Бірлігі бекем, тірлігі көркем – Қарасай батыр ауылы

Биылғы жылдың қараша айының 24 күні Қордай ауданы Қарасай батыр, Еңбек ауылдарының тұрғындарымен Жамбыл облысындағы этнос өкілдері тығыз орналасқан 32 елді мекен этнокартасы негізінде кездесу болып өтті.

Кездесу барысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева, Қордай аудандық Бірлескен қоғамдық келісім кеңесі төрағасы Мыктыбек Алтыбай ардагерлер, билер кеңесінің төрағалары, көп балалы батыр аналар, этнос өкілдерінің басшылары мен белсенділері, қандастар, жастар ресурстық орталығының өкілдерімен ауылдың хал-ахуалы туралы түрлі проблемаларды көтеріп, шешу жолын қарастырды. Саяси реформалардың, Жаңа Қазақстанның идеялары мен құндылықтарының маңызы, жалпыелдік «Бірлік даму үшін!» ұранымен этносаралық келісім түсіндірілді.

Бірлігі бекем, тірлігі көркем Қарасай батыр елді мекенінің тұрғындары жасап отырған іс, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі қалған көршілес ауылдарға айтарлықтай үлгі. Осы тұста сөзімізге дәйек болсын деп арнайы барған сапарымызда халықтың өз ауызынан жасалып жатқан игілікті істердің ақ қарасын анық естідік. Ауылда арнайы құрылған орта буын өкілдерінің азаматтары бар. Олар тұрғындардың барлық проблемаларын жіті аңғарып, шешу жолын қарастырады. Ауылдың керек-жарағын өздері ұйымдасып қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, арнайы Жомарт түлек жобасы аясында елді мекеннің кем-кетігі реттеліп жатқан көрінеді. Ауыл азаматтары ел игілігі үшін жасалып жатқан бұл істерін әрі қарайда жалғап, халықтың алғысын арқаламақшы. Мұнда 12 ұлттың өкілі тұрады. Олара мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

Этнокарта негізінде этносаралық жай-күйді зерделеу мақсатында өткен іс-шарада батыр аналардың, қыз-келіншектердің, жалпы әйел азаматтарының мәселелері де бей-жай қалмады. Бұл тақырып турасында «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Аққу Қаратаева аналармен сырлы сұқбат жүргізіп, түйіткіл мәселелердің шешімін қарастырды. Бұдан өзге ерте некеге тұру және жүктілік, қыз балаларды әуелі білім алуға насихаттау мен тәрбиесіне баса назар аудару сынды т.б бірқатар мәселелердің ара жігі ажыратылды. Арасында кейбір аналардың проблемалары бойынша жеке қабылдау өткізіліп, кеңес берілді.

Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ ҒСТ бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков пен жастар ісі бойынша маман Рахат Ерханұлы ауыл жастарын жинап тимбилдинг өткізді. Онда округ жастарына қазақстандық қоғамдық келісім негіздерін, патриотизм, бірлік пен бірегейлікті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Этнокарта негізінде этносаралық жай-күйді зерделеу жұмыстары арықарай Қордай ауданының басқа аулдарында жалғасатын болады.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы