Таразда поляк этносының мәдениет күні өтті
Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Тараз қаласының Рим-католик шіркеуінде поляк этносының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, мәдениеті мен тарихына арналған этнос күні аталып өтті.
Іс-шараның мақсаты – этностардың мәдениетін, тілін, тарихын және дәстүрлерін насихаттау.
Этнос күні «6-желтоқсан – Әулие Николайды еске алу» күніне тұспа-тұс келді. Бұл күні католиктер саяхатшылар мен балалардың қамқоршысы атанған Әулие Николайды еске алады. Қасиетті Николай күні ғасырлар бойы қалыптасқан діни тамыры бар ежелгі мейрамдардың бірі.
Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Калькова Лариса Викторовна: – «Бұл күні Әулие Николай көше мен үйлерді аралап, тәртіпті балаларға жемістер мен кәмпиттер сыйлайды, ал бұзақылық танытқан балалар шұлықтарынан картоп немесе көмір кесегін табады. Сондықтан, мереке қарсаңында балалар тентек болмауға тырысады, және ешкім Әулие Николайдан сыйлықсыз қалмайды»- деп атап өтті.
Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар рождестволық «колядка» әнін орындап, балаларға жаңа-жылдық сыйлықтар үлестірілді. Колядка – бұл Рождестволық салттық әндердің бірі және Батыс Рождестволық гимндердің ежелгі славяндық аналогы болып табылады. Поляктардың айтуынша, Әулие Николай күні бірқатар жаңа жылдық мерекелерді ашып, барлығын салтанатты оқиғалар мен жағымды істерге шақырады.
Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті» қоғамдық бірлестігі этносаралық қатынастарды нығайтуға және аймақ халықтары арасындағы достықты дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға белсенді қатысады.
Аталмыш этнос күндері халықтардың достығы мен бірлігін нығайтып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға себін тигізері сөзсіз.
Жамбыл облысы әкімдігі
ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы