  баласы бол»  немесе «Біріңді  қазақ  бірің  дос, көрмесең істің бәрі бос» деген  қасиетті де, құдіретті   сөздері қай  заман, қай  қоғамда  болмасын  барша  адамзат  баласының  ортақ  тағылымы іспеттес. Абай – әлемдік  ойшылдардың  қатарындағы ғажайып  тұлға.  Абайдың  әр  сөзі мен  үшін   өмірімнің  өрнегі,  тіршілігімнің  тынысы. Ұлы Абайдың шығармалары менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Мен өмірімнің қай кезеңінде болмас едім, қай салада жұмыс жасамасам да, әрдайым ақынның сөздерін ұстанамын.
Мен ана ретінде балаларды ұлы ақынның ұстанымына, адамгершілік пен еңбекқорлық қағидаттарына сәйкес тәрбиелеймін.

Ұлылығы  жер-әлемге  тараған,

Қасиетіне  басын  иген  адам  бар.

Абай  атам-  мақтанышы  қазақтың,

Бар  өмірін  өлең  -жырға  арнаған! Абайдың  әрбір  сөзі  даналыққа    толы.  Кез  келген  адам  Абайдың  өлеңі  мен  нақыл   сөздерін   оқығанда «Шіркін,  мен де  сондай  болсам ғой?!»- деп  армандайтыны  шындық. Абай  ел  ішіндегі  күншілдік,  өтірік,  өсек,  жалқаулық  сияқты  ұнамсыз   жайларды  сынады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы  болып саналады.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай Отанымыздың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады.
Абай әрдайым жаңа, прогрессивті болуға ұмтылды және халқының болашағына алаңдап, оны өркениетті даму жолына түсуге шақырды. Білімді адам бола отырып, ол бірінші кезекте білім, мәдениет, озық идеялар мен ғылым – қоғамның негізгі қозғаушы күші болатындығына сенімді болды. Олар өз кезегінде барлық халықтар үшін қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністік болған кезде ғана дами алады. Сонымен қатар, Абай Құнанбаевтың қай шығармасын алсақ та, еңбексіз қоғамға байлық пен молшылыққа жету мүмкін емес екенін: «Көктен жақсылық күтпеңдер, еңбектен жақсылық іздеңдер!» деп үнемі ұрандата отырып санаға құйып келді.       Абайдың айтқан және жеке мысалмен көрсеткені ұлттық санадағы өзгерістерді қамтитын рухани модернизацияның негізгі бағыттарына сәйкес келеді.  Бұл сананың ашықтығы, бұл өзгертуге дайын болуды және Абайдың одан әрі дамуына мүмкіндік бермейтін өткен элементтерден бас тарту мүмкіндігін білдіреді. Әрине, білімге табыну, өйткені білімді адамдар барлық уақытта бағаланады, ал бүгінгі таңда жоғары білімді болу – заман талабы. Абай: «Білімге, ғылымға ұмтыл, адам болуды үйрен, халқыңа пайдалы іс жаса!» деп жастарға өз ілімін тастап кетті.

 

Әлемде қандай да бір жетістікке, өзі  таңдаған мұратқа адам өзі жеткілікті қайрат пен жігер жұмсамай жетуі қиын екенін әлдеқайда айтып кеткен. Ғылым және білімді оқуы, өзінше ізденуі — қайрат-жігерін дұрыс пайдалана білгендігі ғой ғұлама Абайдың?!

Абайдың қайратты қарасөздері оның сөзге деген өнерінің көркемдік күшін, даналығын көрсеткен прозалық шығармалар болып табылады. Ұлы ақынның терең мағыналы,санаға қозғау салып, ойды шымырлата түсетін тәрбиелік мәні зор  қара сөздеріне тоқталсам. Абайдың қарасөздерінің жалпылық саны 45 бөліктен  тұрады. Олар тақырып нысанынан бірғана бағытта жазылмады, олар әр алуан болды. Абайдың 6 ,7-нші қарасөздері қысқалау болса, кейбіреулері тақырып және мағынасы жағынан ауқымды болды. Абай өз қарасөздерінде туындының көркіне ғана емес, сонымен бірге оның ауқымдылығы мен мағынасына назар аударған.

Кемеңгер бірінші қара сөзінде өмірінің ендігі кезін қалай, нені кәсіп қылып өткізетіндігі туралы жазған. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу сияқты амалдардың ешқайсысын ермек қыла алмайтындығын жазған. Ақыры ойлай келе ақ қағаз мен қара сияны ермек қылып, өз ойына келген нәрселерді жазуды жөн көрді. Өзінен кейінгі ұрпаққа өсиет қалдырды: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,-деп аяқтады.

Дара ақынның әрбір қара сөзі тұнып тұрған білім, тәрбие, өнеге. Соның бірі он жетінші қара сөзі. Бұл қара сөз Ғылым, Ақыл, Қайрат, Жүректің диалогінен құралған. Қайрат, ақыл, жүрек адам баласы үшін өздерінің маңыздылығын, атқаратын жұмысын айтып, әрқайсысы бірінші орынға таласып, ғылымға төрелікке келеді.  Сонда ғылым үшеуінің сөзін тыңдап әрбірінің жақсылығын-жамандығын, пайдасын-залалын айтып, жүректің билік еткенін жөн көреді. Ақылды жақсы да, жаман да жақсы көретінін, жүректің жақсылық айтқан ақылға жаны құмар екенін, қуанышпен қарайтынын, ал  жаманшылықтан жиіркенетінін айтқан. Жүректі тыңдар болсаңдар қайратыңды, яғни күш жігеріңді жақсы әрекет етуіңе атсалысады, орынсыз істерге жолатпайтынын мәлімдеген. Ғұлама осы үшеуі де адам бойында бірдей табылатын болса, содан артық қасиетті адам болмайтыны жайында айтқан.

Дана ақынның он тоғызыншы қара сөзі де жақсылардан үйреніп, жамандардан жиренуге үйретеді. Оған дәлел ақынның мына сөзі: «Ей жүрегімнің қуаты перзентлері! Сіздерге адам ұғымының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Адам ата-анадан туғанда есті болмайды естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы , сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», – дейді. Адамдар білімді есті кісілердің сөздерін ескеріп, ойына түйіп, сол түйгенінен жақсы нәрсе шығарса, жамандықтан аулақ болса, сонда ғана сол –  адам болады делінген. Егер де  жақсы сөз айтылып қаперіне құймаса, атқан сөз айтылған жерінде қалып жатса, ондай адамнан шошқаның өзі артық екенін айтқан. Осыны айта келе ақын оқырмандары білімді, естілерді тыңдап өскенін қалады.

Қорыта келе айтқанда, кемеңгердің әр қара сөзін оқып  мағынасын түсіне білген адамға таптырмас рухани азық. Кез келген қара сөзі тұнып тұрған білім, терең мағына, адамды еңбекқор болуға, ақылды, талапты, сауаттылыққа, діни білімді болуға шақырады.  Халықтың кемшіл,жаман тұстарын талдап, сол қасиеттерден аулақ болуды өсиет еткен. Ұлы ақынның қара сөздері әрбіріміз үшін бойымызға тәрбие, білім нәрімен сусындататын таптырмас асыл қазына. Әр  сөзі- өмірдің   өрнегі,  тіршіліктің  тынысы  бола  білді. Кейінгі  жас  ұрпақ   өнегелі   сөздермен  нәр  алып,  тәлім  алып, өсе  берсін    демекшімін. Дара ақын артына өшпес мұра қалдырды.

Абайдың  сөзін  қоспай  ешкім де,  ешнәрсе  де  айта  алмайды.Бұл, әрине  мәңгілік  өлмейтіндігінің  дәлелі.  «Ол –  біздің  әрқашан  ұлттық  ұранымыз.  Ол  арқылы  біз  Қазақстанды  әлемге  танытамыз!»  деп ойымды Елбасымыздың   сөзімен  қорытындылағым  келеді.

 

 

Нуралиева Динара Хаттамовна

 «Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің

№34 орта мектебі»КММ директоры

Жамбыл облыстық «Вынхуа»

дүнгендер қауымдастығы» ҚБ-нің мүшесі

«Болашақ үшін естелік» тақырыбында тарихи-танымдық онлайн конференциясы өтті

Ағымдағы жылдың 30 мамырында облыстық ҚХА және Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Тараз қаласының Достық үйінде «31 мамыр – қуғын -сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай, «Болашақ үшін естелік» тақырыбында тарихи-танымдық онлайн конференциясы өтті.

Іс- шараның мақсаты: Жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, жалпы тарих пен жалпыұлттық идея негізінде қазақстандық біртек-тілікті нығайту, болашақ ұрпақ үшін тарихи жадыны сақтау жолында азаматтық қоғамды біріктіру болып табылады.

Онлайн конференцияның модераторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобы төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидатыМамедова Парида Иманжанқызы жүргізді.

Алғашқы баяндамашы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Баярисов Режеп Оразбайұлы 1932-1933 жылдары «Қазақстанда орын алған ашаршылық және оның саяси себептері мен салдарлары» тақырыбында баяндама жасап, өз сөзінде «Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес.Біздің борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбан болған азаматтарының есімдерін ұмытпай, мәңгі есте сақтап, жас ұрпақ санасына бабалар аңсаған тәуелсіздікті, Қазақстанымыздың көркейіп, гүлдене түсуіне өз үлестерін қоса отырып, бейбіт өмірді бағалай білуге тәрбиелеу» – деп сөзін аяқтады.

Сонымен қатар,аталған оқу орнының оқытушылары (тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі)Бақторазов Сейдахан Уәлиұлы «Әулие ата өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: Ақиқат пен қауесет» тақырыбында, («Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі)Сейтқұлова Жанна Мамбетқызы «Жамбыл облысына депортацияланған этностар», (Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, төраға орынбасары)Исмайл Хаджимуратов«Өмірін ұлын күтумен өткізген Шекер әже жайлы толғау»тақырыптарында баяндамаларын жасады. Конференцияның соңында басқа да қатысушылар тарапынан пікірлер айтылып, өз ойларын ортаға салды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім»КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Қасіретті жылдар ұмытылмайды

Зұлмат жылдар. Зобалаң уақыт. Алапат аштық. Айтуға ауыр, естелігінің өзі есіңді алған тарихтың қиын-қыстау кезеңі. Осыны ұмытпау үшін бүгінгі ұрпақ 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Бұл күн қазақ тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен қасіретті кезеңдердің де аз болмағанын көрсетеді. Сонау қасіретті жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен  қайраткерлерді еске алып, рухына тағзым ету – болашақ ұрпақтың парызы. Тарихтан тағылым алып, биік мақсатқа бет алған ұлы халықтың  ұлағаты осындай болса керек.

Еліміз тәуелсіздік алғалы құпия тақырыптарға түрен салынып, өзінің тарихи бағасын алып жатыр. Деректерге көз жүгіртсек, сонау 1928-1953 жылдар аралығында Кеңес одағында 4 миллионға жуық азамат репрессиядан жапа шеккен екен. Ал Қазақстан 103 мың адамынан айрылып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Негізгі тарихшылар саяси қуғын-сүргін үш кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы 1928 жылғы Алаш қозғалысы өкілдеріне құрық салынған кезден бастау алады. Алды жер аударылды, кейінгі 44 адам тұтқындалып, оның үшеуі атылып кетті. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов тағы басқа көптеген азаматтар болды. Оларға жалған айып тағылды.

Кеңестік кезеңде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қатарында «өзгеше ойлайтын» «Халық жауларынан» басқа, туған жерден жыраққа күштеп көшірілген өзге ұлттың өкілдері де болды. Еліміздің орталық мұрағатының 1937-қорының 70-бумасындағы құжатта 1941 жылдың 2 қазанына дейінгі мəліметте Қазақстанға барлығы 24258 адам жер аударылса, Əулиеата өңіріне 2019 түрлі ұлт өкілі қоныстандырылған екен. Олардың арасында орыстар, украиндар, беларус, еврейлер, поляктар, немістер, латыштар, литвалықтар мен эстондықтар болған. Сол жылғы 18 қарашадағы мəлімет бойынша қазақ жеріне 159 944 адам жер аударылса, оның 10759-ы облысымызға қоныстанған. Ал осыдан он күннен кейінгі деректе жер аударылғандардың саны 306 376 адамға жетіп, Жамбыл жеріне табан тірегендер саны 18000-ды құрапты. Осы деректің өзі қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерін қоныстандыру аса қауырт жəне жедел түрде жүзеге асырылғанын көрсетеді. «Бұдан кейін де Ұлы Отан соғысының барлық жылдарында еліміз сияқты өңірге жер аударылғандар қатары күн санап арта түсті» деп жазған өз зерттеулерінде журналист, өлкетанушы, мұрағатшы Мақұлбек Рысдəулет. Мақұлбек ағамыздың «Жамбыл облысы – 75. Жылнама-шежіре» атты тарихи-танымдық кітабында көптеген құнды деректер топтастырылған. Елімізге алғаш болып поляктар 1936 жылдан бастап көшіріле бастағаны және оның көптеген себептері бар екені анық көрсетілген. Ұзақ жылдар бойы беймəлім, құпия болып келген құжат Қазақстан Республикасы орталық мұрағатының 1137-қорында сақтаулы.

Депортацияланған халықтар ауыр жағдайларды бастан кешті. Қыстың қақаған аязынан ауру-сырқау, өлім-жітім көбейді. Бір түнде ешқандай себебін түсіндірместен жылы төсектен тұрғызып, аш-жалаңаш суық вагонға тоғытып, бұрын естіп-білмеген елге үдере көшіріп жібергенде бір-бірінен көз жазып қалғандар, жолай ауру-сырқаудан көз жұмып, бірі жесір, бірі жетім қалғандар қаншама.

Біз бұл күні саяси қуғын-сүргін құрбандарымен бірге ашаршылықта көз жұмғандарды да еске аламыз. Жүгірген аң, ұшқан құсты аулап азық ете алмай сансыраған жұрттың санасы тұманданып, адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары «аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқандардың асқан қатыгездікпен жүзеге асырған дүрбелеңі еді бұл. Ресми деректердегі аштықтан қырылғандардың санын айтудың өзі ауыр. Ғасырлар бойы елдік пен ерлікті ту еткен қазақ зұлмат жылдардан аман шыққан ұлт үшін ол кезең тарихтың ақтаңдақтары болып қала берері анық.

Кейінгі ұрпақ бұл кезеңге «Ғасыр зұлматы» деген атау берді. Келесі жылы осы ғасыр зұлматына 100 жыл толады. Қалай десек те, зұлматты жылдардың зобалаңы ұмытылмайды!

 

 

Жамбыл облысы ҚХА мүшесі,

 Әулие-Ата қазақ мәдени орталығының өкілі

Айгүл Кабиева

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Достық үйінде ҚХА еріктілері марапатталды

Еріктілер жылында өңірлік волонтерлерді қолдау мақсатында, 29 мамыр күні Тараз қаласы Достық үйінде марапаттау рәсімі өтті. Жамбыл облысы ҚХА “Жаңғыру Жолы” жастар қозғалысының өңірлік штабының орынбасары, облыстық ассамблея волонтерлік қозғалысының әлеуметтік бағытының координаторы Алиев Хабиб Соханалиевич, сондай-ақ штабтың екінші орынбасары және волонтерлік қозғалыстың спорттық бағыты бойынша координатор Лигостаев Артур Михайлович және өңірлік “Жаңғыру Жолы” штабының белсенді мүшесі Заитова Сабина Тахирджонавна қайырымдылықты, рухани бірлікті, достықпен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың , гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбегі үшін Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж.Қ.Түймебаевтың алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде алғыс хатты жастарға деген ыстық ықыласын жеткізе отырып, Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы табыстады.

30 мамыр

30 мамыр күні Мемлекет басшысының 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеумен толық таныстым. Отанымызда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады, деп мәлімдеді ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл отандық тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. XX ғасырдың 20-50-ші жылдарында КСРО-да тоталитарлық режим құрылды, ол жүздеген мыңдаған адамдардың қаза болуына себеп болды. “Қызыл террордың” шыңы 1937-38 жылдары болды. Бүгінде бұл есімдер әрқайсысына таныс: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мыржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санджар Асфендияров және т.б. Саяси себептер бойынша 103 мың адам сотталып, олардың төрттен бірі – ату жазасына кесілді. Қазақстан картасына ГУЛАГ жүйесіне кіретін 11 лагерь енгізілді, олардың ішінде АЛЖИР, Карлаг, Степлаг. Қазақстан Президенті Отан сатқыншылары әйелдерінің Ақмола лагері қатыгездік пен цинизмнің қайғылы символы деп атады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде атап өтілгендей, 5 миллионға жуық адам Қазақстанға күштеп қоныс аударды. Қазақстанда 100 мыңға жуық адам қамауға алынып, 20 мыңға жуық адам атылды. Әр жылдары Қазақстанға жер аударылған кәрістер, поволжск немістері, гректер, Солтүстік Кавказ халықтары, курдтар, түріктер, Қырым татарлары бар эшелондар келді. Олар мұнда өліп бара жатқан, бірақ өткен Қазақстан білмей, болашақта жаңа үй ала алды. Қиын сәтте келгендердің барлығына көмек пен мейірімділік қолын созып, өз жүрегінің жылуын қонақтарымен бөліскен қазақ халқын тарту етті. Біз орын алған оқиғаның барлық жағдайларын ашатын нақты фактілерге ие болуымыз қажет. Біз тарихтағы бұл олқылықты толықтыруымыз керек.

Мұндай тарих сабақтары осындай қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін есте сақтау маңызды. Болашақ ұрпақ үшін сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған белгісіз есімдер қалмауы тиіс. Тарихи шындықты сақтау және жаңа ұрпаққа беру маңызды!

 

Жамбыл облыстық

«Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің

мүшесі Динара Хаттамқызы

 

ТАРАЗДА БОЛАШАҚ ҮШІН ЕСТЕЛІК КЕШІ ӨТТІ

31 мамыр қазақстандықтар үшін үлкен мән мағынаға ие. Қынабынан қан тамған заманда «Халық жауы» атын иеленіп, саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, отбасы да, жақындары да бірге жапа шекті. Бұл қилы замандағы қасірет халықтың көзінен кетсе де, көңілінен кетпеді.

Ал Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітілді.

Аталған атаулы күнге орай, Тараз қаласы Достық үйінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ бірлесе отырып «Болашақ үшін естелік» атты онлайн еске алу кешін өткізді.

Дерек көздерде Жамбыл облысында 5 миллионнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 845 адамы қаза тапқан делінген. Тарихи отанынан айырылып айдауда жүрген азаматтарға пана болған еліміздің бауырмалдық, қонақжайлық қасиетін этнос өкілдері ерекеше бағалайды. Бүгінде олар бірлігі бекем, тірлігі көркем елдің халқына айналған.

Онлайн кеш барысында LED-экраннан қуғын-сүргінге ұшыраған ұлттар жайында видеоролик көрсетіліп арты театрландырылған қойылымға ұласты. «Үкілім-ай» би ансамблінің «Вечная память» биімен жалғасын тапқан кеште Тәжік этномәдени бірлестігінің өкілі Тухтамышев Мырзобобур «Земля Казахстана» әнін шырқады. Кеш әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетілді.

ІЗГІЛІКТІҢ ІЗІ

«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без!», – дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жабырқау жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсыну болып табылады. Халқымыз «жақсылық» деген ұғымды адамгершілікке балаған.

Рамазан айында ҚХА облыстық Аналар кеңесі және Тараз қалалық Өзбек этномәдени орталығының жастар қанатының бастауымен, сондай-ақ, қаламыздағы барлық этностардың жас кәсіпкерлерінің қолдауымен тағы бір  қайырымдылық іс жасалды.  Жақсылықтың жаршылары аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға гуманитарлық көмек көрсетті.

Барша мұсылмандардың ұлық мерекесіне орай акцияға «Айт дастарханы» атауы берілген.  Аты айтып тұрғандай айт дастарханына қажетті азық-түлікке толтырылған себеттер 20 жанұяға үлестірілді. Әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар мен жалғызбасты аналар ассамблея жастарының игілікті іс-шарасының арқасында қасиетті Рамазан айында айт-дастархандарын тәтті-дәмдіге толтырып, балаларын қуантып, үй-іштерін мерекеге, шаттыққа бөледі. Адам баласына бақыт сыйлау үшін көп нәрсе керек емес.

Адам өмірін жақсылықпен нұрландыру игі іске бастамашы болған белсенді жастардың басты мақсаты.

Тараз қалалық өзбек эномәдени бірлестігі Жастар қанатының  төрайымы Лэйла Худиева: – Адамға жақсылық жасағанда риясыз жасау керек. Өйткені ол жанашырлықпен, шын көңілмен, адал ниетпен жасалған іс. «Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды міндет етпе!» деген сөз бекер айтылмаған. Ассамблеяның жастары барлығы дерлік жақсылық жасауға ұмтылып тұрады. Тіпті мұқтаж жандарды өздері іздеп тауып жатыр. Бар тілегім әлемде ізгіліктің ізі жойылмаса екен!-деп өз тілегін білдірді.    Қайырымды жандар акцияның алдағы уақытта жалғасын табарын жеткізді.

Ізгіліктің ізін басып келе жатқан жастардың жақсы ниеттері өскелең ұрпаққа зор үлгі! Қанаттарың талмасын, қадірлі жастар!

 

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ҚАЛАШЫҒЫНАН ТАБЫЛҒАН СҮЙЕК БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚОЛӨНЕРДЕ АЛАТЫН ОРНЫ

 Жарылқапова Айжан Ғалымбекқызы

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

 тарихи-мәдени қорық-музейің тарихшысы,

 Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының

мүшесі 

 

 ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ҚАЛАШЫҒЫНАН ТАБЫЛҒАН СҮЙЕК

БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚОЛӨНЕРДЕ АЛАТЫН ОРНЫ

 

Әр ұлттың, халықтың, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізгі салт ретінде қалыптасқан. Қазақтың өмір салты, өрен салты т. б. қолдану мен дәріптеуді ғұрып дейміз. Сүйекті халқымыз көненің көзі, теберігі, қасиеті ретінде мойындап, қадір тұтқан. Сүйектің нанымдық қасиеті мен оның қолөнердегі орнын халқымыз көне дәуірден-ақ білген. Сүйек өңдеу өнерінің тамыры өте тереңде жатыр. Сүйек бұйымдары мен сүйектеу өнерінің даму эволюциясы туралы сөз еткенде ең алдымен тас дәуірінен бастаймыз.  Мәселен, орта тас дәуірі – мезолит кезеңінің ең басты өнер табысы – садақ болса  шынына келгенде ол адам баласына жоғарғы палеолитте ақ мәлім болған. Бірақ оның кең таралуы жеке аң аулауға көшуге байланысты қажет болды [1, 82-б].  Қазақстан аумағында қола дәуірі қоныстарының көп екені мәлім. Оларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, сол дәуір тайпаларының қолөнер кәсіпшілігінде сүйек бұйымдардың болғандығын және тұрмыста сүйек заттар да қолданылғанын анықтайды  [1, 109-б].  Ерте темір дәуірінде де сүйек бұйымдары да өз жемісін тапты.

Бертін келе үй бұйымдарын әсемдеуде жылқы мен түйе сүйектері ғана болған. Оның өзінде, ең алдымен, олардың жауырын сүйектері мен қабырғалары қолданылса, кейде әсемдеу үшін жіліктің  қақ сүйегі іске асқан.  Әдетте, қыстыгүні соғымға сойылатын ірі жылқы мен түйе сүйектерінің жарамдыларын тастамай, жинай беретін.  Шеберлердің айтуынша, шикі сүйектерден гөрі асылған  еттің сүйегі  өңдеуге қолайлы болады.  Семіз соғымның  сүйектері тым майлы болған жағдайда, оларды артық майдан арылту мақсатымен  өңдеу алдында  тағы да бірнеше сағат  суға қайнатып алады. Сүйекті іске қосу алдында  суға қайнатудың  тағы бір себебі, кеуіп тұрған сүйектен  гөрі  қайнатылған сүйекті өңдеу оңайға түседі.

Қазақ  қолөнерінде сүйек өңдеу ісі өз алдына жеке кәсіп ретінде бөлінбеген. Ертеректен сүйектен кейбір еңбек құралдары мен  қару жарақ бөлшектерін жасаған. Ағаштан жасалатын үй жиһаздары мен  ыдыс аяқтар сияқты тұрмыстық бұйымдарды, атап айтқанда кебеже, асадал, адалбақан, төсекағаш және ожау, тегене, тостаған сияқты ыдыстарды көркемдеу үшін мал сүйегін кеңінен пайдаланған. Ал музыка аспаптарын әзірлегенде, қазақ шеберлері оларды әшекейлеп безендіру үшін мүйіз бен сүйекті кеңінен қолданған [2,  77-82-б].   Сүйектен жасалған бұйымдардың кейбірі болмаса, бүгінде сүйек бұйымдар қолданыстан шығып қалған. Олар тек музей қорларында ғана сақтаулы. Ежелгі Тараз қалашығына 2011-2017 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп кездесті. Қазба жұмыстары кезінде көптеген асықтар, түрлі оюлармен өрнектеліп жасалған қолөнер шеберлерінің өңделген мал сүйектері табылды.  [1-сурет]. Қазірде бұл бұйымдар Тараз қаласында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музей қорында сақтаулы.

Сонымен бірге мал сүйектерінен  де  әр түрлі ұлттық ойындар: ақсүйек, асық, тобық сияқты түрлері  кең тарады. Мұны бүгінгі күннің көрінісінен де байқауға болады. Себебі көп асықты иеленген ауыл балалары асықтың ішінен кейбірін қызыл бояумен бояп, оны сақа деп атаған. Асық ойыны балалар үшін өте ұқыптылық пен шапшаңдықты, әрі білгірлікті танытатын ойын түрлерінің бірі. Әдетте асықжіліктегі асықты балалар еншісіне берілген. Мәселен, сонау көне дәуірлердің өзінде-ақ жерленген қабірлерде көп мөлшерде қойдың асықтары кездеседі, олардың көбі қызыл-жасылмен боялған, ал қайсыбірінде өңдеудің іздері байқалады.

Ежелгі Тараз қалашығынан 2015 жылдарғы археологиялық қазба-жұмыстары кезінде табылған сүйек бұйымы жалпақ, цилиндр пішінді ою-өрнекпен ойылған, сол жақ бөлігінде үшбұрышты пішінді, қошқар мүйізді ою-өрнегімен өрнектелген болып келеді. Ортасында жүрек тәрізді жақтары бар кескін, оң жағында, диаметрі 0,5 см дөңгелектелген тесік, болжам бойынша, сәндік белбеу жабыны ретінде пайдаланылған, өнімді белбеуге бекіту үшін диаметрі 0,3 см болатын төрт бұрышында төрт тесік бар,алдыңғы жағы жақсы өңделген, жылтыратылған [2-сурет].

Сонымен бірге Тараз қала-шығынан сүйектен жасалған белдік бөліктері табылдыол тікбұрышты пішінді, дөңес, ұзындығы – 4,5 см, ені – 2,5 см, ұзындығы – 1,0 см бір ұшы дөңгелектелген, ортасында екі сопақ ойығы бар және оларды қосатын сызықтары бар, артқы беті тегіс[3-сурет].

 

Сүйектен жасалған ерекше бұйымның ұзындығы – 7,7 см, ол сүйектен тұтас кесілген бұйым пішіні екі бөліктен тұрады, ромб тәрізді беті бөлінген, тік бұрышты пішінді екі ернеумен бөлінген. Бір жағынан ромб тәрізді ойықтан құралған. Беті жыл-тыратылған. Менің ойымша бұл сүйек бөлігін ертеде үй жиhаздарын әсемдеп, өрнектеу үшін қолданған немесе есіктің, кебеженің тұтқасы ретінде пайда-ланылған[4-сурет].

