Тілге құрмет – елге құрмет
Бүгінгі Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясы несімен ерекше болды? Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің міндетін жалғастыруды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғаны ерекшелік кіргізді. «Халықтың әлеуметтік жағдайы әлдеқайда жақсарды. Елдің табысы тоғыз есеге өсті. Әрине, әлі де ақшасы жетпейтін, өмірде өз орнын таба алмаған адамдар бар. Бірақ табыстың тоғыз есе өскені бұл – факт. Біз, аға буын мұның не екенін жақсы түсінеміз және қазір қиын жағдайда жүрген адамдардың табысы көбейгенін қалаймыз», – деді Елбасы Н.Ә. Назарбаев ҚХА-ның 29-шы сессиясында. Сонша жыл еңбек етіп, этностардың қазақ халқымен бірге тең тұрғыда өмір сүруін қалап өткен Елбасының өз постынан кеткені біраз көңілді түсірсе де, бірақ мемлекет басшысына елдің бейбітшілігінде құрметтеп орнына отырғызғаны тағы да Тұңғыш Президентіміздің тектілігі мен өрелігін көрсетті. Расында да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері қазіргі халықтың жағдайы едәуір жақсарған. Қазақстан өзінің әлемге тұғырлы мемлекет екенін мойындатқалы әлемдік экономика аренасында өрлеу жолына түсті. Сондай-ақ, Елбасының көрегендігінің Қазақстан өзінің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін едәуір нығайтқанын атап өту керек. Міне, еліміз бейбітшіліктің нақ символына айналып, әлемге үлгі боларлықтай таңба қалдырдық.
Сонымен қоса, түрлі этнос және өзге діни конфессияларды жинай білген Ассамблея беделді конституциялық институтқа айналды. Бұл жерде де Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын айта кеткен жөн.
Тағы бір айтарым, тіл мәселелі соңғы кездері көп қозғалуда. Қазақ тілін білу біздің басты парызымыз. Ал жастарымыз мемлекеттік тілде сөйлеуге жарысуда. Бұл, әрине, бізді қуантпай қоймады. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!», «Әрбір қазақстандық, өзге этнос өкілі болса да қазақ тілін құрметтеуге міндетті!» деген сөздері қазақ еліне өзін-өзі сыйлауда және өзге ұлт өкілдерін сыйлауда серпін сыйлағандай. Сондықтан, мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп, қасиетті топырағында аяқ басып жүрген әрбір азамат қазақ болсын, басқа болсын еш бөлінбей, мемлекеттік тілге аса ыждаhаттылықпен құрмет көрсетуін құптаймын.
Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын!
Кабиева Айгүл Кабиқызы
Жамбыл облыстық «Әулие Ата»
Қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі
төрағасының орынбасары