Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес алдымен этносаралық саладағы ахуал және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов есеп берді. Басқарма басшысы ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыстық ҚХА хатшылығы және «Қоғамдық келісім» мекемесі облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қарамағына берілгенін, осыған орай басқармадан 5 штаттық лауазымнан тұратын этносаралық қатынастар мәселелері бойынша арнайы бөлім ашылғанын атап өтті. Сонымен бірге, республикалық әдістемелік ұсыныстарды ескере отырып,этносаралық қатынастарды дамытудың алдағы жылға арналған ведомствоаралық жоспары жасалғанын тілге тиек етті.

– Тиімді және нәтижелі жұмыс істеу үшін қоғамдық құрылымдардың қызметі қайта қаралды. «Қоғамдық келісімге» қарасты кеңестер мен клубтар саны 11-ден 7-ге қысқартылды. Сонымен қатар республикалық деңгейде аналар және медиация кеңестерімен бірлескен іс- шаралардың мониторингі құрылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың түйткілді мәселелерін шешу мақсатында өңірлік «Аналар» сайты ашылды. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сенім телефоны орнатылған медиация кабинеті мен қоғамдық қабылдау жұмыс істейді және тұрғындарға практикалық, медиациялық көмек көрсету үшін облыстағы 40 медиация учаскелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Облыстағы барлық этнос өкілдері арасындағы татулық пен бірлікке негізделген «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы іске асырылды, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Жиында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттығына Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан кандидат ретінде Қордай ауданы Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Буларов ұсынылды.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекет дамуы мен өсіп-өркендеуінің темірқазығына айналған этносаралық

татулықпен өзара келісімді сақтау және оны бағалай білу барша халқымыздың ортақ парызы екенін атап өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы