Дөңгелек үстел өтті

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де «Ене мен келін арасындағы өзара байланыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның басты мақсаты – отбасындағы жанжалды азайту, отбасылық құндылықтарды сақтау. Жиынға Жамбыл аудандық ҚХА медиаторы Әмірова Нұрлыкүл және аталмыш орталықтың білікті психологы Аида Сарымбетова қатысты. Олар жас келіншектерді отбасылық жанжалдардың алдын алу тәсілдерімен және оларды шешу жолдарымен таныстырды. Өз сөзінде Н.Әмірова ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты ғана емес, қайын сіңлісі мен қайын енесі, күйеу баласы мен енесі, ата-анасы мен балалары арасындағы дұрыс байланысты да қамтитын отбасылық этика туралы келелі тақырыптарды қозғады: – Өмір болған соң әрбір жас отбасында түрлі жағдаяттар мен жанжалдар болып тұрады. Мәселен, жаңа отбасы қандай да бір ұрыс-керіске бой алдырып, өкпе-наз, реніш арқалап жүру үшін немесе соның әсерінен ажырасып кету үшін құрылмайды, керісінше, ұзақ және бақытты да салиқалы өмір сүру үшін құрылады. Бір-біріне деген құрмет, сүйіспеншілік, өзара түсіністіктің барында және тұрмыс құру жолында кездескен қиыншылықтарға мойымай төзімді бола алған жағдайда ғана дұрыс отбасы шығады, – деп атап өтті.

Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығының психологы Аида Сырымбетова да ене мен келін, жалпы әйелдер арасындағы қарым-қатынасты реттеу бойынша құнды кеңестермен бөлісті. Бұған қоса, жас аналарға отбасында туындайтын күрделі мәселелерді өз беттерінше шеше алмаған жағдайда аталған орталыққа хабарласуды ұсынды.

Дөңгелек үстел соңында Н.Әмірова мен А.Сарымбетова жас отбасыларға жанжалды немесе даулы жағдайды шешу бойынша консультативтік және құқықтық көмек көрсетті. Диалог барысында туындаған қатысушылардың барлық сауалдарына қанағаттанарлық жауаптар берілді.

Кездесуге қатысушылар осындай іс-шараларды жиі өткізу жөнінде өтініш жасап, пайдалы жиынды ұйымдастырушыларға зор алғыстарын білдірді.

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы