Еліміздің Астанасында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ СЕССИЯСЫ ӨТЕДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың өкіміне сәйкес ертеңнен бастап, 2023 жылдың 26-27 сәуірі күндері Астана қаласында “Бейбітшілік пен келісім” сарайында «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өткізілетін болады.

Бірінші күні «Назарбаев Университеті» базасында делегациялар мен өңірлерден шақырылған қонақтардың қатысуымен панельдік тақырыптық секциялар мен дискуссиялық интенсивтер өтеді.

Талқылау үшін келесі тақырыптар қарастырылмақшы:

«Бірлік пен келісім: дәстүр, мәдениет және білім» секциясы;

«ҚХА-ның саяси реформаларды іске асырудағы және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі» секциясы;

Ұлттық құрылыс және жалпыұлттық бірегейлік бойынша интенсив;

Этносаясаттың өңірлік аспектілері бойынша интенсив.

27 сәуір-екінші күні “Бейбітшілік пен келісім”сарайында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының жұмысына қатысу үшін Жамбыл облысы атынан да этномәдени бірлестіктер басшылары мен ҚХА мүшелерінен арнайы делегация құрылды, оған «Ассамблея жастары» РҚБ облыстық филиалының белсенді жастары және облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық “Қоғамдық келісім” мекемесенің өкілдері де енгізілді.

Бүгін, 2023 жылдың 25-сәуірінде Әулиеата өңірінен сессияға жол тартқан жамбылдық Ассамблея өкілдері сәулетті Астанаға ойдағыдай жетіп, Парламент мәжілісі ғимаратында өз жерлестері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Мұқаш Искандиров, Ерболат Саурықов, Сәкен Арубаев, Гүлдара Нұрымовалармен кездесті. Орайлы кездесу Мұқаш Искандиров пен Ерболат Саурықовтың қолдауымен ұйымдастырылған еді.

Бұдан соң келушілер астанамыздың арнайы экономикалық аймағында орналасқан, жалпы аумағы 26 мың 800 шаршы метрді құрайтын Парламент Мәжiлiсiнiң ғимаратына экскурсия жасады.

Айта кетейік, мемлекетiмiздiң заң шығару билiгi саласының лайықты нышаны болып табылатын Мәжiлiс ғимараты Қазақстан Республикасының Президентi Iс басқармасының тапсырысы бойынша 2002-2004 жылдары салынған болатын.

Кездесу барысында парламент депутаттары мен сессия қатысушылары ертеңгі ҚХА сессиясының өткізілу жай-күйіне қысқаша тоқталып, өзара талқыланатын интенсивтер жөнінде әңгімелесіп, пікір алмасты.

Сонымен бірге, бірлігі жарасқан кездесу барысында Ассамблея делегациясынан жерлес депутаттарға сыйластықтың символы ретінде кішігірім сыйлықтар табысталды.

Ел құрметтілерімен өткен жаймашуақ кездесу өз деңгейінде жақсы өтті.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі