Қуантсаң – баланы қуант, сауапты!

«Қуантқың келсе – баланы қуант, берсең балаға бер! Олар бергеніңді шарықтаған шаттықпен, шынайы ниетпен қабылдап, аз нәрсеге қанағатпен қарап, нағыз риясыз қуана алатын жандар – солар» деп естуші едік үлкендерден.. Расымен де баланың қуанышынан артық жақсылық жоқ шығар?!

Ағымдағы жылдың 26 мамыры күні 1 маусым Халықаралық балалар күні мейрамы қарсаңында Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті» Поляктар орталығының өкілдері жылда көрсететін өздерінің дәстүрлі іс-қимылдарына сәйкес өмірлік қиын жағдайда қалған балалар орталығына барып, тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, оларға деген сый-құрметтерін көрсетті.

Аталған этнобірлестік оларға көңілді, қызықты ойындар ұйымдастырып, концерттік бағдарлама да жүргізді.

Бұған қоса кәмпит, балмұздақ, мармелад сияқты түрлі тәттілер мен дәмді тоқаштар, пирогтар және мамыр айында ең жақсы көріп жейтін жемістері – құлпынай мен шие таратылды.

Жандары жабырқау тартып, ата-ана мейірімі мен қамқорлығына зәру нәумез балалар бір сәт көңілдері көншіп, жүздері қуаныштан жайнап, Поляк мәдени орталығынан келген ұмытылмас тосынсыйға бар ризашылықтарын білдірді.

Көңілдің базарын сыйлап, мейірбандықпен назарын салған этнобірлестікке Балалар орталығының басшылығы мен тәрбиешілері де зор алғыстарын айтты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

#АссамблеянародаКазахстана

#балалықшақәлеміқандайғажап

#өзінөзібасқару

#балалардықорғаукүні