БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

«Ашық есік күні» Республикалық акциясы аясында 2023 жылдың 17 ақпанында сағат 11.00-де Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Медиация кабинетінде жиын өтті.

Оған судьялар, прокуратура өкілдері, сот орындаушылары, заңгерлер, этномәдени бірлестіктердің және ақсақалдар мен аналар кеңесінің өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, БАҚ өкілдері қатысты.

Қалалық соттың судьялары – Әлімқұлова Гүлмира Асқарқызы мен Сәрсенбаев Абай Әділханұлы өз сөзінде «Медиация туралы» заңды сот жүйесінде қолдану тәжірибесіне тоқталып, азаматтық сот ісін жүргізу бойынша түсініктемелер берді.

Қалалық прокуратура бөлімінің аға прокуроры – Рахымбек Мақсат Ішкі істер органдарының қызметінде медиацияны қолдану және оны 1-бапта қолдану тақырыбын ашты.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі – Байхожаев Берікбол Ұзақұлы жиылғандарға адам құқықтарының бұзылуына қатысты мәселелер бойынша кеңес берді.

Тараз қаласы бойынша аумақтық сот актілерін орындау бөлімінің сот орындаушысы – Алма Жүрсінқызы Нұрханова атқарушылық өндірісте медиацияны қолдану туралы айтып, алимент бойынша берешектің статистикасына тоқталып, оны төлеуде татуластыру рәсімдерін қолдану туралы айтып өтті.

Жамбыл облысы бойынша адвокаттар алқасының адвокаты – Азбекова Тамара Искалиевна әртүрлі некедегі балаларға алимент өндіру мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетіп, туыстық фактіні анықтау бойынша кезең-кезеңімен нұсқауларды түсіндірді.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті.Жиылғандар өз тәжірибелерінде кездесетін мәселелерді айтты. Бұл алимент, несиелік міндеттеме, несиелік алаяқтық, ана болу фактісін анықтау, «Отбасылық сот» жобасын одан әрі дамыту және т.б. сынды сұрақтар. Судьялар мен құқық қорғау органдарының өкілдері барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы