ЕҢБЕГІ ЕРЕН ДӘРІГЕР

Адам жанына шипа, дертіне қуат беріп, тән мен жан саулығын сақтау жолында аянбай еңбек еткен ақ халатты абзал жандардың қоғамда алар орны ерекше.

Пенде біткенді ажалдан арашалауды мақсат тұтып, дерттіге дауа іздеп, медицина саласында тер төгіп жүргендердің бірі – Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Эльбрус Салпағаров. Балалар дәрігері Эльбрус Хаджимахмұтұлының есімі елге етене таныс.

Күні бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген науқас балалардың дертіне дауа тауып, бірінің сырқаттан құлан таза айығуына сеп болған абзал жанға айтылған алғыс та көп. Мамандығымен қатар қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген дәрігер – «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Әрі өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған барлық қоғамдық-маңызды және мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, ҚХА –ның қайырымдылық шараларынан тыс қалған емес. Жастайынан дәрігер болуды армандап, 1971-1977 жылдары С.Асфендияров атындағы Алматы медицина институында оқып, тәмамдады. Жас маман ретінде кәсіби біліктілігін шыңдауда мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтының бағдарламасы аясында Қазан, Мәскеу, Новокузнецк қалаларында өткен мамандандырылған курстарда балалар хирургиясының өзекті мәселелерін зерттеумен айналысты. Иә, ерінбей еңбек етіп, зор ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, өз білгенін науқасқа қолданатын абзал азаматты нағыз маман деп білген жөн.

Медицина майталманы 50 жылға жуық уақытын осы салаға арнады. Осы жылдар ішінде ел болашағы – өскелең ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамай, басы ауырып, балтыры сыздағанның дертіне дауа таба білді. Жетпіс жастағы ардагер дәрігер қарапайымдылығымен бірге адалдығымен, орнықты мінезімен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне бөленуде. Салада атқарған талай жылғы еңбегі еленіп, «Денсаулық Сақтау саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Алтын дәрігер» медальдері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің грамотасымен, Облыс әкімдігінің «Құрмет грамотасымен», Облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасы», Облыстық балалар ауруханасының және денсаулық сақтаудың бірнеше мәрте грамоталарымен марапатталған.

Елеулі еңбегінің арқасында қадірлі болған ақ халатты абзал жандар қашанда құрметке лайық!