МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҚАСИЕТІМ, ҚАСТЕРЛІМ

Рәміздер күніне орай «Қоғамдық келісім» мекемесінде ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ-ның ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері, Ассамблея жастары мен студенттер қатысты. Кездесуде Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, аймақтық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов, ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ облыстық филиалының жетекшісі Хамида Турдыева, аталмыш мекеменің заңгері Дина Амиреева, қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов мемлекеттік рәміздердің қабылдану тарихына тоқталды.

«Осыдан тура 32 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 4 маусымда еліміздің елдігін айғақтайтын мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Біз Қазақстан деген көпұлтты елде тұрамыз және біз үшін ортақ мерекені атап өту маңызды. Сондықтан әрбір өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеп, өсіруіміз керек. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жастар бойында отансүйгіштік қасиеттердің дамуына ықпал етеді. Ал бойында елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі жоғары жастардың келешегінен күтер үмітіміз зор, – деп атап өтті Абдурахман Зайнутдинов.

Жиын соңында шара қонақтары мемлекеттік Әнұранды орындады.