Түймеге немесе моншаққа ұқсас келесі бұйымның диаметрі – 1,9 см, тесігі – 0,6 см, ұзындығы – 0,6 см, салмағы – 3,22 гр  жоғарғы бөлігі шығыңқы дөңгелек пішінді болып келеді. Тесігі бар,сырты ою-өрнекпен өрнектелген.Беті күрең түсті бояумен боялған[5-сурет].

Табылған бұйымдардан  малдың, жабайы аңдардың сүйегі мен мүйізінен әр түрлі сәнді әшекей бұйымдар жасаған. Сүйектен жасалған бұйымдар өздерінің шығу тегін сонау ерте дәуірден бастағанымен, ол бүгінде қолданыстан шығып қалғаны белгілі.

Десек те, сондай сүйек бұйымдарының бірқатарын қазақ қолөнер шебері, әрі этнограф Д.Шоқпарұлының  мәліметтері бойынша тарқатсақ [3, 77-б]: ұста, зергерлер көріктің көмейіне көмір салуға, ыстық шоқты көсіп алуға, күл шығаруға арнайы малдың жауырын сүйегінен жасалған қалақты қож немесе қожы, қазбай деп атаса, ірі қараның қос жауырынан жасалған бұйымды ескек деген. Ал қойдың, ешкінің кәрі жілігінің құрығынан әзірленеген бұйым тоқу біз, қойдың, ешкінің асық жілігінен жасалған шүмек, сонымен бірге ұршықбас, жебе, сүңгі, түтік сияқты бұйымдарды пайдаланған. Сонымен, сүйектің этнографиялық мәніне қатысты құбылыстар кешенді жүйе ретінде өмір сүріп, халықтық этномәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде көшпелі  ортада өмірдің барлық салаларымен байланысқан құбылыс. Мұның өзі этномәдени  байланыстарды реттеу мен үйлестірудегі басты тетік.

Мал өсірсең қой өсір өнімі оның көл-көсір демекші қазақ халқында төрт түліктен алатын барлық өнімді кәдесіне жаратқан. Тұрмыс-тіршілікте, көшіп-қонуға көлік, малдың етін, сүтін азық етсе, терісі мен жүнінен мата жасап, киім-кешек, сонымен бірге сүйегін де жіліктеп кәдесіне жаратқан. Малмен айналысқан, қазаққа қажетті бұйымдар малдың құнын арттыра түскендей.Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі саналған қолөнер және үй кәсіпшілігі көшпелі және отырықшы шаруашылыққа сай орайластырылды. Қалай болғанда да халықтың қолөнері  халқымыздың тіршілікті қамтамасыз ету  мәдениетін,  бай ой дүниетанымы мен ісмерлігінен, қазақи болмыс бітім мен тікелей байланысты. Ол қазақтың сүйек өңдеу өнерінде де ерекше орын алады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін). Төрт томдық. 1 том. Алматы, 1996. – 544 бет.
  2. Шоқпарұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы, 2007
  3. Шоқпарұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы, 2007; Сүйектерге жан бітсе //Ана тілі. 1992. 17сәуір.

 

Көпұлтты жамбылдық жауынгерлердің Ұлы Отан соғысындағы ерен ерліктері.

Бақторазов С.У. –  М.Х. Дулати атындағы

ТарМУ-нің доценті,тарих ғылымдарының

кандидаты, Жамбыл облыстық ҚХА

ғылыми- сараптамалық тобының мүшесі

Ұлы Отан соғысының жан алып, жан беріскен төрт жылы бұрынғы КСРО-ның көпұлтты халқының басына түскен ең ауыр зауал болғаны анық. Осы орайда, жамбылдықтар өз Отанын қорғау жолындағы Ұлы іске ат салысқанын мақтанышпен еске алады. Қазақ КСР-інде, соның ішінде Жамбыл облысында жасақталған көптеген әскери құрамалар даңқты есімдерін Ұлы шайқастар жылнамасына қашап жазды. 316-шы (Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық), 238-ші (30-шы гвардиялық) және 312-ші атқыштар дивизияларының даңқы Мәскеу түбіндегі шайқаста, 29-шы (72-ші гвардиялық) дивизия Сталинградты қорғаудағы, Курск иініндегі Днепрден өтудегі шайқастарда, 310-шы атқыштар және 314-ші дивизиялар Ленинград түбіндегі шайқаста даңққа бөленді. Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңестер Одағының ең жоғарғы әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 28-ге жетіп отыр. Осы даңқты бабаларымыздың қатарында А.Суханбаевты, С.Естемесовты, А.Дәулетбековты, С.Шәкіровты, Б.Момышұлын, С.А.Ларионовты, Д.Ф.Пахомовты, Н.Г.Фазлаевты атап өтсек болады. Сонымен қатар, «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері Е.Досмұхамбетов  пен Т.Тастандиевті және  Кеңестер Одағының Батыры атағын  алмаса да, халық «хас батыр» санаған  Ибрагим Сүлейменовты де осы топқа қосқанымыз абзал.

Әрине, жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге  майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942-ші жылдың қазанында құрылған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28-ші армиясының құрамында, фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 километрлік Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы, алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа елу мың қазақстандықтың қатысып, ержүректілікпен  көзге түскендіктері белгілі.  Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны, бүгінде нақты анықталып отыр. Себебі, 1941-ші жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батыс еуропалық бөлігін жаулап алған еді. Сондықтан да, аталған шайқаста ауыртпалық негізінен  Шығыс  халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында, олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Аталған топта жамбылдықтардың да аз болмағандығын Екінші дүниежүзілік соғыстың қанды шеңгелінен аман қалған абзал ағаларымыздың естеліктерінен де аңғаруға болады. Мәселен, осы қанкешуде Берлинге дейін жеткен Свердлов ауданындағы ( қазіргі Байзақ) Ақжар селосының тұрғыны Бейсен Байжанов ақсақал 1975-ші жылғы тілшіге берген сұхбатында былай депті: «1942 жылы сентябрь айынан бастап Сталинградты қорғауға қатыстым. Бұл кезде взвод командирі болып, қаһарман қалада әрбір метр жерді, әр үйді қорғадық. жау самолеттерінің бомбалары, снаряд, миналары зуылдап, жарылып, бүкіл қаланы өрт шалды. Осының бәрін көріп, табандылықпен күрестік. Генерал-майор В. Чуйков басқарған атқыштар дивизиясында болдым. Трактор заводының қасында окоп ішінде атқыштар полкінің командирі бір күнде үш шабуылды тойтарғаным үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының атынан менің «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғанымды атап өтіп, құттықтағаны әлі есімде. Сталинград түбінде Мерке ауданынан – Ә. Сәрсенбаев, Б. Әлмереков, Луговойдан – Қ. Дүйсенбиев, К. Жатқанбаев сияқты жауынгерлер асқан ерлік көрсетті. Сталинград үшін шайқаста совет жауынгерлерінің батырлық көрсеткені дүние жүзіне белгілі болды. 1943 жылы 2 февральда Сталинград түбінде қоршауға алынған жау әскерлерін талқандау аяқталды. Мен басқарған взвод солдаттары қаладағы «Универмаг» ауданында немістің 6-шы армиясының командирі генерал-фельдмаршал Паулюсті қолға түсіруге қатысты».

Енді, Кеңестер Одағының Батыры А. Барановтың естелігіне мән берсек, ағамыз өзі туралы баянында:         «Мен, 1942 жылдың август айында комсомолдық жолдама алып, өз еркіммен Отан қорғауға аттандым. Пенза қаласында бір жылдық әскери училищені бітіріп, Смоленскідегі № 76 түркмендердің атқыштар дивизиясына взвод қомандирі болып тағайындалдым. Сол жылдан бастап алғы шепте болдым. Сталинградқа отыз километр жер қалғанда соғысқа қатысып, Сталинградты жаудан босатуға өз үлесімді қостым. Мұнда екі рет жараландым. Госпитальда емделіп, қайтадан ұрысқа қатыстым. Осы және басқа да кейінгі шайқастардың нәтижесі бойынша маған Совет Одағының Батыры атағы берілді. Мен, 1968 жылдың 22 апрелінен бері Жамбылдағы автомобиль жөндеу заводының техникалық бақылау бөлімінде мастер болып істеймін. Бұл күндері жөндеушілер сапалы жұмыс істеп, бесжылдықтың соңғы жылының тапсырмасын мерзімінен бұрын орындап шығуға атсалысуда. Солардың бірі мен де өнімді еңбек етіп жүрмін,-деп ой түйеді.

Запастағы офицер, майдангер Т. Дүрімбетов ағамыз 1970-ші жылдың 9-шы мамыр мерекесі күні өзінің жерлесі Кеңестер Одағының Батыры В.А.Савва туралы ой қозғайды: «Владимир Ұлы Отан соғысы басталысымен құрдастарымен бірге майданға аттанды. Офицерлер курсынан өтті. Кейінірек, жас офицер рота, сонан соң батальон командирі деңгейіне көтерілді. 1943 жылдың күзінде Савваның батальонына Днепрден өту жөнінде бұйрық беріледі. Аса жауапты әрі қиын жауынгерлік тапсырманы орындауға ер- жүрек командир қарулас жолдастарымен бірге аттанады. Олар жаудың жанталаса қарсыласуына қарамай әйгілі өзенді кесіп өтеді. Жауынгерлік тапсырма ерлікпен орындалады.Сол бір сұрапыл күндері меркелік жігіттің есімі күллі елімізге мәлім болды. Оған Совет Одағының Батыры атағы берілді. Қайсар жігіт сұрапыл ұрыстарда ерліктерін жалғастыра берді. Ол әлденеше рет қатты жараланды. Соғыстың аяқ шенінде Москваның госпитальдарының бірінде қыршын жас өмірімен қош айтысады. Меркелік жігіттер мен қыздар Москваға бара қалса, Новодевичье зиратына соқпай кетпейді. Мұнда көкторғын гүлдер қоршаған батырдың бейіті жатыр. Алыстан арнайы келгендер батырға тағзым етіп, топырағың торқа болсын деген лебізін білдіреді. Мұның өзі ерлікті қастерлеудің үлкен бір белгісі болса керек,- деп сөзін қорытады өзі де ерліктің қиянына шыққан абзал ағамыз.

Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев, Тихон Мирошниченко секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Айта кету керек, тек Украинадағы А.Грабчактың партизан құрылымында (соединение) 41 қазақ жауға қарсы күресті. Олардың және басқа да топтардың арасында жамбылдық жерлестеріміз болуы әбден мүмкін.  Осы тұрғысындағы бұрынғы партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы офицер Мәжит Мұқанов ағамыздың естелігі: «1943 жылдың жазы. Совет Армиясының неміс басқыншыларын Брянск қаласына қарай тықсырып келе жатқан кезі. Біздің екінші Клетня партизан бригадасы Орел және Смоленск облысының түйіскен жерінде қимыл жасауда болатын. Клетня қаласында немістің паспорт столында екі жылдан астам жұмыс істеп жүрген біздің барлаушы немістің демалыста болған артиллерия бөлімшесінің Брянск бағытына кетіп бара жатқанын, уақытын бізге хабарлады. Біздің бригада фашистердің бұл бөлімшесін майданға жеткізбей жермен жексен етуге бел байлады. Мен жолдастарыммен бірге жау тылында барлау жұмысын және бүлдіру әрекеттерін жүргізуге машықтанған едім. Біздер он адам болып Заводок пен Бардичи деревняларының арасындағы жолға шықтық. Жолдың 200 метр ұзына бойына шахмат тәртібімен тереңдігі жарты метр шұңқырлар қазып, олардың бәріне жарылғыш заттар қойдық. Бәрін сыммен байланыстырып, оның бір ұшын 300 метр қашықтықтағы бір биік ағаштың түбіне әкелдік.Жарылғыш заттар орналасқан жол үстін әбден таптадық та үстінен тырма және арбаны ерсілі-қарсылы жүргіздік. Бригаданың 500-ден астам жауынгерлері жол бойына тосқауыл жасап жасырынды.Мен түбіне әлгі сым жеткізілген үлкен ағаштың басына шығып немістер келетін жақты барлаумен болдым. Сымның ұшын және электр батереясын Вернер ұстап отырды. Таңертең күн шыға біздің қасымызға бригада командирі Коротченко мен комиссар Лебедев келді. Коротченко: «Сіздердің қоймаларыңыз анау телефон бағаналарының қай тұсында жатыр?»- деп сұрады менен. Мен: «Жолдас подполковник, қоймаларымыз анау бағаналардың арасында», деп дәл көрсеттім. «Оларды қашан пайдаланасыздар?»- деді тағы командир. «Фашистер оның үстіне толық келіп болғанда сұмдарға «той» жасаймыз»- дедім.Мерзімді уақытта немістердің транспорты мен техникасы, әр калибрлі зеңбіректері мен алты стволды минометтері көрінді. Жарылғыш заттар көмілген жол үстімен өтіп барады, таусылар емес. Шыдамымыз шегіне жетуге таяу. Мұндайда бір минуттың өзі әрең өтетін сияқты. Бір уақытта төрт қатар сапқа тұрған, бастарында темір телпектері бар әскерлер келе жатты. Фашистер біздің күткен жерімізге жетті. «Партизан Вернер, жарылғышқа от бер!»-деп айқайлап жіберіппін. Қас қаққанша 200 метр жердегі фашистер топыраққа араласа аспанға бір-ақ атылды.Жарылыс болысымен тосқауылда жатқан партизандар алға өтіп кеткен жаудың техникасына шабуыл жасады. Естерінен айырылған фрицтер жөнді қарсыласа алмады. Осы операцияда фашистердің 37 офицері  мен солдаты тұтқынға алынды. Бұлар бізге өте маңызды мәліметтер берді. Олардың ішінен неміс коммунистеріміз деген он адамды «Үлкен жерге» жөнелттік. Қолға түскен соғыс техникасы мен құралдары бұдан кейінгі операцияларда немістердің өзіне қарсы жұмсалды. Ал азық-түлік, киім-кешек партизандардың қажетіне жарады.Тағы бір оқиға. Белоруссияның Пригорня темір жол станциясы арқылы немістер майданға күн сайын 12-17 эшелон өткізіп тұрды. Біздің бригада өзінің толық құрамымен түнде келіп станцияны қоршай орналасты да, таң ата шабуыл жасап, неміс гарнизонын құртып жіберді. Бұл операцияда мен поездан су алатын водокачканы қиратып, госпитальды өртеп жіберуге қатыстым Партизандық жорық күндерінде «Рельс соғысы» дейтінге де қатысып, талай жауынгерлік тапсырманы орындауға атсалыстық. «Рельс соғысы» арқылы темір жолда немістерге жөнді жұмыс істетпейтінбіз. Мұның өзі Қызыл Армияға үлкен көмек болатын. Мен қарулас достарыммен бірге екінші Клетня партизан бригадасы құрамында 27 ай бойы болып, жауынгерлік айқастарға қатыстым.

Қарулас болып тағдыр кешуін бірге өткізген партизан достарым Қазақстан Жазушылар одағының жауапты секретары Әди Шәріповтан, Петропавлдағы Ф. И. Наумовтан, Шалқардағы Әбдіхамит Төлегеновтан, Қарағандыдағы Қабыш Ахметовтан хат алып тұрамын. Кездескенде партизандық жауынгерлік жорықтарды еске аламыз»,- дейді кешегі партизан, сол жылдардағы Жамбыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Мәжит ағамыз.

Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып та қорғаған еді. 1943 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз – келіншектер Қызыл Армия қатарында соғысып жатты.   Олардың қатарында Нұрғаным Байсейітова,  Тұрғаш Жұмабаева және Антонина Фролова сияқты ерлік көрсеткен жамбылдық апаларымыз  да болды. Мәселен, Антонина 1942 жылы өзі тіленіп әскер қатарына алынады. Сөйтіп, радистер курсын бітіреді. Байланысшы қызметінің алуан сырына қанығады.Соғыстың аяқ кезінде Антонина қызмет ететін байланысшылар полкы бірінші Беларус майданының Бас Қолбасшы Ставкасымен тікелей байланысын қамтамасыз етіп отырады…

Бұл айтылғандар көпұлтты жамбылдық  майдангерлердің басынан кешірген қиын-қыстау оқиғаларының бірқатар эпизодтары ғана. соның өзінен олардың Отан үшін от кешкендігі айқын сезіліп тұр. Осының өзі-ақ кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі- өнеге болса керек.