«Бейбітшілік пен келісім»

Ағымдағы жылдың сәуір айында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында этномәдени бірлестіктердің басшыларымен және мүшелерімен, сондай-ақ халыққа құқықтық көмек көрсету, қоғамдағы жанжалды азайту мақсатында Луговое станциясы – ауыл тұрғындарымен консультативтік-әдістемелік кездесу өтті.

Оған Жамбыл облысы әкімдігінің ІІБ басшысы – Ұлана Сламбекова, аудан әкімінің орынбасары – Әлібек Терлікбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы – Мүбарак Жинакбаева қатысты.

Медиация кабинеті меңгерушісі Валентина Досыбиева медиация институты туралы айтып, оның принциптерімен және қолдану саласымен таныстырды. ҚХА медиаторы өңірдегі этномедиацияның дамуына егжей-тегжейлі тоқталды. «Этникалық негіздегі жанжалдардың жиілеуіне және қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де әрекеттеріне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ға мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп этномедиация және этносаралық қатынастар саласындағы кәсіби келіссөз жүргізушілер курстарын ұйымдастыру тапсырды. Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Жамбыл облысында «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу ерекшеліктері» оқу курсы бойынша жобаның бірінші кезеңі тиімді іске асырылды. Білім алушылардың нысаналы тобы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен, білім беру жүйесінің өкілдерінен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен және облыстың этноәлеуметтік шиеленіс картасына кіретін Қордай, Шу, Меркі, Байзақ және Жамбыл аудандарының медиаторларынан құрылды. 2023 жылы штаттық қазақстандық этномедиаторларды даярлау бойынша оқыту курстары жалғастырылатын болады» – деді Ол.

Айтуынша, Этномедиация – ҚХА-ның жаңа бағыты. Ол ұлтаралық қатынастардың реттеушісі болып табылады және Қазақстандағы әртүрлі ұлт өкілдерінің мүдделерінің тепе-теңдігінің қолданыстағы тетігі болуға тиіс.

«Кез-келген тұрмыстық жанжал этникалық реңктермен боялуы мүмкін. Дау-дамайды болдырмаудың амалы – этномәдени бірлестіктермен, олардың ақсақалдар және аналар кеңестерімен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы шешімін табады. Бүгін біз бәріміз елімізде этносаралық келісімді сақтау және нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруда ынтымақтастыққа және өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуге ұмтылуымыз керек!»- деп аяқтады Валентина Досыбиева.

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі