Конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі
Ағымдағы жылдың мамырында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы және облыс әкімдігінің дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласы, «Достық үйінде» «Конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыбында облыстық конференциясы өтті.
Аталған шараға облыс аумағында қызмет атқаратын Ислам, Христиан бағытындағы діни бірлестіктері мен филиалдары, этномәдени бірлестіктері, БАҚ-ның өкілдері қатысты.
Жиын дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың төрағалық етуімен және кіріспе сөзімен басталды. Жангелді Жайлауұлы «…Қазақстан Республикасы – әрбір азаматтың өз пікір еркіндігін құрметтейтін, олардың діни сенім бостандығына қарамастан азаматтардың тең құқылығына кепілдік беретін, Казақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін діннің мәдени және тарихи құндылығын танитын әрі конфессияаралық келісімнің маңыздылығын, діни төзімділік пен діни көзқарасын құрметтейтін мемлекет» – дейді.
Басқарма басшысынан кейін Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі Маржан Төреғұлқызы Қожаева «Этносаралық келісім – ел тұрақтылығының кепілі» тақырыбында баяндама жасады. «Бүгінгі таңда өңірде этносаралық қатынастарды, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған 957 іс-шара өткізілді. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жалпы сомасы 70 млн.теңгеге 2 ұзақ мерзімді жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, елімізде Ассамблея қамқорлығымен 800-ден астам қоғамдық медиатор жұмыс істейтіні белгілі. Олардың белсенді араласуының арқасында тек өткен жылдың өзінде ғана 20 мыңға жуық медиациялық келісім жасалса, облыста медиаторлар 735 даулы жағдайды шешті. Биылдың өзінде медиация кабинеттеріне 232 азамат жүгініп, 192 жанжал мен даулы жағдайлар шешімін тауып отыр. Жалпы жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерге облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының аналар кеңесі де белсенді араласуда. Олар биылдың өзінде 42 кездесу ұйымдастырып, 2580 адамға ақпараттық кеңестер берді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өңірдегі этносаралық жағдайды бағалау мақсатында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша этносаралық қарым-қатынасты 97,8% респонденттер «жайлы», «тыныш» деп бағалаған, 96,1%-ы өздерін «қазақстандықпын» және басқа этнос өкілдеріне төзімділік деңгейі 95,9% құрады» – дейді, хатшылық меңгерушісі.
Іс-шара барысында «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Е.Аманбаев ислам дінінің ұлағатты да тәрбиелік қағидаларында әрбір мұсылман үшін дінаралық татулық пен үйлесімнің міндетті екенін және мұсылман қауымы өзге конфессия өкілдерімен бейбіт өмір сүрудің мән-маңызын ерекше бағалайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, өз баяндамаларында өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Юлдашевич Зайнутдинов, Жамбыл облысы «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастықтары» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары, ҚХА «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зайнуддин Абдулбахтиярович Махусеев Қазақстан Халқы ассамблеясы институтының, этносаралық татулықты сақтаудың мән-маңызын атап өтті. Жиынға қатысушылар конфессияаралық келісімді орнату, бейбітшілік пен өзара төзімділік құндылықтарын насихаттау арқылы Қазақстан әлемдік саясатта жоғары құрмет пен беделге ие болғанын, жаһандық алаңда көптеген елдердің сенімді әріптесіне айналғанын атап өтті.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі