Келісім қымбат бәрінен

Қазір елімізде ұлтаралық келісім қатынастарын нығайту мен тұрақтандырудың қаншалықты маңызды екенін әрбір тұрғын ұлтына қарамастан жақсы біледі. Өйткені келісім бәрінен қымбат. Бұл жағдай өмірде күн сайын дәлелденіп келеді.

Өзім де ардагер ретінде аудандағы ізгілікті істердің басы-қасында жүріп талай игіліктің куәсі болдым. Бүкіл әлемді дерт жайлаған биылғы ауыр жылдың өзінде біз осындай құндылықтарымызды ұмытпай, аудан аумағында өткізілген ізгі іс-шаралардың нәтиже бергеніне қуанамын. Мәселен, 30-ға жуық түрлі этнос өкілдері тұратын ауданымызда ағымдағы жылдың желтоқсан айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, қолдау білдіру мақсатында түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. «Бірлік пен келісім» тақырыбында онлайн сабақтар, «Біз біргеміз!» телемарафоны, өзге ұлт өкілдері шоғырланған ауылдық округтерде кеңейтілген көшпелі отырыстар өткізілді. Мұның барлығы татулық пен бірліктің арқасы.

Міне, аркез қуанышпен күтетін 16-желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі де келіп жетті. Мереке қарсаңында барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін, барша қазақстандықтарды мейраммен шын жүректен құттықтаймын! Этносаралық татулық пен келісімді сақтасақ, еліміздің болашағы жарқын болмақ. Ең бастысы – ел татулығына іріткі салар жел сөздерге ермей, сенбей, арандатудан аулақ жүрсек, жетелі жасқа аталы сөз айтсақ, елдігіміз де, егемендігіміз де өміршең болмақ.

Бақыт Сырлыбаев,

Жамбыл облысы

Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы