Келелі кеңес отырыс өтті

Тараз қаласы,  Достық үйінде облыстық  ҚХА  Ақсақалдар кеңесінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті.

Алқалы  жиынға «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева, Жамбыл облыстық  Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен өкілдері қатысты.

Жиынды Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы Сейілханов жүргізіп, күн тәртібіндегі негізгі екі мәселені ортаға салды. Кездесуде әуелі  өңірлік ақсақалдар кеңесінің үлгілік жұмыс жоспары  және ақсақалдар кеңесі туралы  үлгілік ереже таныстырылды.

Наурыз айында Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен болатын. Күн тәртібіндегі кезекті мәселе Ұлттық құрылтайдағы өзекті тақырыптар төңірегінде өрбіді.

Кеңес төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты  мәселесіне кеңінен тоқталды. Асқарбек Ақылшаұлы «Қай заманда болсын адам адал еңбегімен көрікті, адалдығымен ардақты. Жаңа құндылықтар бастауына ең алдымен адал азаматтарды қойып, адал еңбек етуге шақыруымыз керек. Ертеңгі болашаққа зиялы қауым өкілдері үлгі болуымыз қажет» деді.

Жиында Тараз қаласының  өзбек этномәдени бірлестігінің басшысы, кеңестің төраға орынбасары  Абдурахман Зайнутдинов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Малтабар Жаманбаев жастар арасындағы белең алып келе жатқан өзге де мәселелерді ортаға салып, шешу жолын қарастырды.

Кеңес отырысының соңында  мекеме басшысы   Мүбарак Қасымқызының Жинақбаеваның Ұлттық құрылтай тәуелсіз еліміздің болашағы мен дамуы, татулығы мен бірлігі жолында жоғары маңызға ие екенін атап өтті.