ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Әсем қаламыздың “Жеңіс” саябағына жылда 9-мамырда өңір тұрғындары таңертеңнен келіп, бір-бірін қасиетті Жеңіс күні мерекесімен құттықтауға, сонымен бірге, арамызда аман-есен бірге жүрген Ардагер Аталар мен Әжелерге ізет, құрмет көрсетуге және соғыстан үйлеріне оралмаған майдангерлерді еске алуға жиналады.

Бүгін, Кеңес Одағының батыры, қолбасшы, Қазақ елінің мақтанышы, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының мемориалына жылдағыдай гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі мен еске алу шарасы өткізілді.

Гүл қою рәсімі Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Нұржан Нұржігітовтың, және ҰОС ардагерлері, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Ішкі саясат басқармасы және “Қоғамдық келісім” КММ басшылығы мен қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Ұлы Отан соғысының батырларын еске алуға келгендердің қатарында ҚХА мүшелері, біздің өңірдің этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері де болды. Осы тұста ерекше атап өтсек, облысымыздың ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері 7-9 мамыр —Отан қорғаушылар және Жеңіс күні әскери мейрамдарын мерекелеуге жылдағыдай бар ықыластарымен белсене қатысты.

Күні бүгінге дейін сызаты кетпеген сұм соғыс құрбандарын еске алуға “Жеңіс” саябағына жиналған жұртшылықтың молдығы сонша, бірнеше қатардан бағандар құрап, қаз-қатар тізіліп тұрды. Бейбіт өмірдің қадірін білер әр адам батыр атамыз бен жамбылдық жауынгерлерді еске алып, бір минуттық үнсіздікпен рухтарына тағзым етті.

Бұдан соң, әскери үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы бірінен соң бірі бүкіл саябаққа қалықтаған ескі әскери әндер мен соғыс жылдарындағы музыкалық әуендер арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін бүкіл Кеңес елінің Жеңіс күнін қалай қуанып қарсы алып жатқанынан көрініс беріп тұрғандай болды.

Кемеңгер тұлға соғыста ғана ерлік көрсетіп қоймай, туған халқының ұлттық құндылықтары – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, дінін, ділін, тарихын “қиын-қыстау “ кезеңдерде жанұшыра, қызғыштай қорыған арыстарымыздың бірі еді.

Ерлігі мен елдігін болашақ ұрпағына аманат етіп кеткен Бауыржан атамыздың

“мәңгі от- алауы” орналасқан ескерткішіне Жамбыл жұртшылығының атынан құрметпен гүл шоқтары қойылды. Саябақ іші Жеңіс күні мерекесіне арналған берекелі іс-шаралармен жалғасып жатты. Ер есімі – мәңгі ел есінде қала бермек.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі