Елімді қуантар елеулі өзгерістер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауын «қаңтар оқиғасында» зардап шеккендер мен қаза болғандарға көңіл айтудан бастады. Ел басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар маңызды міндеттер қойды, олардың орындалу тетіктері 18 наурызда өтетін ҚР Үкіметінің кезектен тыс отырысының басты тақырыбы болмақ. Ел басшысының осы Жолдауы барша қазақстандықтардың жүрегінен ерекше орын алды десем қателеспеймін. Көпұлтты Қазақстанымыздың алдағы уақытта атқарар мақсат-міндеттерін айшықтап берген көшбасшымыздың  ел алдындағы Жолдауында айтқан ұсынымдары мен ұстанымдары  мемлекет басшысының халық алдындағы беделін одан ары арттыра түсті.

Сонымен бірге,  Мемлекет басшысы сенаттың жұмысы мен құрылымын қайта қарау қажет екенін айта келе, сенаттағы президенттік квота санын 15-тен 10 депутатқа қысқартуды ұсынды. Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасына биліктің әділ баға беруіне қатысты құқық қорғау органдарына жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруларын талап етті. Осыған қоса, халыққа жолдауында супер-президенттік басқару формасынан Парламенті қуатты президенттік республикаға көшу жөнінде де былай деп мәлімдеді: «Біз еліміздің саяси моделін қайта құру мақсатында батыл қадамдарға баруымыз қажет. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі мен еліміздің тұрақты дамуына ықпал етеді»,-деді Президент.

Тағы бір ерекше тоқталғым кеп отырған жайт, бүкіл қазақ халқын қуанышқа жетелей жөнелген жаңалық – үш облыстың құрылуы. Өзім Шығыс Қазақстанның қызы болғандықтан, Әулиеата өңірінде өсіп-өніп жатсам да, Семей қаласын Абай облысының орталығына айналдыруы айтылғанда кеудемді керемет қуаныш кернеді. Ұлы, дана  Абай атамыздың есімі ескеріліп облысқа беріліп жатса Қазақ еліне бұдан артық қандай несібе, ырыздық бар?! -«Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз» дегенінен Президентіміздің Қазақстанның геосаяси қауіпсіздік жағдайын да ескеріп отырғандығын аңғарамыз.. Бұл тұста да мықты саясаткердің аса қырағылығын көрсетті. Осыған қоса, Қапшағай қаласын халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың есімімен өзгертетіні де халықтың пікірімен сараланып, іске асатындығы сөз болды. Сонау көнеден келе жатқан Ұлытау атауымен облыс құрылып, оның орталығы Жезқазған болатындығы да қазақ елінің төбесін көкке көтертті. Жер жәннаты – Жетісудың да өзіне лайықты мәртебесіне ие болып облыс аталуы және оның  орталығы болып бекітілген, енді ғана орнын тапқан сулу да таза қала Талдықорғанның  бағы ашылмақ. Елімізді қуантар осындай елеулі өзгерістер алдағы уақытта да жалғасын табарына нық сенімдімін! Бастысы – халықтың ниеті түзу, сенімі бекем болсын!

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының соңында жар салған «Қызметіме түрлі адамдардың бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу аса маңызды. Біз өзіміздің басты игілігіміз – Тәуелсіздігімізді сақтап қалуға, ұлттық бірегейлік негіздерін нығайтуға, елімізді трансформациялауға көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады» деген сөздері жолдауды құлақ түріп тыңдаған,  зер салып көрген барша жұртшылықтың жылы жүрегіне бірден адаспай жол тапты.  Расында да, еліміздің егемендігін соншалықты  қандай күшпен, рухпен алып едік кезіндегі Желтоқсан оқиғасында, ендеше, соған сай жолымызда қанша кедергілер кездессе де, «ақпараттық соғыс» арқылы түрлі арандатулар болса да, өткендегі «қайғылы қаңтар оқиғасы» орын алса да, Ел Президенті тығырықтан шығатын жол тауып, өз халқының беделін де, қауіпсіздігін де жоғары деңгейде қорғап шықты.

Тобықтай түйін: Осындай жеті жұрттың тілін біліп, мықты, көрегенді дипломат ретінде бұрыннан елімізге танымал ірі тұлға, алпауыт елдер мен дамыған елдердің ортасында алтын көпір болып отырған,  сабырлы да салмақты, өжет мінезді жан, сындарлы саясаты бар ел перзенті – Президентімізді қалай қолдамассың?!

Қайырлы Қазақ елі, Жаңа Қазақстанды дамыту жолында ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ететін кез келді. Іске сәт!

Айгүл Кабиева,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік Университетінің

«Мәдениет және өнер» кафедрасының

меңгерушісі,  профессор,

ҚР Мәдениет қайраткері, ҚХА мүшесі