Өткенге құрмет – мәңгілік міндет Тараздықтар саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алды
31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Аталған атаулы күнге орай Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ бірлесе отырып «Өткенге құрмет – мәңгілік міндет» атты еске алу кешін өткізді.
Шараға облыстық этномәдени бірлестік басшылары мен өкілдері, зобалаң жылдары ажал құшқан құрбандардың ұрпақтары, Аналар, ақсақалдар кеңестері , «Ақ желкен» жастар лигасы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және БАҚ өкілдері қатысты.
ХХ ғасырдың 1930-1938 аралығындағы жылдар ел тарихында демін ішіне тартып, қылышынан қан тамып тұрған азапты жылдар. Бұл жылдары қазақ даласына әлемнің әр түпкірінен түрлі ұлт өкілдері айдауға келіп, яғни туған жерлерінен жер аударылып жатты. Нәубетті жылдары өзі жарымай отырған қазақтар жер ауып келген этностарды бөтен деместен, бөгде деместен бауырына тартты. Бір үзім нандарын бөліп берді. Қазіргі таңда осы кезеңді еске алса ерекше толғанатын этнос өкілдері қазақтарға шын жүректерінен алғыстарын айтады. Атамекеннен айырылып айдауда жүрген азаматтарға пана болған еліміздің бауырмалдық, қонақжайлық қасиетін этнос өкілдері ерекеше бағалайды. Бүгінде олар бірлігі бекем, тірлігі көркем елдің халқына айналған.
Кеш, бір минуттық үнсіздікпен солақай саясаттың құрбандарын еске алумен басталды. Аталған іс-шарада тарих қойнауындағы осы бір жылдардың көрінісі қайта жаңғырды. Бұған негіз болған кеш барысындағы «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығының» жастарының азапты жылдардан үзінді ретіндегі ұйымдастырылған театрланған қойылымы болды. Сонымен қатар, облыстық ассамблеяның белсенді жастары биге негізделіп ұсынған қуғын-сүргіннің көрінісі және «Болашақ» вокалдық триосының әндері мен этнос өкілдері, этнос жастарының сөйлеген сөздері жиылған жұртты бір сәт өткеніне оралдырды. «Жыл сайын 31 мамырда Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу және қайғыру күні атап өтіледі», – деді Жамбыл облысындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы. – Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық құрбандарын ұмытуға болмайды. Қиын кездерге қарамастан, Қазақстан халқы өз ауыртпалықтарына қарамастан, амалсыздықтан қоныс аударған көптеген этникалық топтардың өкілдерін өз туыстарындай қарсы алып, бір нанды бөлісіп жеді. Ендеше, еліміздің біртұтастығы мен бірлігіне тағзым етейік! ».
Өшкені жанып, өткені жаңғырған кеш соңы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына сый-сияпаттар табыс етумен тәмамдалды.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі