Бірлік түбі – береке

Иә, ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Әлемдік тарихта әртүрлі ұлт өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі – әсте де тың құбылыс емес. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келетіндігін мысалға алсақ болады. Болмашы келеңсіз оқиғалардың ұлттар арасына іріткі салып, татулыққа тигізіп жатқан сызатын тілге тиек еткім келіп отыр.

Көпұлтты халықтың татулығын берік ұстау үшін елімізде орын алып жатқан тұрмыстық сипаттағы келеңсіз жағдайлардың ұлтаралық қақтығысқа айналып кетпеуін қадағалауға тиіспіз.

Татулықты ту еткен халқымызға бұл жат қылық екені анық. Сананың саяздығы, әлеуметтік желіде келеңсіз пікірлердің белең алуына себепші болып отыр. Көзбен көрмеген дүниені дүрбелең дауға айналдырып, іріткі салған коментаторлардың араңдатушылықтарына мән бермеулеріңізді сұраймын. Бірлікті ыдырататын күншілдік, іштарлық, араздық сынды жағымсыз қасиеттерден бойды аулақ салуға шақырамын.

«ӘУЛИЕ АТА» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары,

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Айгүл Кабиева