«АНАНЫҢ ӘНІ» —ӨМІРДІҢ МӘНІ

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ өңірлік ҚХА Аналар кеңесімен бірлесіп Халықаралық әйелдер күніне орай республикалық «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ананың әні» байқауын өткізді. Байқауға облыс көлемінен 18 бен 45 жас аралығындағы үміткерлер қатысты.

Бәсі биік бәсекенің мақсаты қазақ халқының өнері мен мәдениетін, мемлекеттік тілін Қазақстанда тұратын этностық топтар арасында жан-жақты насихаттау және дамыту, мемлекеттік тілді ән арқылы үйрету. Еліміздің бірлігін сақтау және этностар мәдени ерекшеліктерін айқындау, үміткерлердің кәсіби шеберлігін арттыру болып табылады.

Қазақстан халқының бірлігін, достығын және патриотизмін нығайтуды көздеген іс-шарада қатысушылар екі кезең тапсырмалары бойынша бақ сынасты. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақтың ұлттық тағамдарын даярлау немесе салт-дәстүрлерге байланысты отбасымен түсірілген бейнероликтерін (алдын ала дайындалған, сапалы) ұсынса, екінші кезеңде қатысушылар ана тақырыбында қазақ тілінде белгілі ақын-композиторлардың әнін орындады.

Байқаудың қазылар алқасының құрамында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы Жинақбаева, Жамбыл облыстық «Amanat» партиясының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл филармониясының әртісі, республикалық конкурстардың лауреаты Гүлшат Тинасилова болды.

Сарапшылар үміткерлерді бағалауда орындаушылық шеберлік, сахналық мәдениет, репертурадың байқау ережесіне сай болу сынды критерийлерін басты назарға алды.

Байқау нәтижесі бойынша Мойынқұм ауданының бастауыш пәні мұғалімі, орыс этносы өкілі Ирина Хасанова І орын, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Сабира Ирназарова ІІ орын, облыстық Дүнген этномәдени бірлестігінің өкілі Фаргия Багизова ІІІ дәрежелі орынды иеленді. Ал «Үздік видеолар» номинациясы бойынша Жуалы ауданынан Өзбек этносының өкілі Мухаррам Искандирова, Жамбыл ауданынан Түрік этносы өкілі Жамала Кучалиева, Байзақ ауданынан түрік этносы өкілі Белгиза Ахметова марапатталды.

Байқауға қатысушылар қазылар алқасының шешіміне сәйкес дәрежелі дипломдар, алғыс хаттар, қаржылай марапаттар және ынталандыру сыйлықтарын иеленді.

«Ақпарттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі