Меркі ауданында облыстық қоғамдық кеңес пен облыстық ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесі және облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен  Меркі ауданында облыстық Қоғамдық  келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Облыстық жиында модераторлық жасаған  Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облысындағы филиалы төрағасының орынбасары –  Тілеумұрат Шәбден Тоқтасынұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс аудандарында және оның ішінде Меркі, Талас  аудандарында  қоғамдық келісім кеңестерінің мемлекеттік саясатты түсіндіру тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы сөз бастап, аудан әкімі орынбасарлары баяндама жасады. Сонымен қоса, республикамызда құнды саналып отырған конфессияаралық келісімнің тәжірибелері барысында да Қазақстанның  қоғамдық-саяси өміріндегі діннің  игілікті рөлдері, сонымен бірге,  ұлтаралық, дінаралық келісімді  нығайту жолында өзге этностардың да барынша үлестерін қосып отырғандары сөз болды.  – «Қоғамдық келісім кеңесі берілген тапсырманы орындап, есебін беріп отыратын ұйым емес, болмаса ұлтаралық немесе конфессияаралық қатынасты реттеуші  емес, халықтың ішіндегі қоғамдық келісім болып табылады.  Аты айтып тұрғандай қоғамдағы болып жатқан түйіткілдердің шешу жолдарын тауып, келеңсіздіктерді болдырмау. Қазіргі таңда дүниенің әр қиырында түрлі жайттар  орын алуда. Ал, мұндай жағдайлардың Меркі, болмаса Таласта болмайтындығына кім кепіл?!»-деді, өз сөзінде. Сондай-ақ, кеңес төрағасы жастардың еңбекке құштарлығын арттырып, елге қызмет ету керектігін естеріне салды. Кеңес басшысы мұнымен ғана шектелмей,  2009 жылы Қордай ауданына келген әр мемлекет  шенділерінің арасынан Тәжікстандық Қорғаныс министрлігінің бір полковнигінің Қазақстанның армиясы материалдық техникалық базасы жағынан жоғары деңгейде екендігін және мұндағы бейбітшілік пен келісімнің мықты сақталғандығы туралы айтқан естелігімен бөлісті. Бұл арқылы өз еліңнің өсіп өркендеуіне мықтап күш салуға тиіс екеніңді ұғынуға болады деген тілегін де тілге тиек етті.

Отырыс барысында Жамбыл облыстық аудандардың Қоғамдық келісім кеңестерінің  Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында берілген жергілікті бюджеттерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік секторда прогрестік технологияларды ілгерілету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы аудан әкімдерінің орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.

Көшпелі отырыс соңында ҚХА XXVII сессиясында өңірлерге Елбасының берген тапсырмасы бойынша Жамбыл облысы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Тілеумұрат Шәбден Тоқтасынұлы  мен  облыстық қоғамдық кеңес төрағасы  Сейдазимов Сембек Әбетайұлы алдағы уақытта тізе біріктіре жұмыс істеу үшін ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Көшпелі отырыс ары қарай Қоғамдық келісім кеңесі және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелерімен бірге  Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр»  ЖШС  қызылша егу шаруа қожалығында жалғасты.  Мұнда оларға агроөнеркәсіптік секторда прогрессивтік   технологияны енгізудегі жұмыс сапасы таныстырылып, егін алқабын тамшылатып және жаңбырлатып  суару әдістері көрсетілді. Аталған серіктестіктің басшысы Қанат Шайхиев қонақтарға  егін алқабының жай-күйімен таныстыру барысында қант қызылшасын жаңбырлатып суару технологиясы арқылы республика бойынша жоғарғы көрсеткішке жеткендігін айта тұра, құрылғының Франциядан алдырылғанын атап көрсетті. Облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің тарапынан егін алқабында бұдан өзге де оң шешімін тауып, жоғарғы нәтижеге қол жеткізген Қанат Кеналыұлына атқарған еңбегіне сай жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынылуы тиісті екені туралы сөз болды. Бұл ұсыныс тиісті мекеменің күн тәртібіне енгізілетіні де айтылды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі