Бигелді Тәжібаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

Бигелді Тәжібаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

– Расында, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғылға түсуі жолындағы жұмыстардың басымы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты, ерлігімен ұштасқан дүниелер екені даусыз. Сондықтан да Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясында: «Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты», – деп жазылды. Бұл – даусыз шындық. Өйткені Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Терезесі түгел елмен тең деңгейге жетті. Ғасырлар бойы бабалар армандаған тәуелсіздіктің туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің даңғылын таңдады. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.

Бұл ретте мен татулықты тұғырына балаған Н.Ә.Назарбаевтың ел игілігі жолындағы тамаша бастамаларын жүзеге асыруға үлесімізді қосып, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге шақырамын! 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні құтты болсын!