ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ «ТАРАЗКОЖОБУВЬ» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Еңбек күніне орай, ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» қоғамдық жобасын іске асыру бойынша облыстық мәслихат депутаттары «ТаразКожОбувь» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.

Өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып жүрген отандық кәсіпорын қызметкерлерін облыстық мәслихат депутаты, «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Қойбақов еңбек күні мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл өз кезегінде қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын кеңінен насихаттауға мол мүмкіндік бермек. Өңіріміздегі жүзеге асырылып жатқан игі жұмыстардың барлығы ең алдымен сіздердің қажырлы еңбектеріңіз арқасы, – деді Серік Мамыртайұлы.

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жалил Аббосов, Жамбыл облысы «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко да еңбеккерлерге мерекелік жылы лебіздерін жеткізіп, еңбектері үшін шынайы алғыс білдірді.

Кездесуде «Таразкожобувь» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов кәсіпорынның әлеуеті туралы кеңірек мәлімдеп, жұмыс барысын баяндады.

Аталмыш серіктестікте бүгінгі таңда 200-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Басқосу барысында фабриканың көп жылдық табысты жұмыс тәжірибесі, жеткілікті өндірістік және кадрлық әлеуеті, заманауи және қажетті түрлі мақсаттағы аяқ киім шығаруға мүмкіндік беретін дамыған инфрақұрылымы бар екендігіне көз жеткіздік.

Шара барысында талай жылғы қажырлы еңбегі үшін кәсіпорын қызметкерлері Шырынкүл Жүсіпәлиева, Константин Екель, Бұлбұл Сембиева, Сергей Бажин және кәсіпорынның бас директорының орынбасары Шамухтар Қарабайұлы арнайы мараптқа ие болды.