Көне Тараздан киелі Түркістанға дейін

Ежелгі Тұран  – қазіргі Түркістан. Көненің көзі, асылдың сынығы қалған, бүкіл Қазақ жұртшылығының ақсүйектері жерленген  қасиетті мекенге Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының бірқатар белсенділері мен өңірлік этнос өкілдерінің жас мүшелері саяхат жасап қайтты.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының 2019 жылғы «Жастар жылына» арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 25-27 қыркүйек аралығында  облыстың «Жаңғыру жолы» жастары республикалық  «Елтану» туристік-өлкетану экспедициясы аясында  Түркістан облысының тарихтан сыр шертер көне жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды.

Шараға  облыстық ассамблеяның белсенді жастары, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабының мүшелері, аз қамтылған отбасынан шыққан мектеп және кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқушылары мен білімгерлері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар, барлығы 50 адам қамтылды.

Экскурсияның басты мақсаты –  Қазақстандағы жастар жылы аясында Түркістан, Жамбыл облыстарының белсенді жастарын Қазақстан президенті Жолдауы жүктеген міндеттерге жұмылдыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке негізделген қазақстандық патриотизм құндылықтарын ілгерлету болып табылады. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты еліміздегі ішкі туризмді қалыптастыру, өлке тарихымен және оның географиясымен таныстыру.

Көне Тараз шаһарынан ежелгі Түркістанға бет алған жастардың керуені жол бойында еліміздің оңтүстік астанасы саналатын шырайлы Шымкент қаласына тоқтап, жергілікті ассамблеяның жастарымен жүздесті.

Кездесу басында сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсудқызы жергілікті ассамблея қызметкерелеріне алғысын айтып, жастарға жалынды сөздерін арнады. Сондай-ақ экскурсияның алдағы бағыт-бағдарларымен таныстырып, жастармен бірге атқарылып жатқан жұмыстың жүйесіне тоқталды.  Кездесу барысында  екі жақтың жыл бойы атқарылған жұмыстарының қорытындысы, Жолдауға қолдау білдірген жастар, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған челлендждің жалғасуы туралы ойлар мен пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, аталмыш челленжді ары қарай дамыту мақсатында Шымкент қаласының жастары жамбылдық жастарға эстафета жолдады. Жастар одан әрі шырайлы Шымқаланың  қаланың «көрсе көз тоймас» жерлерін аралап, естелік-фотосессия ұйымдастырды.

Жамбылдық жастарды алда киелі Түркістан күтіп тұр еді. Экскурсияның екінші күні Қожа Ахмет Яссауи, Рабиға-Сұлтан Бегім кесенелері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңынан орын тепкен емдік қасиетке ие шығыс моншасы, Хильвет жер асты мешітіне, Шәуілдір ауылындағы  Арыстан-Баб кесенесі (Қ.А. Яссауидің мұғалімі және рухани тәлімгері), Отырар қалашығы (археологиялық қазбалар),  Отырар тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасаған жастар тарихпен бетпе-бет келгендей әсер алғандарын жасырмады.

Қ.А.Яссауи кесенесі XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Яссауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәу ету орнына айналған. Мекеме қызметкерлері ассамблея жастарына бассұққан әр киелі орынды жіті таныстырды. Олар туралы көптеген ақпараттармен бөлісіп,  тарих тұнығынан сусындатты.

Саяхат барысында штабтың белсенді мүшесі Лигостаев Артур: – «Қазақ даласының әр тасын түртсең  тарихын көресің. Бұл мен үшін өте қызықты сапар болды. Себебі, мұндай көріністер бізді сан ғасырларға көз жүгіртеді.  Ал, өткеніміз – тарихымыз. Тарихта біздің ата-бабаларымыздың ізі бар. Бұл экскурсия бізге тек көңілді саяхат қана емес, тұнып тұрған руханият. Мен осында келгеніме өте қуаныштымын және осы саяхатты ұйымдастырған облыстық ассамблеяға алғысымды айтамын. Алдағы уақытта жастарға осындай рухани, мәдени, тарихи азық сыйлайтын өңіраралық «Өлкетану» турлары көп болса екен. Біз бір сәт күнделікті күйбең тіршіліктен сергіп, тарихқа саяхат жасап қайттық.» – деп өз ойымен бөлісті.

Сапар соңында ассамблея жастары Түркістаннан «тәбәрік» ретінде туыстары мен таныстарына түрлі сувенир-базарлықтар алып, киелі Түркістан кесенелері маңында суреттерге түсті.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы