ІЗГІЛІКТІҢ ІЗІ

«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без!», – дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жабырқау жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсыну болып табылады. Халқымыз «жақсылық» деген ұғымды адамгершілікке балаған.

Рамазан айында ҚХА облыстық Аналар кеңесі және Тараз қалалық Өзбек этномәдени орталығының жастар қанатының бастауымен, сондай-ақ, қаламыздағы барлық этностардың жас кәсіпкерлерінің қолдауымен тағы бір  қайырымдылық іс жасалды.  Жақсылықтың жаршылары аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға гуманитарлық көмек көрсетті.

Барша мұсылмандардың ұлық мерекесіне орай акцияға «Айт дастарханы» атауы берілген.  Аты айтып тұрғандай айт дастарханына қажетті азық-түлікке толтырылған себеттер 20 жанұяға үлестірілді. Әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар мен жалғызбасты аналар ассамблея жастарының игілікті іс-шарасының арқасында қасиетті Рамазан айында айт-дастархандарын тәтті-дәмдіге толтырып, балаларын қуантып, үй-іштерін мерекеге, шаттыққа бөледі. Адам баласына бақыт сыйлау үшін көп нәрсе керек емес.

Адам өмірін жақсылықпен нұрландыру игі іске бастамашы болған белсенді жастардың басты мақсаты.

Тараз қалалық өзбек эномәдени бірлестігі Жастар қанатының  төрайымы Лэйла Худиева: – Адамға жақсылық жасағанда риясыз жасау керек. Өйткені ол жанашырлықпен, шын көңілмен, адал ниетпен жасалған іс. «Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды міндет етпе!» деген сөз бекер айтылмаған. Ассамблеяның жастары барлығы дерлік жақсылық жасауға ұмтылып тұрады. Тіпті мұқтаж жандарды өздері іздеп тауып жатыр. Бар тілегім әлемде ізгіліктің ізі жойылмаса екен!-деп өз тілегін білдірді.    Қайырымды жандар акцияның алдағы уақытта жалғасын табарын жеткізді.

Ізгіліктің ізін басып келе жатқан жастардың жақсы ниеттері өскелең ұрпаққа зор үлгі! Қанаттарың талмасын, қадірлі жастар!

 

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы