Ағымдағы жылдың 27 қазан айында Тараздағы М. Әуезов атындағы кітапханада “Елім – ай Достық” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қоғамдық сананы жаңғыртудағы мемлекеттік тіл» атты кездесу өтті.

Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің сондай-ақ, білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар белсенділері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Ең алғашқысы болып “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” тақырыбында Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова баяндама жасады. Ал “Елім-ай Достық” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Полина Ким Қазақстандағы жаңғырту үдерісінің басымдықтары туралы айтып берді.
Сондай-ақ, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, әлеуметтік білім магистрі, “TALDAU” Әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Алмұратов «Жамбыл облысында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі туралы» тақырыбында сөз қозғады. Бұған қоса Жамбыл облыстық М. Қашқари ұйғыр этнобірлестігінің жетекшісі Мухаббат Тұрдыева “Мемлекеттік тіл – қазақстандықтардың бірігу факторы” тақырыбында өз баяндамасын баяндап берді.
Шара соңында қатысушылар жастарды Абайдың өлеңдерін, Әуезовтің шығармаларын және Жамбылдың жырларын оқуға шақырды. Бұл шығармалар әрбір жастың бойына патриоттық сезім ұялататынына кәміл сенімді екендіктерін жеткізді.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ баспасөз орталығы