2022 жылдың 17 наурызында “Қоғамдық келісім” КММ-де “Сәулет балалар көзімен” атты балалар шығармашылық көрмесі өтті

Көрмеге №40 гимназияның 8-17 жас аралығындағы 34 оқушысы қатысты.

Экспозицияда 36 жұмыс ұсынылған. Олардың барлығы дерлік әр түрлі жанрда және түрлі техникада жасалған. Атап айтсақ, классика – батик, акварель және гуашь, линнерлер, фломастерлерді қолдану арқылы бейнеленген.

Көрмеде көрермендер Максим Хегайдың “Высотка” туындысындағы мегаполистің зәулім үйлерін көрсе, Анна Павлованың ертегі сарайына тәнті болды. Сондай-ақ, көптеген суреттер біздің туған қаламызға арналған.

– Дәстүрлі халықтық мобильді архитектураның үлгісі ретінде Қазақ киіз үйі де шетте қалған жоқ, көрменің басым бөлігі Тараздың сәулет өнері арналған, – дейді “Қоғамдық келісім” КММ көрме залының меңгерушісі Вера Майкович. – Татьяна Вотинцеваның жетекшілігімен мектепшілік бейнелеу өнері үйірмесінің оқушылары орындаған батиктер көрменің сәніне айналды. Балалар басқа елдердің сәулет ескерткіштерін бейнелей отырып, өзге елдердің мәдениетімен кездесуден қызығушылықтары мен эмоцияларын көрсетті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

БҰЛ ЖОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ АЙРЫҚША

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының кезекті отырысында жасаған Жолдауын тыңдай отырып, жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасымен таныстық. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларға қанықтық.

Президент өз Жолдауында ертеңгі күнге деген сенімді еселей түсетін елеулі өзгерістерге тоқталды. Мұның бәрі де Жаңа Қазақстан құру идеясынан туындайтын міндеттер екенін, сындарлы сәтте оны жүзеге асыруды кешеуілдетпеу керектігін аңғартты.

«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», дей келе Мемлекет басшысы сайлау жүйесі жетілдірілетінін, дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керектігін, елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құрылатынын жеткізді. Сонымен қатар Мәжілістің де құзіреті артатын болды.

«Сенаттың Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын көздейтін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Бұл Мәжіліске заңдар қабылдау құқығы берілетінін білдіреді. Сондай-ақ, Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», деді Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Жолдауда айтылған бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертетіндігіне сенім мол. Президент оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек. Лайым, Жаңа Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған жарқын жобалар жүйесі жүзеге ассын деп тілейміз. Бұл тұрғыда бірлесе еңбек етудің маңызы да зор болмақ.

Гулам УМАРОВ,

Жамбыл облыстық қан орталығының директоры,

 облыстық мәслихаттың депутаты

Жаңа Қазақстанды құру жолында

Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге, қазақстандықтарға “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауын жолдады. Мемлекет басшысының сөйлеген барлық сөзі маңызды, өйткені Президент елдің даму жолында атқарылар барлық міндет-мақсаттарды жеке-жеке айшықтап айтып берді.  Жаңа Қазақстанды құру үшін өмірдің барлық салаларын, ең бастысы – саяси жүйені реформалау сөзсіз маңызды. Оларды Біздің Президент ұсынды. – Халық үшін қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыртусыз елдің орнықты дамуы және ауқымды әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар мүмкін емес. Бұл анық”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өңірлердегі теңгерімсіздікті жою, барлық деңгейдегі мәслихаттардың мәртебесін арттыру үшін қабылданған шешімдер – мен, аса ыждаhаттылықпен құлақ қойып  тыңдаған  сәттердің бірі болып табылады.  Шынымен де, ең маңыздысы – осы жаңғырту тиімді болуы тиіс, сонда ғана одан пайда мен нақты табыс болады.

Пікірімді қысқа қайыратын болсам, бүгінгі ел басшысының Жолдауынан өз басым жақсы әсер алдым. Еліміздің алдағы күндеріне тек бірлік пен тірлік тілеймін!

Жамбыл облыстық «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің

төрағасы, ҚХА мүшесі Давришев Махмуджон Мираддинұлы

Елімді қуантар елеулі өзгерістер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауын «қаңтар оқиғасында» зардап шеккендер мен қаза болғандарға көңіл айтудан бастады. Ел басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар маңызды міндеттер қойды, олардың орындалу тетіктері 18 наурызда өтетін ҚР Үкіметінің кезектен тыс отырысының басты тақырыбы болмақ. Ел басшысының осы Жолдауы барша қазақстандықтардың жүрегінен ерекше орын алды десем қателеспеймін. Көпұлтты Қазақстанымыздың алдағы уақытта атқарар мақсат-міндеттерін айшықтап берген көшбасшымыздың  ел алдындағы Жолдауында айтқан ұсынымдары мен ұстанымдары  мемлекет басшысының халық алдындағы беделін одан ары арттыра түсті.

Сонымен бірге,  Мемлекет басшысы сенаттың жұмысы мен құрылымын қайта қарау қажет екенін айта келе, сенаттағы президенттік квота санын 15-тен 10 депутатқа қысқартуды ұсынды. Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасына биліктің әділ баға беруіне қатысты құқық қорғау органдарына жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруларын талап етті. Осыған қоса, халыққа жолдауында супер-президенттік басқару формасынан Парламенті қуатты президенттік республикаға көшу жөнінде де былай деп мәлімдеді: «Біз еліміздің саяси моделін қайта құру мақсатында батыл қадамдарға баруымыз қажет. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі мен еліміздің тұрақты дамуына ықпал етеді»,-деді Президент.

Тағы бір ерекше тоқталғым кеп отырған жайт, бүкіл қазақ халқын қуанышқа жетелей жөнелген жаңалық – үш облыстың құрылуы. Өзім Шығыс Қазақстанның қызы болғандықтан, Әулиеата өңірінде өсіп-өніп жатсам да, Семей қаласын Абай облысының орталығына айналдыруы айтылғанда кеудемді керемет қуаныш кернеді. Ұлы, дана  Абай атамыздың есімі ескеріліп облысқа беріліп жатса Қазақ еліне бұдан артық қандай несібе, ырыздық бар?! -«Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз» дегенінен Президентіміздің Қазақстанның геосаяси қауіпсіздік жағдайын да ескеріп отырғандығын аңғарамыз.. Бұл тұста да мықты саясаткердің аса қырағылығын көрсетті. Осыған қоса, Қапшағай қаласын халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың есімімен өзгертетіні де халықтың пікірімен сараланып, іске асатындығы сөз болды. Сонау көнеден келе жатқан Ұлытау атауымен облыс құрылып, оның орталығы Жезқазған болатындығы да қазақ елінің төбесін көкке көтертті. Жер жәннаты – Жетісудың да өзіне лайықты мәртебесіне ие болып облыс аталуы және оның  орталығы болып бекітілген, енді ғана орнын тапқан сулу да таза қала Талдықорғанның  бағы ашылмақ. Елімізді қуантар осындай елеулі өзгерістер алдағы уақытта да жалғасын табарына нық сенімдімін! Бастысы – халықтың ниеті түзу, сенімі бекем болсын!

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының соңында жар салған «Қызметіме түрлі адамдардың бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу аса маңызды. Біз өзіміздің басты игілігіміз – Тәуелсіздігімізді сақтап қалуға, ұлттық бірегейлік негіздерін нығайтуға, елімізді трансформациялауға көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады» деген сөздері жолдауды құлақ түріп тыңдаған,  зер салып көрген барша жұртшылықтың жылы жүрегіне бірден адаспай жол тапты.  Расында да, еліміздің егемендігін соншалықты  қандай күшпен, рухпен алып едік кезіндегі Желтоқсан оқиғасында, ендеше, соған сай жолымызда қанша кедергілер кездессе де, «ақпараттық соғыс» арқылы түрлі арандатулар болса да, өткендегі «қайғылы қаңтар оқиғасы» орын алса да, Ел Президенті тығырықтан шығатын жол тауып, өз халқының беделін де, қауіпсіздігін де жоғары деңгейде қорғап шықты.

Тобықтай түйін: Осындай жеті жұрттың тілін біліп, мықты, көрегенді дипломат ретінде бұрыннан елімізге танымал ірі тұлға, алпауыт елдер мен дамыған елдердің ортасында алтын көпір болып отырған,  сабырлы да салмақты, өжет мінезді жан, сындарлы саясаты бар ел перзенті – Президентімізді қалай қолдамассың?!

Қайырлы Қазақ елі, Жаңа Қазақстанды дамыту жолында ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ететін кез келді. Іске сәт!

Айгүл Кабиева,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік Университетінің

«Мәдениет және өнер» кафедрасының

меңгерушісі,  профессор,

ҚР Мәдениет қайраткері, ҚХА мүшесі   

Келешегіміз кемел елміз

Соңғы кездері «Жаңа Қазақстан» сөзі халық арасында кеңінен тарады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның мағынасын ашып айтып берді. «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз!»- деді Ол. Айтқаны орындалсын Мемлекет басшысының! Біз, Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер қауымдастығының өкілдері ел Президентінің барлық жаңа реформалары мен халықтың әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы ойларына зор құрметпен қараймыз. Көпұлтты Қазақстанымыздың, оның ішінде Ассамблеяның алдағы уақытта атқарар мақсат-міндеттерін, депутаттар санының қысқаруы іспеттес біраз іс-қимылдарды айшықтап берген көшбасшымыздың  «Біз өзіміздің басты игілігіміз – Тәуелсіздігіміз бен бірлігімізді сақтап қалуға, ұлттық бірегейлік негіздерін нығайтуға, елімізді трансформациялауға көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл – біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз» деген ойлары  халық ішіндегі біраз адамдарымыздың «Қазақстан халқы ассамблеясын жабу керек!» деген  кері пікірлеріне айтылған нақты жауабындай болды. Бір елміз, қазақ елі ұлт пен ұлысқа бөлінбесе, өзге ұлттар ішінара өз ішінде алауыздыққа бармаса екен деген тілек-ниет бар. Бірлігіміз бекем болсын сондықтан!

Сенімді қадамдар жасай білетін  көшбасшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауында айтылған үш бірдей облыстың пайда болуы да халықтың көңілінен шыға білді. Қайсыбір істі бастауға үлкен ерік-жігер, қажыр-қайрат керек. Сонда ғана ісің оңды болып, жұрт алдындағы қағидаң айқын, жүзің жарқын болады. Осындай қайсар да парасатты мінез бойыңнан табылса ғана ҚАЛА сала аласың, халықтың санасын алдыға жетелейсің,  жаңашылдық үрдістің отын жағасың. Осындай асыл қасиеттерді бір бойына жинаған адам ғана әлемді мойындатқан Жаңа Қазақстанды құра алады. Бір үйдің баласындай Президентті қолдап, Жаңа еліміздің іргетасын жаңа қарқынмен бірге қалайық!

Хано Абдуллаұлы Бабаев, ҚХА мүшесі,

Жамбыл облыстық «Барбанг»

 күрділер қауымдастығының төрағасы

#NewKazakhstan

#CCS

#ПрезидентЖолдауы

#ЖаңаҚазақстан

#Жолдау2022

Жаңғыру жолы – сара жол

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Елбасы өз сөзінде   Қазақстан халқына Жолдауында саяси жүйені жаңғырту, ел қызметінің барлық салаларында реформаларды әзірлеу және қабылдау бойынша басымдықтар, бірінші кезекте, өңірлер мен елдің әлеуметтік – экономикалық дамуы бойынша өзекті мәселелер қозғалды. Жолдауда атап өтілгендей: билік пен азаматтық қоғамның міндеті – елдегі келісім мен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін Өңірлерді дамыту шеңберінде әлеуметтік жобаларды, жоспарларды, бағдарламаларды іске асыруда тетік болу.

Азаматтық қоғам мен биліктің дамуының өзектілігі күн сайын артып келеді, өйткені прогрессивті азаматтық қоғамды қалыптастырудың тактикасы мен стратегиясы және әлеуметтік -экономикалық, индустриалды жетістіктер мен өзгерістерге дайын елдегі күшті билік теорияны немесе тұжырымдаманы таңдауға байланысты. Жолдауда сондай-ақ, билік пен қоғамның өзара іс-қимылы дамушы қоғамдастықтың және тұтастай мемлекеттің перспективаларын айқындайтыны атап өтілді. Біз демократиялық, қоғамға ұмтыламыз, онда әркім өзінің жеке үлесі мен жеке кәсіби қасиеттері бойынша бағалануы керек. Осыған байланысты әлемде болып жатқан жағдайды байыпты қайта қарастыру – бұл жалпы қоғам, саяси партиялар мен қозғалыстар, Қоғамдық ұйымдар және білім беру жүйелерін жүзеге асыратын зор дүниетанымдық, идеологиялық жұмыстың бөлігі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, жалпыұлттық бірлікке, тұрақтылыққа, жасампаздыққа, қоғамдық келісімге шақырды. Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанның құрылысы бойынша институционалдық реформалардың іс-қимыл жоспарларының жобаларын ұсынды. Біз ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдің әлеуметтік – экономикалық өсуін тұрақтандыруға, дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты ілгерілетуде қолдау көрсетеміз. Ел үшін қиын уақытта-халықаралық пандемия, геосаяси халықаралық келіспеушіліктер кезеңінде мемлекеттің тұрақты дамуы үшін қажетті жағдайлар және бірінші кезекте-отандық бизнесті қолдауға арналған басымдықтар жасалуда; ел азаматтарына әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік, оның ішінде атаулы әлеуметтік қолдау, проблемаларды жергілікті жерлерде жедел шешу ұсынылады. Біз еліміздің Президенті әлемге әйгілі адам – Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетеміз және біздің әрқайсымыз реформаны ілгерілетуге және ауданымыздың, облысымыздың, республикамыздың гүлденуіне өз үлесімізді қосып, сүйікті Республикамызды жаңа жетістіктер мен табыстарға жетелеуіміз керек. Ол біздің Отанымызда бейбітшілікті, жалпыұлттық топтасуды, тұрақтылықты нығайту, қоғамдық келісімді, бұзылмайтын бірлікті сақтау және құрметтеуді – өзінің қасиетті парызы деп санайды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев билік институттарының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз ететін саяси саланы жаңғырту шараларын да оңтайлы ұсынды. Мемлекет басшысы Президенттің ең жақын туыстарының саяси лауазымдарды, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордағы басшыларды атқаруына заңнамалық тыйым салуды енгізуді ұсынды. Бұл лоббистік мүдделердің тәуекелдері төмендейтін мемлекеттік сектордың тиімдірек жұмыс істеу перспективасына жасалған қадам. Керемет, өте мықты шешімдер!!

Турдыева Мухабат Абдрахмановна,

Махмұт Қашқари атындағы

Ұйғыр этномәдени бірлестігінің  төрайымы, ҚХА мүшесі

 

Бұл Жолдау бұрынғы жолдаудан өзгерек

Бүгін, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» негізге ала отырып, реформалар мен үкіметке саяси жүйені одан әрі дамыту және «Жаңа Қазақстан» ауқымды жұмыстарға бағытталған. Елбасы тәуелсіз Республикамыздың одан әрі дамуының кепілі болатын реформаларды алға тартып, жүзеге асырды.

Алдыңғы жолдаулар  секілді бүгінгі жолдаумыз да халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімін арттырды. Ұлттық рухымызды күшейтті. Мен ең маңызды аспектілерді атап өткім келеді, бірақ әр бағыт өзінің өмірлік рөлін атқарады. «Азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» осы президентіміздің  сөзі жаныма батты.

Шын мәнінде ең бастысы – еліміздің егемендігі . Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ,сол құндылықты сақтау мен қорғау біздің басты парызымыз. Еліміздің жарқын келешегі мен болашағы – ақыл мен парасатты ту етіп ұстанған,  Отаншылдық рухы жоғарғы білімді ел қолында екені анық.  Елімізді жаңа бағытқа бағдарлайтын өзгерістер,  тек қана  парақта емес нақты іспен көрсетіп сапалы жұмыс  жүргізілу керектігін туралы ерекше айтылды. Ол үшін барлық салада азаматтық қоғамға негізделген жүйелі өзгерістер мен түбегейлі жаңарулар жүзеге асатын болады. Біз әрқашан басқалардан өзгеріс күтеміз, мемлекеттен реформалар талап етеміз.Дегенмен, бұл міндетті орындау үшін мен не істеймін деп ойлануымыз керек.Әрқайсымыз жолдауды өз саламыздағы жұмыс жоспары деп қарауымыз керек. Ұстаз ретінде жастарды тәрбиелеудің қыр-сырын ерекше атап өттіп, патриоттық тәрбиені күшейту қажет.Ал  үш баланың анасы ретінде Отанға деген сүйіспеншілік пен Отанымыздың игілігі үшін еңбекке деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге міндеттімін. Өзгеруді  өзінен бастау әр азаматтың Отан алдындағы парызы.

Динара Нуралиева – Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мүшесі, қалалық №34 орта мектептің директоры

Ақпараттық соғыс кейде қарулы соғыстан да қауіпті болады

Ақпараттық соғыс кейде қарулы соғыстан да қауіпті болады. Арандату мен жүгенсіз ақпараттардың торына түскен адамдар саналарын үрей мен күдік жайлап, әлеуметтік желілерде түрлі жағымсыз пікірлер қалдырып жатады.  Полиэтносты, поликонфессиялы  Қазақстанымызда мұндай пікірлерге орын қалмау керек. Күні кеше ғана орыс ұлтынан Мыскина Александра атты қарапайым қыз өз парақшасынан «Қазақстан – менің Жерұйығым» флешмобын жариялап, «Қазақстанның көпұлтты әлемін құртуға жол бермейтіндігінен» хабардар етті. Және де қазақ тілін де еш қиындықсыз үйренуге болатындығы және оған қатысты қаншама тіл үйренуге мүмкіндіктер мен жағдай жасалғандығынан еш қиындық болмайтындығы  жөнінде де сөз еткен. Осыған орай, орыс қарындасымыз бен қандасымызды мен де өз тарапымнан және Жуалы аудандық шешен-ингуштар атынан толық қолдаймын! Расында да, қай тілді меңгеремін десе де, барлық ұлт өкілдеріне ақысыз оқуға барлық жағдай жасалған, соны кейінге қалдыра бермей іске асыру маңызды. Алып-қашпа дәлелсіз ақпараттардан – қарусыз соғыстан да бойымыз бен сана-сезімімізді аулақ ұстайық.

Біз барлығымыз біртұтас – бір Елміз! Барша қазақстандықтардың тілегі де бір – бейбіт өмірде тату-тәтті өмір сүру. Құқығымыз да бір. Әлемде аякасты сұрапыл соғыс болды деп елестетіңіздерші бір сәт, жағдайымыз не болады ал?! Әрине, адамзат күнін көре алмай кетер еді, басымен қайғы боп..мұны ойлаудың өзі жан түшіктіреді. Сондықтан да, бар бейбітшілігімізге қанағат етіп, бір-бірімізге теріс пікірлер айтып, санамызды зақымдамай, бос дүрбелең, жағымсыз ойлар мен ақылсыз айлаларға бармай дұрыс, жағымды пікірде болайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Жамбыл облысы, Жуалы аудандық «Вайнах»

шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Лечи Оздамиров

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Республикамыз көп этносты және көп дінді қоғамнан тұрады. Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Жалпы бейбітшілікке, тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар дейді» біздің дана халық. Дана жұрт мұны тегіннен тегін айтпаса керек. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.

Қазақстанның көп этносты халқының татулығы ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек.

Қазақстан халқы ассамблеясы – елде этносаралық қарым-қатынастарды дамыту және конфессияаралық келісімді сақтау мақсатында құрылған бірегей институт. Түбірлері әрқилы, ұлттары бөлек, діні мен дүниетанымы өзгеше халықтарды бір ту астында біріктіре алған елдің негізгі құрылымы.

Әр азаматтық айқын даралығына қарамастан, бізді ортақ ойлар мен мақсаттар біріктіреді. Ең алдымен бұл – Отанға деген махаббат. Отанымыздың іргесі биік, керегесінің берік болуына әрқайсымызға байланысты. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Ендеше бірлігіміз бекем, татулығымыз тұрақты болсын! Елдің бірлігін бұзуға бағытталған әлеуметтік желілердегі арандатушыларға жол бермейік.

 

Бигелді Тәжібаев,

Жамбыл облыстық ҚХА

Қоғамдық келісім кеңесінің

төрағасы

«Жамбыл облыстық Немістер қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің Халықаралық әйелдер күніне арнаған музыкалық сыйлығы

2022 жылдың 5 наурызында «Қоғамдық келісім» КММ-де 8 наурыз -Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті. Ұйымдастырушылар – Жамбыл облысының Немістер қоғамы болды. Бағдарламада адамзаттың әдемі жаратылысы – әйелдер қауымына арналған түрлі көңіл көтерер ізгі құттықтаулар мен әзіл-оспақтар көп болды.

Концерттік бағдарлама вокалдық және хореографиялық нөмірлерден тұрды. “Инфинити” хореографиялық тобы “Қара жорға”, “Масалар”билерін орындады. “Эремурс” хореографиялық тобының орындауындағы “Түнгі Верона патшалары” биі  көрермендерді  ерекше тамсандырды.

Сондай-ақ, вокалдық нөмірлер де жиналған қауымның жүрегіне жол тауып жатты. Мәселен, “Juwel” тобының орындауында “Анама 8-наурызға”, “Federkleid”, “Danke”, “Мені сүй” әндері, “Singende Herzen” тобы көрермендерді “Уақыты келеді”, “Es zogen auf sonnlge wegen”, “Wo die Nordseewellen”, “Тум балалайка” әндері және Илья Филипповтың орындауында “«Ягода-малинка» әні тамаша шырқалып, шараның шырайын кіргізді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы