Облысқа танымал журналист Михаил Теның Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған «Сакральный Казахстан. Святыни древнего Тараза» атты кітабының тұсаукесері өтті
Үстіміздегі жылдың тамыз айында Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен облысқа танымал журналист Михаил Теның Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған «Сакральный Казахстан. Святыни древнего Тараза» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кітаптың авторы – Михаил Тё, республикалық «Казахстанская правда» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, суретші, фотограф және «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға өз үлесін қосып жүрген танымал тұлға.
Басылым облыстың мәдениет, тарих және археологияның ең танымал ескерткіштері туралы ғылыми-көпшілік мақалалар жинағы болып табылады. Кітап 13 тараудан тұрады. Олардың әрқайсысы облыс аумағында орналасқан қасиетті жерлерге арналған. Олардың ішінде баршамызға белгілі, қазір Жамбыл жеріндегі туристік тартымдылығы жоғарғы нысандардың бүкіләлемдік тізіміне енген Айша-бибі, Бабаджи-хатун, Қарахан, Тектұрмас кесенелері, ежелгі ислам мешіті, Төрткүл керуен-сарайы және т.б. бар.
Кітапта тек Михаил Теның ғана емес, аймақтағы өз ісінің танымал шеберлері Юрий Ким, Ағәділ Рысмахан, Алтынбек Картабай және Виктор Барбаш жасаған көптеген фотосуреттерді (шамамен 100 сурет) көруге болады. Автордың кітапқа дайындаған иллюстрациялары да керемет. Жинақтың мұқабасы Айша бибі кесенесі және Ақыртас қалашықтарының фотосуреттерімен көркемделген.
Ерекше форматта, шығармашылық кеш түрінде өткен тұсаукесер қонақтардың қызығушылығын тудырмай қоймады. Облыстық мәдениет басқармасының өкілі Михаил Платов шығармашылық кештің жүргізушісі ретінде ғана емес, сонымен қатар жазушының мектеп кезіндегі қызықты оқиғаларымен мән-мағыналы сұхбат жүзінде де бөлісті. Сондай-ақ, төл туындының авторы осы кітапты жазу барысындағы алуан түрлі сезімін көзі қарақты көрерменге кеңінен әңгімеледі: – «Мен бұл кітабымды жазам деп ойламап едім. Әріптестерім және дос-жарандарым республикалық «Қазахстанская правда» газетінде жарияланған өңірлік киелі жерлер турасындағы мақалаларымды көріп, «сен неге осының бәрін жинақтап, кітап жазбайсың?» деп қолқалағаны бар емес пе?! Өзім де зерделесем, тарихи өлке тақырыбында жазған материалдарым мен түсірген суреттерімнің саны шынымен де 3 жылдан бері біразға жеткен екен. Осы себепті де ойланып-толғана келе қолжазбаларымды жинақтап кітап етіп шығаруды ұйғардым. Міне, сөйтіп осы аталмыш төлтуындым жарық көрді. » -дей келе, автор күні кеше ғана жарық көрген төл туындысын оқушылар мен студенттер үшін де, тарих, археология және өлкетану тақырыбына қызығушылық танытатын барлық адамдар үшін де пайдалы болады деп сенеді. Михаил Борисұлының төл туындысы жергілікті тұрғындардың туған өлкесін аралап саяхаттауға деген қызығушылығын оятады және шетелдік туристер үшін де тамаша естелік болатынына сенімі мол екендігін жеткізді.
Сонымен қоса, Михаил Те жаңа қырынан танылып, өз шығармашылығының ән қоржынынан гитара сүйемелдеуімен жиылған жұртшылыққа тамаша әнін тарту етті.
Кеш соңы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерқанат Манжуов пен облыс әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлованың аталған кітап лентасын ресми түрде қиюымен және автордың кеш қонақтарына өз қолтаңбасы қойылған кітаптарын үлестірумен аяқталды.
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісм» КММ
Баспасөз қызметі