Мың бала

Ағымдағы жылдың 28 қазан күні «Қоғамдық келісім» КММ-де аталмыш мекеменің ұйымдастыруымен “Мың бала”республикалық мәдени-ағарту жобасының өңірлік кезеңі өтті.

Бұл шараның негізгі мақсаты – өзге этнос өкілдерінің жастарын қазақ халқының дәстүрін, мәдениетін және тілін үйренуге шақырады. Бұған қоса, өзге ұлт жастарын тарту арқылы қазақстандық бірегейлік пен азаматтық қағидаттардың бірлігін нығайтуға ықпал ететін бірегей жоба.

Дүбірлі додада 54 үміткер үш номинация бойынша бақ сынасты. Яғни, ұстаздар арасында қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламасы “Тіл мектебі” номинациясы, оқушылар арасында “Өнер алды – қызыл тіл”, “Өнерлі өрге жүзер”музыкалық байқауы сынға түсті.

“Тіл мектебі” номинациясында бірінші орынды №40 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақтоты Раймқұлова иеленді. Екінші орынды №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Баймақашева жеңіп алды, ал жүлделі үшінші орынды Қордай ауданы А.Пушкин атындағы № 7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміДинара Өмірзақова місе тұтты.

Сондай-ақ, “Өнер алды – қызыл тіл” номинациясын бойынша Жуалы ауданы Д. Похомов атындағы орта мектептің оқушысы Тамила Магамадова бірінші орынға жайғасты.  Екінші жүлделі орынды Байзақ ауданындағы Ғ. Мұратбаев атындағы гимназияның оқушысы Әсима Вахбиева және Жамбыл ауданы Шайқорық ауылы мектебінің оқушысы Лейла Кочалиева алса, үшінші орында  Сарысу ауданы Арыстанды ауылы мектебінің оқушысы Диар Айдаров, Байзақ ауданы Көктал ауылы мектебінің оқушысы Дайана Даянова және Меркі ауданындағы №44 орта мектебінің оқушысы Софья Сулиева қанағат тұтты.

Ал “Өнерлі өрге жүзер” музыкалық байқаудың нәтижесі бойынша Қордай ауданы Ы. Алтынсарин атындағы № 27 мектеп Тимур Ким бірінші орынды жеңіп шықты. Екінші орын Байзақ ауданы Ю. Гагарин атындағы мектептің оқушысы Фатима Абазоваға тиесілі болды. Үшінші орын мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының тәрбиеленушісі Сарбиноз Орозованың қанжығасына байланды.

Бұған қоса, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған “Тәуелсіздік – тірегім” атты эссе байқауының жеңімпаздары да алғыс хаттармен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ баспасөз орталығы