Біз-Қазақстан халқымыз

 Ағымдағы жылы ақпан айында Достық үйінде 1наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай  «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» ұйымдастыруымен «Біз-Қазақстан халқымыз» атты ашық есік күні өтті.

Шараға этномәдени бірлестіктер басшылары мен мүшелері, ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілдері, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақ желкен» жастар лигасы, «Айбын» әскери-патриоттық клубының жастары, қалалық және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

         Ашық есік күніне арналған шаралар басы аталмыш этномәдени бірлестіктің төрайымы Тұрдыева Мухабат Адрахмановнаның жастармен кездесуінен басталды.  Әр этнос өкілдерінен құралған жастарға бірлестік басшысы Махмуд Қашқаридың өмірбаянынан бастап Достық  үйінде орналасқан ұйғыр этносының кабинетіндегі шағын мұражайына дейін таныстырды. Онда қойылған әрбір зат ұйғыр халқының өзіне тән құндылықтарын айшықтап тұрғандай. Мухабат Абдрахмановна кездесу барысында алғыс хат, марапаттау, «Жыл лидері» медалі секілді т.б жүлделерімен таныстырып, оларды жастарға үлгі етті. Бірлестік жетекшісінің айтуынша қанжығасына байланған әрбір жүлдесі, медальдары, марапаттары тек адал және тынымсыз еңбектің, өзара ұйымшылдық пен ынтымақтық арқасында алған көрінеді.  Осы орайда «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» төрайымы          Турдыева Мухабат Адрахмановна:  «2016 жылдан бері көктемнің алғашқы күнінде Қазақстан ризашылық күнін атап өтіп келеді. Бұл қазақ халқының қонақжайлығы мен кең пейілі үшін өзге этнос өкілдерінің алғыс айту күні. Көпшілік жаппай жер аударылған жылдарда  ас-ауқаты мен жылы-жұмсағын, ұлы даласынан жайлы қоныс берген қазақ халқына деген ризашылық білдіру күні. Осынау нәубетті жылдарда өздері қиындыққа душар болғанына қарамастан қазақтар өздерінің  қираған үйлерінің  есіктерін ашып, бір үзім нанымен бөлісіп, өзге ұлт өкілдерін туысындай бауырына тартты. Бұл тарих жылнамаларындағы  бірнеше ұлттың бірігуінен құралған күрделі кезең. Міне, қазақ халқының осынау жақсылығы үшін атқарып жатқан әр іс-шарамызда жас ұрпақты сабырлы, бауырмал, қазіргі заманғы Қазақстандағы ұлтаралық келісімді және этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағыттап отырамыз»-дейді.

Кабинет көрнекіліктерімен танысып болғаннан кейін ассамблея, бейбітшілік пен келісім туралы дәрістер оқылып,  жиылған жастарға Мухабат Абдрахмановна  бүгінде 30 жыл толып отырған  «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» тыныс-тіршілігін жіпке тізгендей етіп айтып берді. Сонымен қатар, осынау дәріс арқылы ұғыр этносының төрайымы жастарға өмір сүруге талпыныс, арман-мұратқа жетуге құлшыныс, үшкен-кіші, елімізді мекен еткен барша этнос өкілдеріне сый-құрмет көрсету, егемен елдің ұрпақтарына тән рухани азық болар мотивация сыйлады.

Жиын соңына таман Мухабат Абдрахмановна жастарға Алғыс айту және Ассамблея күніне арналған қайырымдылық түскі асын берді. Ас үстінде ұйғыр этномәдени бірлестігінің жұмысы туралы видео-роликтер көрсетіліп,  естелік суреттерге түсті.

 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі