«Бейбітшілік пен келісім»

2023 жылдың 5 сәуірінде Тұрар Рысқұлов ауданында Жамбыл облысы әкімдігінің «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асыру бойынша кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызының қатысуымен аталмыш ауданда алғаш рет «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында, тәжірибе алмасу мақсатында «Ел анасы» ауыл әйелдері Аналар кеңесінің отырысы өтті.

Кездесуде Аналар кеңесінің төрайымы Түзел Сейілбайқызы, білім саласының ардагері Есенкүл Мұхтарқызы, Құлан ауылдық Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директоры Шолпан Дайрабаева, Т.Рысқұлов ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы,Жарлысу ауылы,Қарақыстақ округы Аналар кеңесінің төрайымдары келелі мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен бірге, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Аракси Плетнева да облыстық Аналар кеңесінің атқарған ауқымды іс-қимылдары жөнінде сөз сөйледі.

Өз кезегінде Ш.Дайрабаева көпшілікті өзі басшылық етіп отырған мектеп оқушыларының ата-аналарымен қарым-қатынасы жұмыстарының бағытымен және әйелдер кеңесінің атқаратын міндеттерімен танысып-білісуге шақырды.

Қазіргі қоғам бала тәрбиесіне айрықша мән беруді талап етеді. Осы орайда жиынға қатысушылар жасөспірімдер арасында кездесетін түйткілді мәселелерге (ерте жүктілік,зиянды әдеттерге әуестік) кеңінен тоқталып, алдын-алу шаралары жайлы сөз қозғады.

Тәрбие көзінің бірі – мектеп болғандықтан ондағы психолог мамандардың жұмысының сапасын арттыру мәселесі де қарастырылды.

Отырыс барысында аудандағы Аналар кеңесінің жұмысының бағыты, бүгінгі күні өз күші, ынта-жігерімен жетістікке жеткен әйелдер қауымының игі істері аталып өтті.

Жас ұрпақты тәрбилеуде ұлттық мұралар мен құндылықтарды насихаттау да маңызды рөл атқарады. Атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер қай уақытта болса да өміршеңдігін жоғалтқан емес. Оны келешек ұрпақтың бойына дарыту – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатты ұстанғандар қатарында Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ауылында қайтарымсыз несие алу арқылы қазіргі трендте жүрген қазақы заманауи нақыштағы тақия, корсет, этножилет тігуді қолға алған екі нәзік жанды да бар.

Сондай-ақ, дәл осы ауылда жас келіндер арасында ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мақсатында, жас қыздарға үлгі-өнеге ретінде нан жаюдан байқау өткізілді. Мұндай тәлім-тәрбиенің өзі өскелең ұрпаққа рухани азық болатынына сенім мол.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі