Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың ыстық ұясы
2021 жылдың сәуірінде ел тарихында маңызды оқиға саналатын – Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі XXIХ сессиясы өтеді. Бейбітшіліктің бірегей институты ширек ғасырдан астам уақыт бойы көп этносты еліміздің бірлігі мен келісімінің сенімді кепілі болып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылғы XXVIIІ сессияда сөйлеген сөзінде: «Әлем ауыспалы болса да, тұрақты, іргелі құндылық – қоғам бірлігі мен ұлтаралық келісім болып қала береді. Өзгерістер мен жетістіктер дәуірі әлемді қауіпсіз ете алмағанын өкінішпен мойындау керек. Бүгінгі таңда шамамен ондаған мемлекеттер қақтығыс пен жанжалдар астында отыр. Олардың көпшілігінің себебі ішкі этносаралық және діни қайшылықтар, бұл елемеуге болмайтын қайғылы жағдайлар..» – деген Елбасы, өз баяндамасында татулықтың басты символы Ассамблеяның әлеуметтік бірлік және қоғамды жаңғырту болып табылатын бейбітшілік пен келісімнің басты формуласын егжей-тегжейлі ашып берді.
Бейбітшілігіміз бен ынтымағымыз сынға түскен тағы бір кезең – бұл пандемия кезеңі. Біздің елімізді де дүние жүзіне кең тараған тәжді вирус айналып өтпеді. Талай халықтың қаймағына айналған тұлғалар мен қаншама қарапайым ел індеттің салдарынан көз жұмды. Аты шулы індетпен арпалысып, жасанды оттегі құрылғысымен жанын аман алып қалуға асыққандары қаншама. Дүбірі басылмаған алпауыт дерттің басы қайтқанымен қарқыны толқын толқын болып тығырыққа тіреуде. Қазір әлем елдері пандемиямен күрес үстінде. Бұл қиын кезеңнен өту де тек татулық пен бірлікке қатысты. Қандай жағдай болмасын, небір қилы заманда халықтың бірлігі арқылы ғана жеңіске жеткенбіз. Осы тұста ынтымағымыз ажырамаса екен, іргеміз сөгілмесе екен деген тілегімде бар!
Әрине елімізде орын алып жатқан кез-келген дүниеге халық болып үн қатамыз. Барлық іс ел Президентінің сындарлы саясаты негізінде жүзеге асатын болады. Алдымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрге айналған кезекті сессиясы келе жатыр. Бұл сессияға қатысушы әрбір Қазақстан азаматы өзін зор жауапкершілік күтіп тұрғанын ұмытпағаны абзал. Өйткені, осы үлкен диалогтық алаңда білім деңгейі көрініп, пікір, тәжірибе алмасу, ел арасындағы түйіткілді мәселелердің шешілуі жолында тың идеялар ұсынылып, жүйелі жобалар жүзеге асады. Өткеннің кемшіліктерінен дұрыс нәтиже шығарып, жетістіктерін пайдалана отырып, болашаққа нық қадам жасай келе, жаңа таным, жаңа көзқараспен алға ұмтылу – Қазақ елінде тұратын барлық этнос өкілдерінің өз атқарған істерінен күткен нәтижесі.
Ең бастысы, әрбір Сессия Ассамблея құрылымдарының Қазақстан бойынша өткен жылдағы атқарған жұмыстарының қорытындысын шығаруға мүмкіндік береді және соның негізінде келелі жоспарлар жобасы жасалады.
Біз барлығымыз дамудың күшті қарқынымен бірге жүретін қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның қуатты трансформациясының куәсі болып табыламыз. Жаңа технологиялар адамзаттың дүниетанымын және адамдардың қоғамдағы қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуымен бірге, еліміздегі елеулі оқиға- Конституциямыздың 25 жылдығын атап өттік. Бұл барлығымыз үшін маңызды даталар болып қалады. Қазақстан халқы өмірінің осы межесіне жеткенде нағыз бірлік пен патриотизмнің, өз жеріне және халқына, оның мәдениетіне, жалпы құндылықтарына, мақсаттары мен міндеттеріне деген сүйіспеншіліктің барына нақты көз жеткіздім. Қазақстан-экономикалық және саяси табысты, бейбітті және тұрақты мемлекет.
Мен біздің халқымыз бірлік пен келісімді сақтай отырып, уақыт сынына адал жауап беріп, жаңа биіктерге жете алатынына сенімдімін.
Кабиева Айгүл
«Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы»
бірлестігі төрағасының орынбасары