«Erntedankfest»

Ағымдағы жылдың 15 қазанында Тараз қаласында, «Қоғамдық келісім» КММ-де Жамбыл облысының немістер қоғамы «Erntedankfest» күзгі егін жинау мерекесіне арналған концерт өткізді.

Мерекелік шараға қатысушыларды Жамбыл облысы немістер қоғамының президенті Александр Гибнер құттықтады.

Аталған мереке барысында ұйымдастырушылар көрермендерді неміс халқының егін жинау күнін мерекелеудің тарихы және ерекшеліктерімен таныстырды. Мерекелік кешке келген қонақтар этнос өкілдерімен көңілді неміс полькасын билеп, орыс және неміс тілдерінде әндер орындалды.

Іс-шара әрі қарай көңілді концертпен жалғасты. Концерттік бағдарламада «Эремурус» хореографиялық тобы, «Juwel» және «Singende Herzen» вокалдық ұжымдары өнер көрсетті.

Іс-шараның нағыз қызған тұсы Talente театр тобының әртістерінің «Аңдар күзді қалай жоғалтты» атты қызықты театрландырылған қойылымы болды.

Жиналған жұртшылық мерекелік іс-шараның жоғарғы деңгейде өткенін айтып, кеш соңында естелік фотоларға түсті.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы