ТЫЛ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақ сияқты қажетті заттармен қамтамасыз еткендердің қатарында әйелдердің бар екені айтпасақ та белгілі. Олар елде қалған қарттарына қарайласып, бала-шағаның қамын ойлап, майдандағы жақындарынан жырақ жүрсе де жеңіс туын желбіретуге зор үлес қосты.

Сондай нәзік жандылардың бірі – тыл еңбеккері Алтаева Фарида Алтайқызы-КСРО, ҚР «Халықағару ісінің озық қызметкері», 94 жастағы зейнеткер ұстаз. Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары , Жамбыл облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихатының депутаты Гулам Умаров Мұхтарұлы және қан орталығы ұжымы Фарида Алтайқызын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Мектепті бітірісімен, 1947 жылы Семейдегі педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1951 жылы «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді.

Училищеде еңбек ету барысында қанша алғыс, мақтау грамоталарына ие болған. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, 2 рет аудандық Кеңес- 1 рет қалалық Кеңеске депутат болған, Кеңес Одағы- және Қазақстанның «Білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгісіне мараппаталды.

Сұм соғысты әлі күнге дейін санасынан өшірмеген әжеміз өткен күнге көз тастап, ескірмеген естеліктерімен бөлісті.

«Ел іргесі тыныш, бейбіт заманымыз мәңгілік болсын! Халқымыз аман болып, түрлі қиындықты еңсеріп, жақсы күндермен қауышып жүре берейік. Егемен еліміздің ертеңі жарқын, кемел келешегіміз жақсы күндермен жалғаса берсін. Ұрпағымыз ұлағатты, бақытты ғұмыр кешсін»,- деп ақ жаулықты әжеміз ақ батасын арнады.

 

Ерлігі – ұрпаққа өнеге

 

Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Бұл күн – сұм соғыс деген атаумен тарих беттерінде таңбаланған батырларымыздың жанкешті ерлігінің жеңісі. Соғыстан кейінгі 79 жыл ішінде жыл сайын ардагерлеріміз азайып келеді.

Ағымдағы жылы айтулы мерекені елімізде 148 ардагер мен бұл күнге үлес қосқан тыл еңбеккерлері мен ақталған азаматтар және т.б 50012 азамат атап өтуде.

Бүгінде аймақта 8 майдангер батырларымыз бар.

Жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша әлеуметтік қолдау шаралары жүргізілуде. Биыл да бұл үрдістен жаңылмай өңірімізден шыққан батыр ардагерлерімізді құрметтеу шаралары өз жалғасын табуда.

Осынау мереке қарсаңында Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен жастары Ұлы Отан соғысының ардагерлері Григорий Нещеретнев, Муфтала Хамдиева және тыл ардагерлері Галина Губайдулина мен Любовь Накарякованың шаңырағына барып, атаулы мерекемен құттықтады.

Ұрыс даласында ерлік жасаған ерен еңбек иелері қашанда құрметке лайық! Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан ардагерлерге көр­сетілген қамқор­лық пен жеңілдік қатары арта түсуде. Айта кетейік, дәстүрлі түрде Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.

Мәселен, биыл Қазақстандағы Жеңіс күніне біржолғы төлемнің мөлшері 3833 долларды құрап отыр.

Иә, жыл санап қатары сиреген қазыналарымыздың майдан шебіндегі ерлігі қымбат. Сондықтан, жеңісті келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жақындатқан майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің өшпес ерліктерін ұмытпауға тиіспіз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ДӘСТҮРЛІ ДОДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Ағымдағы жылдың 6 мамыр күні  Жамбыл облысының  85 жылдығы қарсаңында Қордай ауданы Ауқатты ауылында 7 мамыр – «Отан қорғаушылар күні» мерекесіне орай этномәдени бірлестік өкілдері арасында кіші футболдан ашық турнир өтті.

Дәстүрлі турнирді облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды. Биылғы жарысқа аталған ауданнан 6 құрама қатысты. Олардың сапында Шешен-Ингуш, Ұйғыр, Дүнген, Йинпан этномәдени орталығынан жасақталған спортшылар мен Орталықтар қауымдастығы және Қордай ауылының аяқдоп шеберлері бар.

Турнирдің әділ әрі ережеге сай өтуіне аудандық мектеп ұстаздары  Шәкәрім Әбдіқалықов пен Ерлан Сұрынбаев  төрелік етті. Спорттық сайыс қатысушыларына «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, Қордай аудандық дене шынықтыру және  спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов, Ауқатты ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділбай Семжанов сәттілік тілеп, турнирді ашық деп жариялады.  Бұдан соң, командалар алаңға шығып, ойынды бастап кетті. Достықты ту еткен додада әуесқой аяқдопшылар  тартысты ойын көрсетті.

Жарыс ережесіне сай Қордай ауылының құрамасы оқ бойы озық шығып, тұғыр төріне көтерілді. Ал Сортөбе ауылының  Дүнген этномәдени бірлестігінен құрылған «Биянху» командасы екінші орыннан көрініп, Йинпан Дүнген этномәдени бірлестігінің «Достық» командасы үшінші орынға жайғасты.

Шеберлігімен ерек көзге түскен ойыншылар да арнайы марапатқа ие болды. Айта кетсек, «Үздік қақпашы» номинациясы Хуров Закирге бұйырса, «Үздік ойыншы» аталымына Ғабит Бибарыс лайық деп танылды.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып,  ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Бейбітшілік, тұрақтылық, достық, өзара түсіністік, бірлік – бұл құндылықтар әрқайсымызға қымбат.

Бұл мереке бізді бір шаңыраққа біріктіреді, бірлік пен ынтымаққа шақырады. Бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім – мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы. Иә, қазақ – қашаннан бауырмал халық.

Әр кезеңде елімізден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәріне құшағын ашып, төрінен орын беріп, қандай қиын сәттердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеген елміз. Қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгін де көп ұлтты мемлекеттің бірі болып, әлемге бейбіт ел ретінде танылды.

«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дейді дана халқымыз. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде ғана нәтижелі істердің болатыны белгілі. Біз елімізді бірлесіп жаңғыртуға атсалысып, болашаққа жоспар жасап, өз арманымызға қарай қадам басамыз, «Жаңа Қазақстанды» құрамыз.

Бұл әрбір қазақстандықтың еңбегі, біз бәріміз бірлікті, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, мәдениетті, салт-дәстүрді сақтауға өз үлесімізді қосамыз.

Баршаңызға бейбітшілік, келісім, жақсылық, денсаулық және бақыт тілеймін!

 

Айгүл Қабиева, Жамбыл облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл — достық пен ынтымақтың мерекесі.
Біздің ең басты құндылығымыз – тәуелсіздік деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтағандай сол құндылықты қастерлеу баршамыздың қасиетті парызымыз.
Жылдар бойы алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде елімізде өмір сүретін барша ұлт өкілдерінің еншісі бар. Баршаларыңызға, әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын
Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін! Біз ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізденісімізбен, топтасқан болмысымызбен ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасын күн санап түлетіп, күн санап өркендете түсудеміз. Біз елімізбен бірге есейіп келеміз!

Махмуджон Давришев, Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы ҚБ төрағасы

Құрметті облыс тұрғындары!

Сіздерді еліміздің бірлігі мен татулығы жарасқан 1 мамыр – «Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесімен құттықтаймын!

Ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан елдің ырысы қашанда арта бермек.

Досқа адалдық, бауырласқа мейірбандық танытып бейбіт өміріміздің негізі қалануда.

Бірлігі бекем елдің іргесі мықты, болашағы нұрлы. Біздің тілегіміз бір, мақсатымыз айқын.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық біздің ең маңызды байлығымыз болғандықтан, бұл жетістікті бағалап, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбіріміздің міндетіміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстанда тұратын барлық этнос шын мәнінде бір ұлт саналады» – деп атап өткен болатын.

Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, татулық пен бірлігіміз бекем болсын деп тілеймін. Алға қойған арман-мақсаттарға ауызбіршілікпен жете берейік!

Абдрахман Зайнутдинов, Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Бүгін Достық үйінде 1 мамыр – “Қазақстан халқының бірлігі күні” мерекесіне орай Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ассамблеяның төрағасы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға ұлттық Құрылтай мүшесі, ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыстық мәслихат депутаттары, “AMANAT”, “RESPUBLIKA”, “Ауыл” т.б. партия өкілдері, аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесі және ҚХА құрылымдары – Аналар, Ақсақалдар кеңестері, “Ассамблея жастары” РҚБ және этномәдени бірлестік жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы қонақтарды айтулы мерекемен құттықтай отырып, өңірлік ҚХА-ның атқарған жұмыстарына тоқталды.

-Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөз бар. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Ауызбіршілік пен түсіністік, ортақ келісім болған жерде ел игілігі үшін нәтижелі іс болатыны анық. Бүгінде киелі Жамбыл жерін мекен еткен 87 этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына атсалысуда. Өңірде барлығы – 75 этномәдени бірлестік бар. Облыста тұратын әрбір этнос өкілдерінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау біздің басты міндетіміз, – деді.

Бұдан соң іс-шара марапаттау рәсіміне ұласты. Облыс әкімінің марапаттарымен — «Қазақстан Дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық ұйымының «Вынхуа» Жамбыл облысы бойынша филиалы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гейсыр Чешанло мен Воли Быйджангуйди, «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығының өкілі Ватан Сулиев “Құрмет” грамотасымен, «Жастар ассамблеясы» РҚБ өкілдері – Альфия Мейрамбай, Әмина Мейірбек («Әулие-Ата» Қазақ мәдени орталығы), Ділмұрат Муралимов (Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің жастар қанатының жетекшісі), Ширина Шүкіралиева (Өзбек облыстық этномәдени орталығы) алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстағы этносаралық келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқан азаматтарды да марапаттады.

Сонымен бірге, алқалы жиында өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Жалил Аббосов, ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева және «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілі, Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның мұғалімі Евгений Кравчук бірлік пен келісім тақырыбында баяндама жасады.

Тақырыптық баяндамадан соң аймақ басшысы Е.Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктеген міндеттерді бірге жүзеге асыруға шақырды.

Жиын соңы естелік-фотосессиямен аяқталды.

ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚТЫҢ КИЕЛІ БЕЛГІСІ

Бүгін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында

1 мамыр – «Қазақстан халқының бірлігі күні» қарсаңында «Татулық-достықтың киелі белгісі» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш іс-шараға М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» ҚБ төрайымы Леля Узденова, облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева қатысты.

Жиын қонақтарына Мухабат Абдрахмановқызы, Леля Ахматқызы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, этномәдени бірлестіктердің атқаратын жұмысы жайлы айтып, студенттерге қазақша өлеңдер оқып берді. Сондай-ақ, мекеме қызметкері Жазира Мейрамбекқызы келген қонақтарға жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы туралы түсіндіріп, бір шаңырақ астында көптеген құрылым бірігіп еңбек ететіндігін айтты.

Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, естелік суретке түсті.

Тал егу – тәрбие бастауы

Ағымдағы жылдың 29 сәуір күні «Таза Қазақстан» акциясына орай  «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында №18 «Еркежан» балабақшасының бүлдіршіндері  ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларовпен бірге бейбітшіліктің символы бәйтерек талын отырғызды.

1 мамыр – «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесі қарсаңында өткен шараға  облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек  Ілебаев, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары  Жалил Аббосов,   «Қазақстан Дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев те қатысып,  балабақша тәрбиеленушілеріне тал егу тәрбиенің бастауы екенін жеткізді.  Жас ұрпақты патриоттыққа баулуды көздеген жиында бүлдіршіндер бейбітшілік турасында тақпақ айтып, өнерін көрсетті.

Өз кезегінде қонақтар тарапынан балабақша ұжымына Ассамблея тарихынан сыр шертетін және Түркі халықтарының ертегісі топтастырылған қос кітап сыйға берілді.

АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін Жамбыл облысы ҚХА ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай, Тараз қаласындағы тыл ардагері, ғасыр жасаған ана Улсоной Авалованың үйінде тал егу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Ардагердің ауласын тазалап, тал егуге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов және облыстық «Ассамблея жастары» өкілдері барды.

1923 жылы дүниеге келген өзбек этносының өкілі Улсоной Авалова бүгінде 101 жасқа аяқ басты. Қос ғасырдың куәгері ауласына жастармен бірге дарақтар отырғызып, қонақтарға ақ батасын берді.