Болашақ үшін естелік

Болашақ үшін естелік

31 мамыр – ел үшін тағлымға толы тарихи күн. Айтулы сәтке орай, солақай саясаттың құрбанына айналған, қара халықтың басына түскен қасіретті күнді еске алу шарасының бастауы Тараз қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойып, бір сәт үнсіздікпен еске алумен басталды.

Рәсім барысында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының тарапынан гүл шоқтарын Рамзан Магомадов, Айгүл Кабиева, Алижан Мулладжанов және Лариса Калькова қойды.

Нәубетті жылдарды еске алу шарасы ары қарай «Достық үйі» ғимаратында өткен  «Болашақ үшін естелік» атты іс-шарасымен жалғасты.

Шараның мақсаты жазықсыз жапа шегіп, «Тар жол тайғақ кешу» кезеңінде  еліміздің егемендігі жолында жанын құрбан еткен азаматтардың рухына тағзым етіп, өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіру болатын.

         Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын деген саясат КСРО құрамындағы бірнеше халықтың жан-жаққа  шашырап, ата-жұрттан жан сауғалап кетуіне  әкеп соқтырды. Дәл сол жылдары Қазақстанға неміс, поляк, кәріс және басқа да ұлттардан миллиондаған  адам күштеп жер аударылды. Қиын кезеңді басынан өткергеніне қарамастан, қазақ елі  жүз мыңдаған кінәсіз халықтарды жомарттылығы және қонақжайлығымен қарсы алды. Барын ауыздарына тосып, қолда бар тамағын бөлісті. Шаңырағына паналатты. Жетімін жылатпай, жесірін демеді. Соққы мен ашаршылықтан ауыр халде келген  адамдарды емдеп жазды.  Дәл осы бейнені жастар «Қанмен жазылған хат» атты қойылым  түрінде  көрермендерге ұсынды.  Солақай саясаттың құрбанына айналған ата-аналарын еске алған бүгінгі ұрпақ, өткеннің еміс естеліктері ойға оралып жанарлары жасқа толды.

         Театрланған қойылымның жалғасы хореграфиялық композициямен жалғасып мемлекеттік және орыс тілінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған поэзиялар оқылды.

         Еске алу шарасы  барысында тарих ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры  Сейдахан Бақторазов, осы университеттің «Қазақстан тарихи» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Рахат Тобаджанов және облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова  сөз сөйледі.

         «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжановна  өз сөзінде осынау атаулы датаның қаншалықты маңыздылығын, оның болашақ ұрпаққа қаз қалпында жеткізу біздің міндетіміз екенін ескерте келе бүгінгі күннің мереке емес саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама халықтың тарихын, өткенін еске алу күні екенін ерекше атап өтті. 

         Парида Иманжановна шара барысында осынау қасіретті күнді бала күнінде басынан өткерген, өткеннің естелігі еміс-еміс қана жадында қалған куәгерлер  мен бірқатар тарихтың тың деректерін ашып жүрген ғалымдарға сый-сияпат табыс етті.

         Еске алу шарасы соңында облысқа белгілі әншілер Әлішер Балтаев, Разия Нұржанова және «Жамбыл облысы немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Экатерина Щелкова туған жерге арналған әсем әндерін тарту етті.  

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы