Достық үйінде ЭМБ өкілдері Президент жолдауын талқыланды

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласындағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, этнос жастары арасында ҚР Президентінің Қазақстан халқына үшінші Жолдауы талқыланды.

Алқалы жиынға Қоғамдық келісім кеңесінің төраға орынбасары Абдырахман Зайнутдинов модераторлық етті. Алғашқы сөз Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Рысбай Орынбайға берілді.

– «Еліміздің тұғыры мемлекеттік тілде екенін кешегі Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде айрықша атап өтті. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Бұл тілдің құдіреті ерекше. Қуантарлық жайт – Мемлекеттік тілді еліміздегі түрлі этнос өкілдері жарыса оқуда. Қазақ тілін оқытатын арнайы мектептер ашылып, ондағы жастардың қарасы көбейгені де көңілге жылулық ұялатады. Алайда, жастарымыз ресми тіл – орыс тілін жетік меңгерсе еш ұтылмайтынын ұмытпаған жөн, орыс тілі қашанда халыкаралық тіл болып келген және қала береді де», – деп ерекше атап көрсетті Ол.

Сондай-ақ, ассамблея жастарының атынан сөйлеген Шұғыла Жұманғалиқызы қоғамдағы жастардың рөлін тілге тиек етті. Оның айтуынша, патриотизм – бүгінгі жастардың тұрақты болашағының негізі. -«Қазақстандық жастарда патриоттық сезім жоқ дегенді аға буыннан жиі естіп қалып жүрміз. Әрине бес саусақ бірдей емес, Мемлекет басшысының саясатын қолдай келе және уақыттың талабына сүйене отырып, жыл сайын мемлекеттік тілді меңгеруші түрлі ұлт өкілдерінің және жастарының саны артып келеді. Бұл қазақстандық патриотизмнің үлкен дәлелі емес пе?!”- деді Шұғыла Жұманғалиқызы.

Кездесу соңында этнос өкілдері Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, басты байлық – бірлікті қадірлеуді мақсат тұтып, ортақ ой, бір тілектің аясында бірікті. “Алдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлігімізді нығайтып, осы байлықты ұрпақтан-ұрпаққа тапсыру керек. Одан әрі топтасу мен бірлікті нығайту барлығымызды мемлекеттік тілдің айналасына біріктірген кезде ғана мүмкін болады, – деп қорытындылады отырыс модераторы Абдырахман Юлдашұлы.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы