«Этнопедагогикалық жобалар арқылы балалардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру»

Ағымдағы жылдың 4 мамырында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен №18 «Еркежан» бөбекжай-бақшасында «Этнопедагогикалық жобалар арқылы балалардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру» тақырыбында қалалық ғылыми – тәжірибелік семинар өтті.

Шараны өткізудегі басты мақсат – қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды меңгерген, өзінің төл тарихын, ана тілін, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін білетін, толық дамыған ұрпақ тәрбиелеу және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, әрі,әр этнос балаларының санасында қазақстандық патриотизмнің бірлік пен бірегейлік тәрбиесін нығайту.

Іс-шара зертханалық жұмыстардан тұратын «Тоғыз жоба торабы»  көрмесінен басталды. Бұдан соң, бөбекжай-балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен жиналғандарға «Тіршіліктің оянуы» сахналық қойылымы көрсетілді. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлфайруз Есенқұлқызы Естаеваның алғы сөзінен кейін семинар қатысушылары өздерінің ғылыми баяндамаларын қорғауға кірісті.

Семинардың модераторы №18 «Еркежан» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Жұматаева Шарапат Тастанқызы болды.

Ғылыми семинарда өңірлік Ассамблея тарапынан спикерлер қатарында Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы Жинақбаева «Қазақтану» жобасының озық тәжірибесін насихаттау және тарату және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Рысты Қалдыханқызы Керімбаева «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын пайдалану» тақырыптарында баяндама жасады.

Осы тұста еске сала кеткен жөн, семинарда талқыланған тақырыптар Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасымен ілгерілетіліп келеді. Мәселен, ҚХА Ғылыми-сараптамалық топ мүшесі профессор Р.К.Керімбаеваның «Мектеп жасына дейінгі балаларды бірлік пен бірегейлікке тәрбиелеуде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын пайдалану» жобасының озық іс-тәжірибесін насихаттап таратуға қолдау көрсетіп отырған да облыстық Ассамблея. Өз баяндамасында Мүбәрак Қасымқызы дәл осы ғылыми-зерттеу жұмысы жөнінде – Рысты Қалдыханқызының ғылыми жобасының қазақ халқының ұлттық құндылықтарын заманауи үлгіде қайта жаңғыртып, жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырып, бірлік пен бірегейлікті нығайтуды білім беру жүйесінде жүзеге асыруға бағытталғандығын атап өтті.

Аталмыш балабақша бөбектері хоры орындауындағы «Атамекен» әнінен кейін ғылыми-тәжірибелік семинардың соңы қатысушылардың ой-пікір алмасуымен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі