ДОСТЫҒЫ ЖАРАСҚАН ҚАЗАҚСТАН ОРТАҚ ҮЙІМІЗ

Ақпанның 27 күні қаламыздағы Достық үйінде Жамбыл облысы ардагерлер кеңесі облыстық ҚХА «Ассамблея жастары», қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің жас өкілдерімен кездесті.

Кездесуде алғашқы сөз сөйлеген Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі төралқасының төрағасы Мұхаметілда Байшонов «Ел ертең жастардың қолында. Бүгінгідей келісім мен тұрақтылық сақталған бейбіт күнде жастарға мүмкіндік зор. Енді олардың міндеті бәсеге қабілетті елдің еңселі азаматтары болу. Үздіксіз білім жинап, біліктіліеті арттыру. Үнемі ізденіс үстінде, талапшыл, тиянақты, тәрбиелі болып бой түзеу. Себебі, біздің сендерге деген сеніміміз мол, айналайындар!. Қазір заманның талабы зор. Сендер соған лайық болуларың керек. Отанға адал қызмет етіп, елім дегенде ғана еңбектерің жанатынын ұмытпаңдар! Отан ортақ, оны гүлдендіру ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Нанын жеген елдің қамында жеу керек. Ел ертеңі сендердің қолдарыңда, жалындаған жастар» – деген табанды сөздерімен жастарға құлшыныс сыйлады.

Жиын барысында сөз алған Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің орынбасары Исмаил Хаджимуратов та жастарға жалынды, жүректі сөздерін арнап, қала жастары соның ішінде облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ жұмысына көңілінің толатынын жеткізді. Жастардан күтер үміт пен сенімнің зор екенінде алға тартты.

Ал, облыстың ардагерлер кеңесі Төралқа мүшесі, ақын, жазушы Майлыбай Смағұлов бірлік пен бітімгершілік, татулық пен тұрақтылықтың қайнар көзі саналатын Достық үйі жастарға мықты тәрбие беретін бірегей мекен екенін ерекше атап өтті. Жастар тәрбиесі түп-тамырызды темірдей діңгегі, оның мықты болу аға буынның сапалы тәжірибесінен қаланатынын айтты.

Кездесу барысында айтылған аталы сөздер жастарды жай қалдырмады. Олар өздерінің озық ойларын ортаға салып, санада жүрген сауалдарына жауап алды.

Арада жылдарды арқалаған қос буын өкілдерінің кездесуі тәлім мен тәрбиеге, өнеге мен өсиетке, кемелдік пен көрегенділікке толы болды. Аталы сөз баталы дегендей келелі кездесудің тәмамдалар тұсында жастар ақсақалдардан бата алды.

Жиын соңында Өңірлік ҚХА «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестік төрайымы Хамида Турдыева келген қонақтарға жастар тарапынан үлкен алғысын білдіріп, қонақтармен естелік суретке түсті.

Ардагерлер ары қарай «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызына атқарылып жатқан жұмыстың көңіл қуантарлық тұсының көптігіне алғыс білдіріп, алдағы істерге сәттілік тіледі. Ақсақалдар әр іс-шарада белсенділік танытып, жастарды тәрбиесінде бірге жұмыла жұмыс істейтіндерін айтып тарқасты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі