Игі ана – ізгі қоғам

Бүгін тарихы тереңде жатқан Тараз шаһарының төрінде, «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Игі ана – ізгі қоғам» атты ҚХА Аналар кеңесінің слёті өтті.

Ақ жаулықты Аналардың жиынына арнайы ҚХА Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай мен осы кеңестің өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ф.ғ.к. Камал Әлпейісова келді.

Жамбыл облысы бойынша ҚХА Аналар кеңесінің жиынына қатысушыларға тақырыптық алаңдардың жұмыстары ұсынылды. Этникалық топтардың салт-дәстүрлері көрсетілді. Қатысушылар кәріс ұлтының ата-анасына тағзым ету, түрік этносының қалыңдық дайындау және дүнген этносының үйлену тойын тамашалады. Қазақ, орыс, өзбек, тәжік этностары аналарының әуелете бесік жырын айтқанын естідік.

Аналар кеңесінің слёті барысында облыстық Ғылыми сараптамалық топтың мүшесі Рысты Қалдыханқызы «Ғажайып киіз үй» интерактивті жобасы таныстырылды. Бүлдіршіндерге қазақи қалыпты, ұлттық дүниетанымды жеткізу жолында жасалған киіз үйдің жобасы қонақтар үшін тың дүние болды.

Кеңестің өкілдері мен қонақтарына облыстық ҚХА жанынан құрылған этнос жастарының «Достық» театры Ш.Мұртазаның «Интернат наны» шығармасы желісімен спектакль ұсынды. Қойылымның қоюшы-режиссері – ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығының өкілі Асқарбек Сейілханов. Айта кету керек, аталған көрініске жастардың көп еңбек сіңіргені көрініп ақ тұр. Оған қойылымның жоғарғы деңгейде орындалғаны дәлел.

Жоғарыда аталған іс-шаралардан кейін Аналар кеңесі слеті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, облыстық А.Тоқпанов драма театрының актрисасы Нұрсипат Салықованың сахналық қойылым түрінде ұсынылған аналық ақ батасымен басталды.

Аналар кеңесінің слетінде Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысы Ұлана Сламбекова модераторлық етті. Онда облыстық Аналар кеңесінің жетекшісі Эльмира Мырза-Ғали келелі кеңестің атқарған жұмысы, арқалаған жүгінің әрбіріне ерекше тоқталды. Белсенді мүшелері мен серіктестік қолдау білдіргендерге арнайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің 10 жылдық жұмысының қорытындысы шығарылып, келешегі туралы жоспарлар талқыланды. Бұдан өзге Жамбыл облысы әкімдігі білім беру басқармасы жанындағы Облыстық ата-аналар қауымдастығының төрағасы Ринат Нұрақбаев, Жамбыл облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Әмина Қайназарова, Меркі аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова, Байзақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова және т.б сөз сөйледі.

Меркен аудандық аналар кеңесінің атқарған жұмыстары, Байзақ ауданындағы «Әжемнің ертегі» ҚХА Аналар кеңесінің жобасын жүзеге асыру туралы мәселелер қозғалды.

«Отбасы татулығы – әлеуметтік тұрақтылық», нашақорлықпен күресу, әке тәрбиесі, жаһандану кезеңінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жақсы әдеттерді қалыптастыруда мектеп рөлі, ата-аналар кеңесі және Аналар кеңесінің бірлескен жұмыстары талқыланды. Слет барысында «Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ психологы Ришат Райф «Ұрпақтар сабақтастығы – дәстір жалғастығы» атты психологиялық тренинг өткізді.

Слеттің қортынды сөзі ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай сөйледі. Орынбасар қоғамда бала тәрбиесінде, ананың алар орнының ерекше екенін айта келе, облыстағы Аналар кеңесі ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ бірқатар олқылықтардыңда орнын толтыру қажеттігі де айтылды.

Слет соң концерттік бағдарламаға ұласты.

«Ақпарат және қоғаммен байланыс» бөлімі