БІРЛІГІМІЗДІ САҚТАЙ ОТЫРЫП, АУЫР ҚИЫНШЫЛЫҚТЫ БІРГЕ ЖЕҢЕЙІК!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Халыққа Үндеу жариялады. Өз Үндеуінде мемлекет басшысы еліміздегі табиғи апатқа байланысты қалыптасқан төтенше жағдайға тоқталып, оған талдау жасады. Өз сөзінде ол «Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет» деп айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық құтқару жұмыстары өзінің тікелей бақылауында екендігін мәлімдеді. Президентіміз су тасқынына байланысты атқарылып жатқан іс-шараларға тоқтала келіп, халықты дүрбелеңге салынбай, тыныштық сақтауға шақырды. Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет екендігін ескерте отырып, қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды екендігін айтты. Өз Үндеуін мемлекет басшысы «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды» деп қорытындылай келе, «Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз» деген сенім білдіріп аяқтады. Президентіміздің бұл Үндеуі еліміздің апатты қысқа мерзімде еңсеріп, оның салдарларын ұйымдаса отырып тезірек жоятындығымызға үлкен үміт ұялатады. Иә, халқымыз «Бірлік, бірлік түбі – тірлік» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді сақтай отырып, халқымыздың басына түскен ауыр қиыншылықты ұйымшылдықпен бірге жеңейік!
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,
философия және саясаттану кафедрасының
аға оқытушысы Баярисов Режеп Уразбаевич.